Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Төл мерекеде төрге шығарды

Төл мерекеде төрге шығарды

28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің төл мерекесіне орай жылдағы дәстүр бойынша облыстық, аудандық байланыс және ақпарат саласының басшылары мен өкілдері, бүгінгі күнде кең қолданыстағы әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларының қатысуымен Қазалы ауданы әкімдігінде салтанатты жиын өтті.
Оны аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ашып, әрдайым ұшқыр қаламдарымен игі істерді дер кезінде халыққа жеткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына демеу болған журналистерді, телекоммуникация жүйесін жетілдіру мен тиімділігін арттыру жолында аянбай еңбек етіп жатқан байланысшыларды мерекесімен құттықтады. Бұдан соң, аудан басшысы сала мамандарына марапаттаулар табыстады.
Елдің ертеңі үшін қажыр-қайраты мен күш-жігерін аянбай жұмсап жүрген қаламгер-журналистер: облыстық «Сыр бойы», «Халық» газеттерінің Арал, Қазалы аудандары бойынша меншікті тілшісі Жұмабек Табынбаев және аймақтық «Тұран-Қазалы» газетінің жауапты хатшысы Сәуле Жалдыбаева Қазалы ауданының «Құрмет грамотасын» иеленді.
Сонымен қатар, мол тәжірибесін, кәсіби шеберлігін шыңдап, ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени салаларының дамуы мен нығаюы жолында еселі еңбек етіп келе жатқан «Евразия пресс» ЖШС-ның Қазалы ауданы бойынша бөлім басшысы Гүлсім Ақжігітқызы, Қазалы желілік техникалық цехының электромонтері Қожаберген Тілеуов, «Транстелеком» ААҚ Қазалы теміржол филиалының телеграфисті Қанағат Пірімбетова, «Қазалы» газетінің фото-тілшісі Ғалымжан Алдамжаров, «Қазалы» газетінің бас маманы Ырзық Оразғалиев, «Тәуекел туы» газетінің операторы Ерсұлтан Сыдық, Қазалы аудандық пошта байланысы торабының бас касса меңгерушісі Мейрамгүл Жұмамұратова, «Серік ТВ» телеарнасының режиссеры Эдуард Есмаханов аудан әкімінің «Алғыс хатын» және мерекелік сый-сияпаттар алды.
Жиын соңында аймақтық «Тұран-Қазалы» газетінің бас редакторының орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш, Қазалы желілік техникалық цехының бастығы Шамшадин Намазұлы әріптестеріне мерекелік лебіздерін білдірді.

А.МЕЙІРІМХАН
29 маусым 2018 ж. 1 747 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 75

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 78

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 61

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930