Ұлттық киім – ұлттың көркі
Қазақ «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап, қыз өсер» дейді. Бұл сөздің астарында терең мағына, байыпты мән жатыр. Анасына тартып туған қыздардың бірі – Светлана Кенбай. Шебердің қолынан шыққан қазақы нақыштағы ою-өрнектермен көмкерілген сапалы әрі сәнді тігілген ұлттық киімдерге сұраныс жоғары.
Тапсырыс қабылдап, тұтынушының талғамына сай керемет киім тігіп жүрген Светлананың тігіншілік қабілеті мектеп қабырғасында-ақ байқалған. Ол кезде ойыншық қуыршағына киім, тіпті көрпе-жастық тігіп алатын. Мектеп бітіріп, Шымкент қаласындағы «Жалын» әлеуметтік-педагогикалық колледжіне оқуға түскен кезінде де өзіне және құрбыларына белдемше, жейде, көйлек тігетін. Ол кезде анасы Нұрсұлудың ескі тігін машинасын өзі туған Тұрмағамбет Ізтілеуов атындағы ауыл мен Шымкент қаласының ортасында ерінбей алып жүретін.
«Әкем Кенбай Мыңжасаров жиһаздың түр-түрін жасайты ұста кісі. Тіпті, тракторды да құрастыра беретін. Анам Нұрсұлудың ауылда «пысық келін» деген аты бар. Нағашы әжем Жанай Әзірбекова алтын алқа иегері. Қырық жылдан астам сауыншы болып еңбек еткен. Өз заманында депутаттыққа сайланған өте белсенді болыпты. Ол кісінің қолынан келмейтін іс жоқ. Құрақ құрап, ши тоқитын. Киіз де басты, тоқыма тігудің шебері. Маған тігіншілікке деген қабілет, икем осы кісіден келген болуы керек. Мектепте оқып жүргенімде Ағылшын, Шәкизат, Зәуре апайларымнан да үйренгенім көп болды. Колледжден кейін Шымкент әлеуметтік-педагогикалық институтында жоғары білім алдым. Туған ауылым Т.Ізтілеуов атындағы №29 қазақ орта мектебіне информатика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Мекепте жүрген де де аймақтық, аудандық, облыстық шараларға жиі қатысатынбыз. Аудан орталығынан маталар алып келіп, мектептің тігін машинасымен тігетінмін», – дейді Светлана Кенбайқызы.
Осыдан төрт жыл бұрын Әйтке би кентіне келін болып түскен Светлана тігіншілікті тастаған емес. Бұнда «Жас Орда» жастар қоғамдық бірлестігінде жоба үйлестіруші болып, түрлі шаралардың өтуіне ұйытқы болды. «Шағала» балаларды сауықтыру-демалыс орталығында аға тәлімгер бола жүріп, балаларға бар білгенін үйретті. Тиянақты, тындырымды, белсенді жасқа берілген «Алғыс хаттар» мен мақтау сөздер жетерлік.
Кез келген ортаға тез сіңісіп кететін Светлана отбасында сыйлы келін. Ол ұқыпты, еңбекқор, жауапкершілігі мол жан. Жолдасы Талғат Сағидуллаұлы неке қидырған сәтте келіншегі қалап сұраған тігін машинасын сатып алып берген. Ол тігін машинасы заманға сай электронды түрде жұмыс істейді, он алты түрлі тігісі бар. Қазір бірыңғай осы тігін машинасын пайдаланады.
Ақжарқын қыз бізбен әңгімесінде кәсіпкерлік білім алу үшін оқымақ ниетте екенін жеткізді. Арнайы білім алған соң, шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламалар арқылы несие алып, шеберхана ашсам деген жоспары бар.
«Кез келген киімді тіге аламын. Тапсырыс бойынша жұмыс істеймін. Қазақы ою-өрнектермен безендірілген киімдер қай кезде де әдемі көрінеді. Осындай киімдерге тапсырыс түссе ерекше қуанып қаламын. Қазақтың ою-өрнектерінің әрбірінің өз мағынасы, айтар ойы бар. Ол ұлтымыздың бітім болмысы, мінезін көрсетеді. Ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті өмірде көбірек тұтынылса деп ойлаймын. Сол себепті, заманға сай етіп, ою-өрнектермен әшекейлеп, киім тігудемін», – дейді шебер.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.