Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасқыр ұстаған қой

Қасқыр ұстаған қой

Бұл оқиғаның тақырыбы ғана емес, өзі де қызық. Қой қалай қасқыр ұстайды? Егер Алла тағала қисынын келтірсе, қой да қасқыр ұстайды екен. Жә, ретімен баяндайық.

Анамның жаңа келін боп түскен кезі екен. Мезгіл қара күз. Сол баяғы айдаладағы екі үй қойшы. Әкей асау үйрете кетіп, сол күні қойды атам жаяды. Қияндағы қарайған нәрсе көріне беретін жазық жер ғой. Түс кезінде анам төбе басынан отар жаққа көз салса, атам құрыққа бөрікті іліп, бұлғап тұр екен. Шақырғанын түсініп тұра жүгіріп кете береді. Дауыс жетер жерге таянғанда «мылтық, күрек» деген сөзді естіп, қайта үйге қарай зырылдайды. Қасқыр шапты деп түсінеді. Таяп қалғанда үй сыртында «не болдылап» тұрған енесіне «мылтық, күрек» деп дауыстайды. Содан алдынан жүгіре шыққан әжеміз оқшантайды келінінің беліне байлап, мылтық пен күректі қолына ұстатады. Сөйтіп, ебіл-дебілі шығып атам тұрған жерге де жетеді ғой. Күрек қолына тиісімен ол кісі «Атқа мін қалқам» деп, өзі дереу бір інді қазуға кіріседі. Анам атқа мініп алып, қарап тұрады. Алдында борсық ұстағалы жатыр деп ойлапты. Бір кезде мылтықты оқтап, шүріппесін қайырып «Осылай даяр ұста» деп оқтаулы мылтықты ат үстінен төне қарап тұрған келініне ұстатады. Сәлден соң мылтықты ала салып, ін ішіне «гүрс» еткізіп бір атады. Тағы біраз қазған соң аттың құйрығына шылбырды шалып жіберіп, бір ұшын іннің аузына апарады да: «Қалқам сәл алға жүріңкіре. Қазір тағы атам, артыңа қарама. Мен «тоқта» дегенде тоқтайсың» дейді. Атасының айтқанын бұлжытпай орындайтын жас келін, мылтық тағы атылғанда да артына қайырылып қарамай отыра береді ғой. Сөйтіп, атамыз сол бетімен атты жетелеп, үйге қарай беттейді. Анам айтады: «Аттың бір ауыр нәрсені сүйретіп келе жатқанын сезем, бірақ, әкем (біздің өңірде көп келіндер қайын атасын «әке» дейді) «қарама» деген соң, қарағам жоқ. Тек үйге жеткен кезде ғана әкем: «Ал енді қарай ғой» дегені. Жалт қарасам, азу тісі ақсиған нән көкжал қасқыр сұлап жатыр. Өмірімде қасқырды жақын жерден тұңғыш көруім. Зәрем ұшып кетті. Аттың қай жағынан секіріп түскенім есімде жоқ, дереу үйге зып бердім. Әлден уақытта қайта шықсам, әкем қасқырдың терісін сыпырып, жайып қойыпты. Бұрыңғыдай қорқынышты емес екен. Сөйтіп, сыр білдірмей жүре бердім.

Несін айтасың, содан кейін біздің атымыз дүркіреді дейсің. Әкем қандай ақкөңіл, сұрағандарға «Келінім қасқыр соқты» деп мақтанып, әлгі қасқырды көреміз деп талай кісі жер түбінен келіп-кетіп жатты. Ақыры сол қасқырдың терісін аудан орталығы басшылары арнайы сұратқанда әкем: «бізге атағы да жетеді» деп сөзге келместен берді де жіберді. Мені жұрт «Қасқыр соққан келін» атай бастады. Содан ыңғайсызданып мен: «Әке-ау, қасқырды өзім аттым» десеңізші» десем, «Е, қалқам-ай, жақсы атың шыға берсін деп жатырмын. Құдайдың өзі беріп тұрғанында, оңай олжа, оңай атақ осылай кездеседі. Егер сен мылтық әкеп бермесең, қорықпай қасымда тұрмасаң мен сол қасқырды атып алар ма едім» деп күліп, осындайдағы әдетінше мына бір оқиғаны айтып берген еді» дейді.

Ертеректе бір кедейлеу адамдардың екі қойы бар екен. Оны ұзын жіппен қосақтап қыздарына бақтырады ғой. Бір күні қаңғыған қасқыр екі қойға шабады. Қазіргі қойлардай емес, киіктей орғып тұрған қазақы қой қандай шапшаң. Құйғытып келген қасқырдан үркіп бірі жалт бергенінде, әлгі қасқыр екпінімен ортадағы жіпті кеудесімен соққан. Содан опыр-топыр болады. Қасқырдың екпіні күшті. Екі қой қасқырдың арқасынан асып, қарама-қарсы домалап түскен. Шошып кеткен қыз қолындағы тасты қойға қарай лақтыра салып, үйге безе жөнеледі. Қасқыр көрмеген қыз бара салысымен: «Қойлардың ортасына ит сияқты бірдеңе байланып қалды. Мен тасты лақтыра салып қашып кеттім» дейді. Содан қыз әкесі бақанды қолына алып, жүгіріп жетсе, екі қой ұзын жіпті екі жаққа шірене тартып әлі тұр дейді. Қасқыр болса, сол жіпке буынған қалпы сеспей қатқан. Содан әлгі кісі: «Менің қойларым қасқыр ұстап, қызым әлгі қасқырды таспен ұрып өлтірген» деп мақтанады екен. Менікі де сондай мақтан ғой» деп әкем жарықтық күліп отырушы еді» дейді анам. 

Міне, қойдың қасқыр ұстауының сыры осы екен...

Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ
23 қаңтар 2018 ж. 5 519 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 69

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 64

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930