Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұндай сапар бұрын-соңды болмаған

Мұндай сапар бұрын-соңды болмаған

Ақылдың өсіп-өніп зораймағы –
Көрген, білген нәрседен ғибрат алған.
Есітіп, біліп, көз көріп, ойға салмақ,
Өткен істен адамзат бір үлгі алмақ, – деп Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай, адамның саналы ғұмыры ғибратқа толы. Кез келген әсерлі сәтті санада саралай қарасаңыз, жадыңа жақсы ойлар ұялайды. Тек уақытты ұтымды пайдалана білсеңіз болғаны. Сол сияқты, біздің Мәскеуге сапарымыз да жүрекке жылы шуақ құйды. Сырт елдегі күндер сан түрлі сырларды көңілге тоқытты.
«Біздің сапарымыз» деуімнің себебі, құрамында облыс әкімінің кеңесшісі Динара Бисембина, «Сыр медиа» серіктестігі бас директорының орынбасары Қаныбек Әбдуов, сондай-ақ аудандық газеттердің журналистері Н.Байгенже, Н.Пірімбет, Д.Садық, М.Құрманәли, Б.Жанәлі, Ә.Батырбеков бар делегация Ресей астанасына аттандық. Дәлірек айтсақ, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті ұйымдастырған Х халықаралық «БАҚ және бұқаралық коммуникация» оқылымына қатысу үшін шұғыл жиналдық. Бізге ақжол тілеген «Сыр медиа» серіктестігінің бас директоры Аманжол Сақыпұлы бұл сапарды айтулы тарихи оқиғаға балады. «Шет елге халықаралық дәрежедегі шараға барып, кәсіби біліктілікті арттыру бұрын-соңды аймақ журналистикасында болмаған. Мұндай мүмкіндікке облыс әкімінің қолдауының арқасында қол жеткізіп отырмыз», – деді ол.

Мәскеудегі мәнді мәжіліс

Жаһан журналистерінің ұстаханасы болған ұяда өткен Х оқылымның тақырыбын «БАҚ-тың сандық түрленуі: аймақтық, ұлттық және глобалдық мәселелері» деп атапты. Себебі, басқосудың шымылдығын ашқан М.Ломоносов атындағы ММУ журналистика факультетінің деканы Елена Вартанова Ресейдегі және әлемдегі ақпарат құралдары жаңа заманның шақыруларына лайықты жауап беруі тиіс дейді.
«Цифрландыруға көшкен немесе бейімделген БАҚ қана (телеарна, радио, интернет ресурс, мерзімді басылым) бәсекеге қабілетті бола алады. Сондықтан, «Цифрландырудың ғаламдық трендтері қандай?» «Халықаралық тәжірибе не дейді?» «Сандық түрленудің нендей түйткілді мәселелері бар?» деген сауалдарға жауап іздейтін боламыз», – деді ол.
Италиялық ғалым Паоло Манчини: «Әлемде ақпарат ағыны қатты. Дегенмен, әр ақпарат көзінің мақсатты аудиториясы бар. Осы тұста бәріміздің басымыз қосылады. Ақпаратты «тауар» десек, сапалы тауарды өткізудің тәсілдері мен тәжірибесін саралауға келгенде ынтымақтастық орнатудың тиімділігі зор», – деген ойын жеткізді.
Ұлыбританиядан келген Массимо Рагнеданың айтуынша, ақпараттық қоғам дамуы адамдар арасына жік туғызды. Өйткені, әлі күнге дейін ақпараттық технологияға қол жеткізе алмай отырған адамдар баршылық.
«Қазіргі заманда көрсетілетін қызметтің түгелдей дерлігі цифрландырумен тікелей байланысты. Осы орайда ұлтына, дініне, салтына қарамастан қоғамның кез келген мүшесінің сандық сауаттылығын арттырудың тетіктерін іске қосу қажет», – деді.
Сонымен қатар, Ханну Ниеминен (Финляндия), Лю Янь (Қытай), Моновара Бегум Мони (Германия), Малини Сринвасан (Үндістан) сынды атағы асқан ғалымдар дәріс оқып, көпшіліктің сұрағына жауап берді. Жалпы, екі күнге созылған конференцияға әлемнің оннан астам елінің, Ресейдің, ТМД мемлекеттерінің медиасарапшылары қатысты.
Жаһандану жағдайында жаңалық таратудың тиімділігін арттыру мәселелерін талқылаған жиын секциялық жұмыстар бойынша жұмысын жалғастырып, онда ғалымдар мен студенттер әлеуметтік сауалнамалар мен ғылыми зерттеулерін ортаға салды. Мәселен, ғалым Александр Колесниченко цифрландырудың «сиқыры» журналистика саласын жанрлық-тақырыптық дағдарысқа түсіргенін айтты. Тіпті, дәлелдері бар. Ресейдегі «ТАСС», «Интерфакс», «Известия», «Лента.ру», «РБК.ру» секілді 15-ке жуық танымал әрі оқылымды ақпарат көзінің жанрлық сипатына талдау жасаған. Нәтижесінде, БАҚ-та негативті қысқа ақпараттар, шоу-бизнестің өсек-аяңдары ең көп оқылатынын байқаған. Ал сайттарда сараптамалар мен журналистік зерттеулердің үлес салмағы өте аз. Сондай-ақ, мультимедиялық элементтердің 70 пайызы ақпарат құралдарындағы материалдарға түк қатысы жоқтығы анықталды.
«Мысалы, қылмыс орын алса, кісен, темір тор секілді иллюстрациялық сурет жүктей салатын әдет пайда болған. Журналистің қолында мультимедиалық мүмкіндігі жоғары құрылғы бола тұра өз материалына суретті өзі түсіріп беруге ерінеді. Интернеттен көшіріп алғанды оңай көреді. Бәрінен бұрын, рейтинг қуған сайттар журналистиканың жанрларын «өлтіріп» жатыр. Бұл кәсіби журналистикаға сұраныс азайды деген сөз. Ал шоу-бизнес жұлдызы туралы қауесет жазатындарды, «атып кетті», «апат болды», «сотталды» деп қысқа қайыратындардың дәурені жүріп тұр. Бұларды журналист деуге бола ма? Жоқ!» – дейді А.Колесниченко.
Сондай-ақ, сырбойылық шығармашылық топ «ТМД журналистік білім беру мәселелері» атты дөңгелек үстелге қатысты. Онда М.Ломоносов атындағы ММУ журналистика факультетінің деканы Елена Вартанова, Журналистика және бұқаралық коммуникация университетінің (Өзбекстан) ректоры Шерзод Кудратходжаев, Беларусь мемлекеттік университеті журналистика факультетінің деканы Ольга Михайловна, Тампере университетінің (Финляндия) профессоры Каарле Норденстренг, Қырғыз-Ресей университетінің профессоры Алексей Куликовский, Санкт-Петербург университетінің профессоры Анатолий Пую және т.б болды.
Сарапшылар журналист кадрларды дайындау, заманауи медиаға бейімделу тақырыбындағы пайымдарын ортаға салды.
«Сарыжағал басылымдар мен блогерлер жылдам хабар таратуда журналистің алдын орап кетуі мүмкін, бірақ олар дәлдік, кәсібилік, шынайылық тұрғыда журналистің алдына түсе алмайды. Демек, журналист мамандарды әзірлеу жүйелі түрде жалғасын табады», – деген өзбекстандық Шерзод Кудратходжаев журналистикада оқитын бірінші курстың студенттерін телеарналарға іскерлік тәжірибеге немесе жұмысқа жіберуге болмайтынын жеткізді. Өйткені, олар «жұлдыз» ауруына шалдығып, кәсіби кемелдікке жете алмайды. Сөздік қоры да жұтаң келеді. Шерзод Кудратходжаевтың айтуынша, жас тілші ең алдымен жазуға машықтануы тиіс. Журналистиканың жанрларын терең меңгерген маман кез келген ортаға сіңе алады.
Ал “Сыр медиа” ЖШС бас директорының орынбасары Қаныбек Әбдуовтың «Қағаз-газеттің келешегі қандай болмақ?» деген сауалынан кейін дөңгелек үстелде пікір-талас қыза түсті.
«Ертелі-кеш қағаз-газет жұмысын тоқтатып, электронды нұсқаға көшеді. Газет басылып жатқанда, ондағы ақпараттар ескіріп кетеді. Сондықтан, газеттің форматы өзгеріп, дизайны гаджетке ыңғайланады», – деген Шерзод Кудратходжаевқа профессор Елена Вартанова «мерзімді басылым жойылады» деп кесіп айтуға болмайтынын жеткізді.
«Саланың бәрі цифрлық жүйеге өтетіні сөзсіз. Газет те цифрлық жолды таңдайды. Әлбетте, таралымы азаюы мүмкін, бірақ газетке жарияланған мақаланың маңыздылығы мен сапасы кемімейді. Шексіз цифрдың шынайылығына шүбә көп. Сол себепті, әр елдің білім саласына жауапты орган өскелең ұрпақтың газет оқу, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытында шаралар қабылдау қажет. Жастар жаңа медианы мықты меңгерген. Бұл жағынан келгенде біз оларға жол береміз. Ал біздің мақсатымыз – олардың сапалы контент таңдауына ықпал ету», – дей келе Елена Вартанова ТМД-дағы журналистерді даярлайтын жоғары оқу орындары бірігіп, дискуссиялық клуб құру туралы ұсынысын білдірді. Ұсынысты көпшілік бірауыздан қолдады.
Айта кетейік, конференцияның жабылуында Ломоносов атындағы ММУ-дың журналистика факультеті басқосуға қатысып, пікірлерін ортаға салғандарға, соның ішінде Қызылорда облысынан келген делегацияға арнайы алғысын білдірді.

Қыршынынан қиылған қаһарманға құрмет

Біз біліктілігімізді арттырып ғана қойған жоқпыз. Рухани тынысымызды, танымдық көкжиегімізді де кеңіттік деуге толық негіз бар. Қызылордалық азаматтар туған жерден жырақта жүрген аз уақыттың бір бөлігін елдік мүддеге бағыттап, ұлттық ұлағатқа ұштастыра білді. Бағытымыздың басы Мәскеу төріндегі Кеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлова атындағы гимназияға барудан басталды.
Оқу ошағының кіреберісінің маңдайшасындағы «Әлия Молдағұлова атындағы №402 гимназия» деген жазуды көргенде кеудемізді мақтаныш кернеді. Расында, қан майданда ерлікпен қаза тапқан қазақтың батыр қызының есімін Мәскеу жұрты әлі күнге ардақтауда. Өнегесі жас ұрпақтың жадында жаңғырып тұрғанын байқау қиын емес. Жүректегі жауынгер жайлы әсерлі ойдың жетегімен білім ордасының ішіне ендік. Бізді мектеп директоры Юлия Литвиновамен бірге бір топ ұстаздар жылы шыраймен қарсы алды.
«Қош келдіңіздер! Қазақстаннан мектебімізге қонақ көп келеді. Сіздердің келетіндеріңізді естігенде де қатты қуандық. Біз қазақтарды жақсы көреміз. Әлиядай қаһарман қызды өмірге әкелген халыққа құрметіміз алабөтен», – деген лебізбен Юлия Сергеевна бізді мектептегі Әлия Молдағұлова атындағы музей төріне бас­тады.
Еңселі ғимаратта ғибратқа толы көрнекілік қоры көп екен. Әсіресе, екінші қабаттағы Әлия Молдағұлованың өмірі өрнектелген, ерлігі бейнеленген қабырға көзге оттай басылды. 1975 жылы Әлияның майдандас мерген құрбыларының бастамасымен ашылған мұражай да осы қабатта орналасыпты. Мұнда музейдің жетекшісі, бастауыш сынып мұғалімі Наталья Николайқызы Степанова күтіп алды. Сол сәтте біздің назарымыз ұстаз жанында жиналып тұрған «Саламатсыз ба?» деп сәлем берген өрендерге ауды. Бұлар мектеп табалдырығын биыл аттаған бірінші сыныптықтар болуымен бірге, музейдің жас экскурсоводтары. Бұл іске оларды Н.Степанова баулуда. Ұлтымыздың салт-дәстүрін, музыкалық аспаптарын, киім-кешектерін, мемлекеттік рәміздерін, жалпы қазақ халқының тыныс-тіршілігін, яғни өзіміз туралы өзімізге қызықты ғып айтып берген балғын шәкірттерге риза болдық. Кеңес Одағы Батырының жарық жұлдыздай келте ғұмырымен, Ұлы Отан соғысымен байланысты жәдігерлер жайлы да тәптіштеп түсіндірді.
Экскурсия соңында өз атымыздан бірінші сыныптан бастап Әлия Молдағұлованың ерлігімен таныстырып, өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа үлгі етіп жатқан мектеп ұжымына алғыс айтып, қазақ қолөнершілерінің туындыларын табыс еттік. Мұражайдан шығып, білім ордасы алдындағы батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тәу еттік. Артынша мектеп мұғалімдері жайылған дастарқаннан дәм татуға шақырды. Ендігі емен-жарқын әңгіме шәй үстінде жалғасты.
– Наталья Николаевна, мектеп қай жылы ашылған? – деп әңгімеге тартты Қаныбек Әбдуов музей директорын дастарқан басында.
– 1971 жылы. Білетін шығарсыздар, 1935-1938 жылдар аралығында Әлия Мәскеудегі №35 мектепте оқыған. Кейін ол мектеп сүрілген. Ал біз жұмыс істеп жатқан білім шаңырағы 1971 ашылып, 1998 жылы батыр аты берілді. 2013 жылы 26 маусымда жергілікті әкімдіктің №287 бұйрығы бойынша №891, 402, 761, 856, 880 мектептер қосылып, ол Әлия Молдағұлова атындағы №402 мектеп-гимназия болып қайта құрылды. Мектеп маңайындағы ұзын көшенің бірі оның есімімен аталады. Қысқаша тарихы осылай. Ал 2005 жылы Ұлы Жеңіске 60 жыл толғанда, Әлия Молдағұлованың 80 жылдығы қарсаңында батырдың ескерткіш-бюсті бой түзеді. Бір қызық айтайын, осы ескерткіш ашылғанда көшеден өтіп бара жатқан адамдар біздің мектепке Путин келді деп ойлаған екен.
– Неге?
– Өйткені, сол шарада жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды. ТМД елдерінің елшілері, әскерилері, қазақстандық делегация, қазақ диаспорасының өкілдері көп келді. Мәскеу қаласы әкімшілігінің лауазымды қызметкерлері мен майдангерлер де жиналды. Ауқымды шараны жергілікті тұрғындар да таңдана тамашалады, – деп аз тыныстап, әңгімесін ары қарай жалғады. – Батырдың бюстін жасаған мүсінші Әбішевті қатты құрметтейміз. Бірақ бұл арада сол кездегі Қазақстанның Ресейдегі елшісі Қырымбек Көшербаев мырзаны атамай өту мүмкін емес. Ол «қазақтың батыр қызы атындағы мектеп бар, ал жерлесімізді еске түсірерлік ешнәрсе жоқ, осы жөн бе?» деп ескерткіш орнатудың қамын жасады. Бүгінде мектебіміздің ұстаздары, оқушылары тарихи-мәдени нысанға ерекше құрметпен қарап, маңайын тазалап отыруды өздеріне міндет санайды.
– Сіз айтып отырған кісі Қызылорда облысының әкімі. Біз сол аймақтан келдік.
– Қандай тамаша?! Мүмкіндік болса, оған біздің атымыздан сәлем айтыңыз. Оның мезгілінде жасаған жақсылығын ұмытпаймыз. Біріншіден, біз, мұғалімдер осылай қонақтармен бір үстелдің басында ешқашан отырған емеспіз. Көшербаев келді де дастарқан жайғызып, мектеп мұғалімдерін, қазақстандық делегация өкілдерін шақырды. Дастарқанның үстін жайнатып қойды. Түрлі тәттілер, буы бұрқыраған шай… Сосын бізге қазақтың ұлттық тағамы бауырсақ ұсынылды. Өте дәмді екен, дәмін әлі ұмытқан жоқпын. Бұл кез 2005 жыл еді. Осы сәттен бастап біз дастарқан жаюды дәстүрге айналдырдық. Және де Әлия ескерткіші сол кісінің ерен еңбегінің арқасында қойылды.
– Біздің сапарымызға да сол кісі қолдау көрсетті… – дей бергеніміз сол еді Наталья Степанова тағы да сөзімізді бөлді:
– Көрдіңіз бе, оның болмысы сондай. Басқалардың бақыты үшін өмір сүретін адам. Менің ойымша, ол «учитель от Бога». Адамдарға бағыт-бағдар береді, бұған қоса заман көшіне де ілесіп, үнемі үйреніп жүреді. Мен соны байқадым, – деп ағынан жарылған ол басқосудың соңында қазақы дәстүрге сай ортамыздағы үлкеніміз Қаныбек Шәрібекұлынан бата сұрады. Мұғалімдер де, оқушылар да қолын жайып, аумин десті. «Берген астың тоқтығы кешке дейін жетпейді, сол ықылас әлі естен кетпейді» демекші, мектеп ұжымының қазақ ұлтына деген ыстық ықыласы мен достық пейіліне көңіліміз тойып қалды.
Айтпақшы, 1800 оқушы білім алатын мектепте «Әлия» атындағы медиа студия жұмыс істейтінін атап өтпеске болмайды. Соның ішінде «Гимназия хабаршысы» газеті әзірленеді және теле студия жасақталған. Орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Елена Палицкая жетекшілік ететін шығармашылық ұжымда журналист болғысы келетін оқушылар топтасқан. Шәкірттер мақала жазып, сюжет жасап, өнерлерін шыңдауда. Олар газеттің бір санын Әлия Молдағұлованың ғибратты да, тауқыметті ғұмырына арнапты. Жас тілшілер Сыр өңірінің журналистерін де таспаға түсіріп, көрген-түйгенін қаламымен қағазға түртіп алып жүрді. Сонымен қатар, Динара Бисембина бастаған делегация мүшелеріне журналистика саласына қатысты сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

«Өкінбеймін өлгенім жоқ текке мен»

Әлия атындағы мектептен абыройымыз асқақтап шыққаннан кейін Ваганьково қорымына ат басын бұрдық. Тарихы XVIII ғасырдан бастау алатын қорымның аумағы үлкен әрі Мәскеудегі, тіпті ТМД-дағы ең әйгілі зират. Өйткені, мұнда атағы алты қырдан асқан тұлғалар «қоныс тепкен». Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың да сүйегі осында жатыр. Ваганьковоға келген мақсатымыз да осы – жерлесіміздің рухын шаттандырып, Құран бағыштау. Елден шыққанда білетіндерден Ғанидың қабірінің мекен-жайын сұрағанбыз, олар «19 бөлікте жатыр» деген. Алайда, даңқы дара шыққан тұлғаның бейітін таппай бір сағаттай әуреге түстік. Сөйтсек, оны іздеудің түк қиындығы жоқ екен. Қорым қараушыларға барып, іздеп жүрген о дүниелік адамның атын атасаң болды. Олар «Ғани Мұратбаев» деп компьютерге салып жіберіп еді, нақты қайда жерленгені шыға келді. Жерлесіміздің мүрдесі 20-2 бөлігінің 13 қатарында орналасыпты.
«Аруақ сыйлаған азбайды» дегендей, Сыр елінің азаматтары моланың маңайын көміп тастаған алуан-алуан күзгі жапырақтан тазартты. Құлпытасын мұнтаздай етіп сүртіп еді:
Өкінбеймін өлгенім жоқ текке мен,
Өшкенім жоқ күңгірт тартқан сәуле боп.
Ей, достарым, жарқыраңдар, жаныңдар,
Бықсымаңдар, болмашыны әурелеп, – деген өлең шумағы көрінді. Киелі орынға құрмет көрсетіп, гүл шоғын қойып, Құран оқып жатқан сәтімізде көктен жаңбыр да құя жөнелді. Мұны жақсылыққа жорыдық. «Нұр жауды», «Ғанидың аруағы разы болды» дестік.
Десек те, осы сапарда санамызға салмақ түсірген сан сұрақ жауапсыз қалды. Кеңес Одағының жастарын аузына қаратқан пассионар жерлесіміздің жұлдызының жарқырауы қандай кесірлі саяси күшке жақпай қалды? Алақайлап шаттанатын қазақ жігітінің денесін неге христианша жерленген қалың қауымның қақ ортасына қойған?.. Бір білеріміз, «Бүкіл азаматтың келешегі – жас жеткіншектердің қандай идеал негізінде тәрбиеленіп, қалай өсуіне, кемелденуіне байланысты» деп заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов айтпақшы, Ғани Мұратбаев қазақ жастарының өнеге тұтар мәңгілік көшбасшысына айналды. Өмірден ерте өткенімен, есімін тарихтан ешкім де ешқашан өшіре алмайды.
Сонымен қатар, сапарымыз Ресей жерінде лайықты құрмет биігінен көрінген тағы бір ұлт ұлына арналған қасиетті орынға тағзым етумен жалғасын тапты. Алып мемлекеттің бас қаласындағы орын тепкен Абай Құнанбайұлының ескерткіш-бейнесі мерейімізді тасытты. Ой үстіндегі кейпі оның бар халыққа ортақ тұлға екендігін танытып тұрғандай. Биік тұғырға қонған Хәкімнің жалпыадамзаттық гуманистік пайым-парасаты, асқақ болмысы жанынан өткен көпшілікті тәнті етуде.


Сыр елінің үкілі үміттері

Сыр елінен барған делегация Мәскеу қаласындағы Ұлттық технологиялық зерттеу университетінде қызылордалық жастармен жүздесті. Кездесуге 80-ге жуық студент келді.
«Өздеріңізге белгілі, облыс әкімдігі мен Ресей Федерациясының университеттері арасындағы екіжақты меморандумға сәйкес, 2014 жылдан бері қызылордалық жастар Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларындағы маңдайалды оқу орындарында тегін білім алуда. Яғни, гранттар Ресейдің есебінен. Мұндай мүмкіндікке өзге өңірлер арасында қол жеткізген жалғыз аймақ. Соның арқасында екінің бірінің қолы жете бермейтін Мәскеудің үздік оқу орындарында оқып жатсыздар. Осының қадірін түсініп, білікті маман атанып, еліміздің дамуына үлес қосады деп сенеміз. Ең бастысы, армандарыңыз асқақ болсын. Екіншіден, дамыл таппай, еңбек етсеңіздер, болашақтарыңыз жарқын болатынына күмән жоқ», – деді Динара Асқарқызы.
Ал қаламгер Қаныбек Шәрібекұлы елдің сәлемін жеткізе келе, аймақ басшысы Ресейдегі қазақ студенттеріне үкілі үмітпен қарайтынын тілге тиек етті. Алыста жүрген ел түлектері де өздеріне артылған сенім жүгін абыроймен ақтайтындықтарын жасырмай, ағынан жарылды. Қазалылық Ақерке Жорақызы: «Мамандығымды алып, Отанына оралып, туған жерді түлетуге атсалысамын» десе, Тұран төрінен барған Ислам Нұран есімді тағы бір жас бізбен өткен жүздесу туған жерімен қауыштырғандай күй сыйлағандығын ақтарыла айтып жатты.
Биыл магистрант атанған Асылан Қасен болса: «Бізді іздеп келіп, басымызды қосқандарыңыз үшін сіздерге алғыс білдіргім келеді. Басқа облыстар жерлестеріне бұндай қамқорлықты көрсетіп жатқан жоқ. Біз болсақ, әкімшілік тарапынан да тиімді қолдауды сезініп жүрміз. Бұл бізге жоғары жауапкершілік жүктейді», – деп жүрекжарды сөзін ортаға салды. Ал ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленіп жүрген Айсана Өрікбай қарындасымыз: «Ең бірінші алғысты облыс әкіміне айтамыз. Сол кісінің ілкімді іскерлігінің арқасында Ресейде білім алуға мүмкіндік туды. Жақында бір шарада Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетовпен кездестік. Маған «Қайдан боласың?» деп сұрады. «Сыр елі» деп едім, «Көшербаевтықтар екенсіңдер ғой» деді. Иә, бізді мұнда «көшербаевтықтар» деп атайды. Екіншіден, бізді осында білім алуға қорықпай жіберген ата-анамызға алғыс айтамыз. Бұйырса, 500-ден аса маман Қызылордаға барып жұмыс істейді деген ойдамын. Қазіргі таңда 50-ге жуық түлек елге оралып, еңбек етуде. Біразы осында магистратураға түсіп, білімін жетілдіріп жатыр», – деген ой-пікірін жеткізді.
Агрохимия мамандығын игеріп жатқан Айсана Өрікбайдың айтуынша, Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында білім алушы қызылордалық жастар бір ассоциацияға біріккен. Қауымдастықтың аты «Орда» деп аталады. Туған жер, өскен орта, кіндік қаны тамған атамекеннен жырақта жүрген қаракөз қандастарымыз бір үйдің баласындай бірін-бірі бауырына басып, студенттік күндерін өткізуде. Олардың мақсаты айқын. Жалынды жастардың басын білім, ғылым, мәдениет, өнер, өркениет, әдебиет әлеміне деген қызығушылық біріктірген. Бұл қауымдастықты сонау ХІХ ғасырдың ІІ жартысында Санкт-Петербург университетінде білім алған Барлыбек Сыртанов, Бақытжан Қаратаев, Мәмбетәлі Сердалин, Бақтыгерей Құлманов, Абдолла Теміров сынды бір топ қазақ жастары негізін қалаған «Жерлестер» ұйымының, 1960 жылдары Мәскеуде оқыған қазақ студенттері тарапынан құрылған «Жас тұлпар» сұхбат-талқылау клубының жалғасы, ұрпақтар сабақтастығының шынайы көрінісі ретінде бағалауға болады. Сондықтан, «Орданың» да тарихта орны ерекше боп қаларына сенеміз.
– Мен де аудандық партия комитетінің бірінші секретарының баласымын ғой, оқуыма болатын еді, бірақ біздің қолымыз жетпеген Мәскеудің, Санкт-Петербургтің ең жоғары, керемет оқу орындарында балаларымыз оқып жатыр. Олар ертең елге келгенде Сыр елінің үлкен элитасы болады. Жаңа жобаларды алып келеді. Біздің атмосферамыз өзгереді. Сыр елі, шынында да, лайықты тұғырына көтерілу үшін олар өзіндік үлес қосады деп ойлаймын. Бір жағынан біздің елдің перзенттері деп, тіпті өз балаларымдай жақсы көремін, – деп аймақ басшысының жиындардың бірінде айтқан сөзін енді жете түсіндік.
Иә, солтүстік елдегі Сыр жастарының жүздері балбұл жайнап тұр. Іні-қарындастарымыздың елжіреген жүрегінен Отанның қадіріне жетіп келе жатқаны да сезіледі. Расында олардың отты жанарын көріп, Тәуелсіз Қазақстанымыздың жемісті келешегін көргендей күйге ендік.
Кездесу соңында сырбойылық топ жырақтағы студенттерге арнайы апарған елдің дәмін – құрт, ірімшік, қауынішек, қауынқұрт, қазы-қарта, «Қазалы» кәмпиті, қарбыз және тағы басқа тағамдардан ауыз тигізді.

Қорытындылай келе айтарымыз, Мәскеу сапарынан түйгеніміз көп. Оның бәрін бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Мәселен, Ломоносов атындағы ММУ журналистика факультетінің студенттерді даярлауда теориядан гөрі тәжірибеге басымдық беруі, студенттердің факультеттің жанынан ашылған радио, газет, журнал, телеарнада жұмыс істеп, шығармашылығын шыңдап жатқаны бізді қызықтырды. Журналистиканың қыр-сырын зерттеп-зерделеген конференцияға қатысушы ғалымдардың пайымдары да оң әсер етті. Тәжірибеміз біршама толысып, өрісіміз кеңіп қалғаны рас. Бұдан бөлек, Абай Құнанбаевтың ескерткішіне, Әлия Молдағұлова атындағы мектепке, Ғани Мұратбаевтың зиратына барғанымыз да жүрекке қайталанбас сезім сыйлады. Ал Ресейдегі Сыр жастарымен жүздесіп, тұрақты байланыс орнатқанымыз да өз алдына бөлек әңгіме. Алдағы уақытта әрбір студенттің тыныс-тіршілігі туралы газетіміздің бетінде жариялап отыратын боламыз.

Дәурен СЕЙТЖАНҰЛЫ,
Қызылорда-Мәскеу-Қызылорда

30 қазан 2018 ж. 1 476 0

Форум: Прогресс һәм жастар

28 желтоқсан 2024 ж. 96

Байқаңыздар, балақай!

28 желтоқсан 2024 ж. 97

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031