Түлектерге білім гранты бөлінеді
Астана қаласында Қызылорда облысының әкімдігі мен Еураз ЭО Парламентаралық Ассамблеясы жанындағы университет арасында әріптестік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Келісімге сәйкес университет қызылордалық мектеп бітірушілерге жыл сайын білім гранттарын бөлетін болады.
Кездесу аясында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймақта жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша студенттерді оқытып, жұмыспен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
– Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы бойынша біздің облыс қазір үздік 5 аймақтың қатарында, ал 5 жыл бұрын соңғы 16-шы орында болатын. Ресейдің жетекші техникалық университеттерімен тығыз байланыс орна¬тудың арқасында бүгінгі күні 452 мектеп бітіруші Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында үздік жоғары оқу орындарында білім алуда. Биыл студенттердің алғашқы легі диплом алады, олардың жұмысқа орналасу мәселесін алдын ала пысықтап жатырмыз, – деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде университет ректоры Ерлан Ысқақов ЕуразЭО Парламентаралық Ассамблеясы жанындағы университет туралы айтты. Осыдан 20 жыл бұ¬рын құрылған университет құрамында 3 институт, 4 факультет пен 17 кафедра бар. Негізгі мамандықтары – «Бизнес-информатика», «Юриспруденция», «Сервис», «Ту¬ризм», «Экономика», «Менеджмент», «Кеден ісі», «Жарнама және жұртшылықпен байланыс», «Конфликтология», «Дизайн», «Қолданбалы көркемөнер және ұлттық кәсіпшілік», «Сауда ісі», «Психология».
– Қызылорда облысы алғашқылардың бірі болып кадрларды дайындау саласында әріптестік орнату бойынша ұсынысымызға келіскеніне өте қуаныштымыз. Қазіргі таңда мамандарды даярлау мәселесінде жеке көзқарас тиімді. Биыл университетімізде қосылған жаңа бағыттардың бірі – бизнес-информатика. Бұл мамандық аясында студенттер цифрлық экономика дамыған заманда өзекті салалардың бірі – блокчейн мен криптовалюталарды зерттейтін болады, – деді Ерлан Ысқақов.
Сонымен қатар, университет өкілдері қызылордалық мұғалімдер мен ғылыми қызметкерлерді Нобель сыйлығының лауреаты Жорес Алферов басқаратын Еуразиялық ғылыми форумға қатысуға шақырды. Форум жыл сайын күзде ТМД елдерінің қатысуымен өтеді.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен ЕуразЭО Парламентаралық Ассамблеясы жанындағы университет ректоры Ерлан Ысқақов қол қойған меморандум аясында тараптар бірлескен іс-шаралар мен жобаларды қолға алып, университет оқуға түсу сынақтарынан сәтті өткен қызылордалық түлектерге жыл сайын 10 грант бөлетін болады.
2014 жылдан бастап Мәскеу болат және қорытпалар институты, Санкт-Петербург өсімдік полимерлері мемлекеттік технологиялық университеті, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті мен И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті қызылордалық түлектерді аймаққа қажетті мамандықтар бойынша оқыту үшін гранттарды бөліп келеді.
Сонымен қатар, биылдан бастап қызылордалық жастар үшін «Киберқауіпсіздік» және «Математикалық процестерді модельдеу» мамандықтары бойынша М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасына 20 грант бөлінетін болады.
Одан бөлек, сырбойылық жастарды Қазан қаласындағы «Иннополис» университетінде оқыту туралы келісім жасалды, Мәскеудегі «Сколково» инновациялық орталығымен әріптестік орнату жоспарлануда.
Сондай-ақ, жыл сайын облыс әкімінің гранттары есебінен ауылдық жердегі аз қамтылған отбасылардан шыққан 100-ге жуық жас білім алып жатыр, қазіргі таңда грант иелерінің саны 700-ге жетті. Биыл грант саны 200-ге жеткізіліп, оның 70%-і ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтарға бағытталатын болады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.