Балшыққа «жан бітірген» бала
Қолдары смартфоннан босамайтын өскіндер арасынан қызығушылығы мен құмарлығы бөлек өскінді көріп, көңіліміз марқайды. Үздік оқушы, түрлі пәндік, шығармашыл жарыстардың жеңімпазы Арманның арманын өзгелерге үлгі етуге асықтық.Қолөнер – төзімділік пен талғам, ізденіс пен іскерлікті талап ететін өнер. Оның қадірін бала жастан түсініп, қыштан бұйым жасауды үйреніп жүрген балалардың бірі – Арман Байқабылдың шеберлікке деген ықыласы бүгінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келеді.
Қыш өнері – баланың қол икемін келістіріп, ойлау жүйесі мен шығармашылық қабілетін дамытатын ерекше өнер түрі. Балшықты илеп, оған белгілі бір пішін беру, ойындағы бейнені нақты дүниеге айналдыру барысында бала қиялын ұштап, ізденуге дағдыланады. Бір қарағанда қарапайым көрінетін жұмыстың астарында үлкен танымдық және тәрбиелік мән тоғысқан.
Әсіресе қыш бұйымдарын жасау адамнан шыдамдылық пен ұқыптылықты талап етеді. Өйткені кез келген бұйым бірден дайын бола қоймайды. Оны қалыпқа келтіру, бөлшектерін үйлестіру, тегістеу, кептіру және өңдеу секілді бірнеше кезеңнен өткізу қажет. Жұмыс барысында бала бастаған ісін аяқсыз қалдырмауға, әрбір бөлшекке мұқият қарауға және еңбегінің нәтижесіне жауапкершілікпен қарауға үйренеді.
Балшықпен жұмыс істеу қолдың ұсақ моторикасын жетілдіріп, саусақтардың икемділігін арттыратыны тағы бар. Әртүрлі пішіндегі бұйымдарды жасау арқылы кеңістіктік ойлау, өлшем мен пропорцияны ажырату қабілеті де қалыптасады. Бұл – баланың тек қолөнерге емес, жалпы танымдық дамуына ықпал ететін тәжірибе.
Тағы бір маңызды тұсы – өз қолымен жасаған дүниесінің нәтижесін бақылау балаға ерекше қуаныш сыйлайды екен. Кәдімгі балшықтың әдемі ыдысқа немесе көркем мүсінге айналғанын көргенде, оның өз мүмкіндігіне деген сенімі артады. Осылайша әрбір аяқталған жұмыс келесі шығармашылық ізденіске жол ашады.
Ал қыш өнерінің ұлттық қолөнермен сабақтасуының өзі оқушы тәрбиесінде айрықша орын алады. Дәстүрлі бұйымдардың жасалу жолымен танысқан өрен ата-баба мұрасына үңіліп, ұлттық өнердің қадірін түсіне бастайды. Туған өлкенің тарихи ескерткіштерін қыштан бейнелеу арқылы тарихқа деген қызығушылығы да арта түседі.
Сондықтан мұндай үйірмелердің маңызы тек бос уақытты тиімді ұйымдастырумен шектелмейді. Бұл – баланың бойындағы қабілетті ашып, еңбекке баулитын, талғамын қалыптастырып, шығармашылық дербестігін дамытатын тағылымды орта. Ең бастысы, бала дайын дүниені тұтынушы ғана емес, өз қолымен жаңа дүние жасай алатын жасампаз тұлға болуға талпынады.
«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген халық даналығы тегін айтылмаса керек. Өнер мен өнеге ұрпақтан ұрпаққа жалғасқанда ғана тамыры тереңдей түседі. Жұмағалиевтерді көпшілік «өнер қонған әулет» деп атайды. Өйткені бұл шаңырақта ұсталық пен шеберлікке деген құрмет бұрыннан қалыптасқан.
Арманның атасы Байқабыл Жұмағалиев кезінде қазіргі Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде ұстаздық еткен. Ал бауыры Аязбай Жұмағалиев Жамбыл Жабаев атындағы №234 мектепте көркем еңбек пәні мұғалім бола жүріп, ұсталық өнерді де серік еткен. Сандық, қобдиша секілді тұрмыстық бұйымдарды өз қолымен жасап, қолөнершіліктің үлгісін көрсеткен. Міне, осындай ортада өскен Арманның да осы бағытқа қызығушылық танытуы кездейсоқтық емес.
2012 жылы дүниеге келген Арман – отбасындағы төрт баланың тұңғышы. М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейінің 8 «В» сыныбында оқиды. Оқу озаты, бірнеше олимпиаданың жеңімпазы. Бүгінде мектеп парламентінің президенті ретінде білім ордасындағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады.
Мектеп жанындағы «Шебер қолдар» үйірмесіне қатысып, қыштан түрлі бұйымдар жасауды меңгеріп жүр. Балшықтың технологиясын дұрыс пайдаланып, оған пішін беруде үлкен ізденіс, дәлдік пен шыдамдылық, шеберлікпен қатар қиял да қажет.
Үйірме жетекшісі Тілектес Көпжасар бұл бағытты он жылға жуық уақыттан бері дамытып келеді. Ол үшін ұстаздықтың басты нәтижесі – шәкірттің дайын дүниені қайталауы емес, өздігінен ізденіп, жаңа бұйым жасауға талпынуы. Арман да осындай шығармашылық ортада талабын ұштап келе жатқан шәкірттердің бірі.
Қызығы, ұстаз қыш бұйымдарын дайындаудың қыр-сырын арнайы курстардан немесе дайын әдістемелік құралдардан ғана үйренбеген. Өз қызығушылығының жетегімен жергілікті жердің табиғи ерекшеліктерін зерттеп, қышқа жарамды балшық іздеген. Ежелгі қыш қалдықтарын тауып, Қуаңдария бойынан түрлі үлгідегі балшық жинап, оларды салыстырып, қасиеттерін екі жылдай зерттеген. Осы ізденістің нәтижесінде ұлттық қолөнердің бір саласын мектеп оқушыларына үйретіп, олардың шығармашылық мүмкіндігін дамытуға ден қойған.
Ал 2019 жылы сол кездегі аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың қолдауымен мектепке үйірменің жұмысына қажетті құрал-жабдықтар мен арнайы қондырғылар алынуы шәкірттер үшін үлкен мүмкіндік болады. Бұл бастама балалардың қызығушылығын арттырып, қыш өнерін тәжірибе жүзінде меңгеруге жол ашады.
Бүгінде үйірме мүшелері мүмкіндікті тиімді пайдаланып келеді. Солардың қатарындағы Арман Байқабылдың шығармашылық жұмыстары аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі байқаулар мен шараларда таныстырылып, жүлделі орындарға ие болған. Жақында жас шебердің тағы бір еңбегі облыстық семинарда үздік ізденістердің бірі ретінде танылды.
Бұл жолы Арманның қолынан шыққан туындының тақырыбы да, мазмұны да ерекше. Ол ұстазының бағыт-бағдарымен көлемді үлгіні қыштан жасап шықты. Тарихи ескерткіштің сәулеттік келбетін шағын үлгіде жаңғырту оңай жұмыс емес. Әрбір бөлшектің өлшемін сақтау, пішінін келтіру, қыш материалымен үйлестіру – үлкен жауапкершілікті талап етті.
«Жобаны дайындауға 3-4 ай уақыт кетті. Нысанамыз аудандағы Жанқожа батыр кесенесінің макеті еді. «Осы макетті неге қыштан жасамасқа?» деген ой келді. Жұмыс күрделі әрі жауапты болды. Есесіне Арман да ерекше ықыласпен белсене кірісіп, қызығушылықпен аяқтап шықты. Алда осындай күрделі жұмыстарды жалғастыру жоспарда бар», – дейді үйірме жетекшісі Тілектес Әбдіқадірұлы.
Жас шебердің бұл жұмысы – жай ғана макет емес. Бұл – туған өлкенің тарихына деген қызығушылық пен оны өнер арқылы танытуға деген талпыныстың көрінісі. Кесененің әр бөлшегін жасау барысында ол тарихи нысанның ерекшелігіне үңіліп, сәулеттік құрылымын зерделеуге де мүмкіндік алды. Демек, қолөнер баланың тек қол икемін ғана емес, таным көкжиегін де кеңейтеді.
Мұны Арманның ұстазы Гүлбарам Жауғашарова да ерекше атап өтеді. Оның айтуынша, шығармашылықпен айналысатын баланың ойлау жүйесі, қабылдауы мен дүниетанымы өзгелерден өзгеше қалыптасады.
«Арманды бірінші сыныптан бастап көркемсөз оқуға дайындадым. Бала бойынан оқығанын түсініп, зерделей білетін қабілетін байқадым. Ол – ізденімпаз, қабылдауы жақсы оқушы. Мұндай балалардың танымы кең болады. Өнердің қай түрімен айналысса да, оған жауапкершілікпен қарайды», – дейді ол.
Расында, бір баланың бойынан бірнеше құштарлық, қоғамдық белсенділік, мен қабілеттіліктің қалыптасуында отбасының тәрбиесі, ұстаздардың еңбегі мен баланың жеке талпынысы тоғысып жатары анық.
Арман Баймұратұлы үшін қыш өнері – бос уақытты өткізудің бір жолы ғана емес, ойындағы дүниені қолымен жасап көруге мүмкіндік беретін шығармашылық кеңістік. Бүгін ол балшыққа пішін беріп, ертең сол өнер арқылы туған өлкенің тарихын танытатын туындылар жасауға ұмтылады. Ал жетекшісі оның талабын одан әрі шыңдап, күрделі жобаларға жетелеуді көздейді.
«Қыш үйірмесіне қатысу мен үшін үлкен қызығушылық пен ерекше әсерге толы шығармашылық әлем. Алғашында балшықтан бұйым жасау оңай емес сияқты көрінгенімен, ұстазымыздың бағыт-бағдары мен көмегінің арқасында оның қыр-сырын біртіндеп меңгере бастадым. Қазір өз қолыммен түрлі ыдыстар мен мүсіндер жасап, ойымдағы дүниені балшық арқылы бейнелеуге тырысамын. Әрбір бұйымның дайын болған сәті маған ерекше қуаныш сыйлайды. Бұл үйірме маған тек қолөнерді ғана емес, шыдамдылықты, ұқыптылықты, бастаған істі соңына дейін жеткізуді үйретті. Әр сабақтан жаңа нәрсе үйреніп, өз қабілетімді шыңдауға асығамын. Осындай өнерге баулып, талабымызды ұштап жүрген ұстазыма алғысым шексіз».
«Өнерліге өріс кең» дейді дана халқымыз. Әулеттен жалғасқан шеберлік пен ұстаздан дарыған тәлімді бойына сіңірген Арманның алдағы уақытта да талай тың дүниеге түрен саларына сенім мол. Өнерімен өренге «Дарының дараланып, есімің елге танылсын! Қолыңнан шыққан әр туындың жүректерге қуаныш сыйласын!» дестік.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














