Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңістерге толы жол

Жеңістерге толы жол

Қазалы ауданында қазан айының 26-сы мен 2 қараша аралығында Қазақстан Ұлттық волейбол федерациясының жоспарымен волейболдан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Қазақстанның бірнеше өңірінен жиналған волейболшылардың басын қосқан тартысты сайыс жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасуына және жаңа белестерді бағындыруына мол мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасы чемпионатының жастар лигасының екінші кезеңіне Петропавл, Павлодар, Қостанай, Жетісу, Қызылорда облыстарының және Қазалы ауданының командалары қатысты. Жалпы тартысқа толы бәсекеде 84 спортшы бақ сынады.
Әйтеке би кентіндегі мәдени-демалыс кешенінде орналасқан спорт кешенінде ұйымдастырылған республикалық доданың ашылу салтанатына аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы қатысты. Ол еліміздің әр аймағынан келген спортшыларға сәттілік тіледі. Ауданның спорт саласындағы атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар мен қазалылық спортшылардың жарқын жетістіктерін атап өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сай, облысты төрт жылдан астам уақыт басқарған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың және облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың ерекше қолдауымен өңірде бұқаралық спортты дамытуға, жас ұрпақтың спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасауға басымдық беріліп келеді.
Қазір ауданда 35 мыңнан астам тұрғын спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Аудандағы 12 спорт нысанында 36 спорттық үйірме жұмыс істейді. Соңғы төрт жылда Қ.Пірімов және Үрмәш Түктібаев ауылдарында заманауи спорт кешендері бой көтерді. Бірқатар елді мекенде спорт және ойын алаңдары пайдалануға берілді. Сонымен қатар Әйтеке би кентінде және Қазалы қаласында 4 жаңа спорт алаңы ашылды. Мұның бәрі тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануына арналған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Мемлекет басшысы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізді ауқымды құрылыс алаңына айналдыру қажеттігін атап өтті. Алдағы жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынды. «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында елдің барлық өңірінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынып, жаңғыртылады. Оның ішінде спорт кешендерін салуға да ерекше көңіл бөлінеді. Осы ретте ауданда спорт инфрақұрылымын одан әрі дамыту жұмыстары жалғасып, бірінші кезекте Қазалы қаласында, кейіннен кезең кезеңімен басқа да елді мекендерде заманауи спорт кешендерін салу жоспарланып отыр.
Қазалы ауданында алғаш рет ұйымдастырылып отырған волейболдан Қазақстан Республикасы чемпионаты ауданымыздың спорт саласындағы маңызды оқиғаларының бірі. Бүгінгі чемпионатта сәттілік, тартысты ойын және жарқын жеңістер тілеймін, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Бұдан кейін Қызылорда облысының волейбол федерациясының президенті Бақыт Кеңесов жарыстың жоғары деңгейде өтуіне тілектестігін білдірді. Осы жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 1 миллиард 564 миллион теңгеге Әйтеке би кентіндегі «Мәдени-демалыс кешенінен», Қожабақы мен Бекарыстан би ауылдарынан жаңа спорт кешендері пайдалануға берілді. Спортшылар халықаралық жарыстар мен ел біріншіліктерінде әрдайым жоғары нәтиже көрсетіп, аудан абыройын асқақтатып келеді. Жыл басынан бері әлем чемпионаттарында 2 алтын, Азия чемпионатында 1 алтын, халықаралық турнирлерде 11 алтын, 16 күміс, 8 қола, ал Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 19 алтын, 25 күміс және 32 қола медаль иеленді. Мәселен, өткен жылы Хорватия астанасы Загребте өткен ересектер арасындағы грек-рим күресінен әлем чемпионатында Айдос Сұлтанғали тарихи жеңіске жетіп, алтын медаль еншіледі.
Биыл шілде айында Индонезия астанасы Джакартада өткен жастар арасындағы бокстан Азия чемпионатында Зарина Толыбай топ жарып, Азия чемпионы атанды. Артынша Черногорияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында да спортшы қызымыз қарсылас шыдатпай, әлем чемпионы атануы баршамыз үшін үлкен мақтаныш болды.
Бұдан бөлек ауыл спортшылары арасында өткен дәстүрлі «Алтын күз – 2026» XXXIX облыстық спартакиадасында Қазалы ауданы жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды. Әсіресе волейболдан қазалылық қыздар құрамасының бірінші орынды еншілеуі бұл спорт түрінің өңірде қарқынды дамып келе жатқанын айқын көрсетеді. Бүгінде аудандағы волейбол құрамалары облыс бойынша үздік үштіктің қатарында. Әртүрлі жас санатындағы 15 спортшы облыстық волейбол құрамасына енсе, оның бесеуі облыстық «Қайсар» волейбол командасының намысын қорғап жүр.
Айта кеткен жөн, бұл жарыс Қазалы ауданында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта да спорт саласын жан-жақты қолдау, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру және дарынды жастарға кең мүмкіндік беру бағытындағы ауқымды жұмыстар жалғаса береді.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
03 қараша 2026 ж. 38 0

Жеңістерге толы жол

03 қараша 2026 ж. 39

Қауып алатын қауіп

03 қараша 2026 ж. 25

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30