Қазгидромет 12 қала тұрғындарына ескерту жасады: ауа сапасы нашарлауы ықтимал
Қолайсыз метеорологиялық жағдай дегеніміз – желсіздік, баяу жел, тұман және температуралық инверсия сияқты қысқа мерзімді табиғи факторлардың үйлесуі.
pixabay.com3 қарашада Қазақстанның 12 қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) күтіледі. Бұл туралы BAQ.KZ «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап хабарлады.
Синоптиктердің мәліметінше, атмосферада зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін метеорологиялық жағдайлар Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Орал, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Талдықорған, Алматы және Астана қалаларында болжанып отыр.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай дегеніміз – желсіздік, баяу жел, тұман және температуралық инверсия сияқты қысқа мерзімді табиғи факторлардың үйлесуі. Мұндай құбылыстар атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды және ластаушы заттардың жиналуына себеп болады.
ҚМЖ кезінде елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы мүмкін. Бұл адам денсаулығына кері әсерін тигізуі ықтимал.
Ауадағы ластану деңгейінің қалыптасуына желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы және температура сияқты метеорологиялық факторлар әсер етеді.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде қандай сақтық шараларын сақтау керек?
«Қазгидромет» мамандары тұрғындарға мынадай ұсыныстар береді:
Ашық ауада болу уақытын қысқарту. Әсіресе автожолдар мен басқа да ластану көздеріне жақын жерлерде ұзақ жүрмеу керек.
Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.
Өкпенің созылмалы аурулары, жүрек-қан тамырлары аурулары және аллергиясы бар адамдар сыртқа шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруі керек.
Ашық ауадағы физикалық жүктемені шектеу қажет.
Дене шынықтыру және спортпен жабық спорт кешендерінде айналысқан жөн.









