Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнермен өрілген өнегелі ғұмыр

Өнермен өрілген өнегелі ғұмыр


Ақын, драматург, режиссер Жанділда Баймұратовтың есімі Қазалы жұртшылығына етене таныс. Ол ауданның мәдени тынысын кеңейтіп, өнердің өрісін өсіруге ғұмырын арнаған. Әсіресе ауылда драма үйірмесін құрып, оның кейін халық театры деңгейіне көтерілуіне сіңірген еңбегі айрықша. Сахна өнеріне деген сүйіспеншілігі мен табанды ізденісінің арқасында талай өнерпаздың талабын ұштап, туған өлкенің мәдени өміріне өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Өнер иесінің өнегелі жолы мен шығармашылық мұрасы уақыт өткен сайын жаңғырып, кейінгі буынға үлгі болып келеді. Осы мұраны ұлықтап, ел мәдениетіне сіңірген еңбегін көпшілікке таныту мақсатында жуырда Жанділда Баймұратовтың 80 жылдық мерейтойына орай Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Сөз бен сахна сиқыры» атты мәдени-көпшілік шара өтті.

Тартысқа толы турнир
Алдымен Жанқожа батыр ауылындағы спорт кешенінде волейболдан аудандық ашық турнир өтті. Салауатты өмір салтын насихаттап, ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен жарысқа бірнеше ауыл командалары қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Доп додасында командалар шеберлік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, әр ұпай үшін барын салды. Алаңдағы тартыс­ты ойын, сәтті шабуылдар мен ұтымды қорғаныс көрерменнің де делебесін қоздырды. Қатысушылар арасындағы өзара сыйластық пен спорттық бәсеке жарыстың ажарын аша түсті.
Тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша Бөзкөл ауылының құрамасы қарсыластарынан басым түсіп, бірінші орынды иеленді. Жанқожа ауылының командасы екінші орынға табан тіресе, Ақтан батыр ауылының спортшылары үздік үштікті түйіндеді.
Айта кетейік, турнирге қатысқан командаларға мерейтой иесі Жанділда Баймұратовтың отбасы қаржылай қолдау көрсетіп, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты.

Суреттер сөйлейді
Шаралар легі өнерге құштар өрендердің басын қосқан «Сиқырлы қалам» атты жас суретшілер байқауына жалғасты. Шығармашылық сайыстың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын оятып, сурет салу қабілетін шыңдау, сондай-ақ талапты балалардың талантына қолдау көрсету.
Байқауға аудан мектептерінен 15 жасқа дейінгі тоғыз жас суретші қатысып, өзара шығармашылық сынға түсті. Ереже бо­йынша қатысушылар ҚР Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Менің елім» тақырыбында А3 форматында сурет салды. Бірі туған өлкенің көркем табиғатын бейнелесе, енді бірі тәуелсіз елдің жарқын келбетін өзінше өрнектеп, бояу арқылы жүрек түкпіріндегі сезімін жеткізуге тырыс­ты.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені жанқожалық А.Балабаева қан­жығасына байлады. Бірінші орынды кәукейлік Е. Әлиге бұйырды. Екінші орынды майдакөлдік А. Жеңісбекқызы еншіледі. Ал үшінші орынға өркендеулік А. Саха мен шәкендік А. Берікқызы лайық деп танылды.
«Сиқырлы қалам» байқауы балалардың өнердегі алғашқы қадамдарын қолдап қана қоймай, олардың қиялына қанат бітіріп, шығармашылыққа деген ынтасын арттырған тағылымды шара болды.

Тағдырлы қойылым сахналанды
Мерейтой аясындағы шаралар Жақсыбай Мусаевтың «Шоқ пен шер» атты драмалық қойылымымен қоры­тындыланды. Ауыл сахнасында көрер­менге жол тартқан қойылым Арал теңізі тартылғаннан кейінгі Қасқақұлан ауылы тұрғындарының тағдырын, тіршілік тауқыметін, туған жерден айырылудың жан жарасын суреттейді. Әр кейіпкердің болмысы арқылы бір ауылдың мұңы, елдің үміті мен күдігі, туған жерге деген сағынышы көрініс табады.
Қойылымның басты кейіпкерлерінің бірі – Әли ақсақал. Ауылдың басына күн туған қиын кезеңде де ол туған жердің болашағына сенімін жоғалтпайды. Теңіз қайта толып, ауылдың тіршілігі жанданады деп үміттенген қария жұртты атақонысты тастамауға, елдің ертеңіне бейжай қарамауға үндейді. Оның бойындағы қайсарлық пен туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік Нұрман Бекжанның сомдауында нанымды ашылды.
Ал Садықтың бейнесі арқылы туған жерге деген сүйіспеншілік пен отбасының болашағы арасындағы күрделі таңдау көрсетіледі. Ауылда талай жақсы күнін өткерген ол кіндік қаны тамған мекенін қимаса да, бала-шағасының қамы үшін көшуді жөн көреді. Бұл рөлді Алмат Аралбаев шынайы сомдап, кейіпкердің ішкі арпалысын көрерменге жеткізе білді.
Көпшіліктің көңілінен шыққан кейіпкерлердің бірі – Арман. Денсаулығына байланысты арбаға таңылғанымен, оның ойы ұшқыр, арманы асқақ. Әли ақсақалдың әңгімесін тыңдап өскен ол Қасқақұланның өткен тарихын қағазға түсіріп, бір кездері шағаласы шулаған, тіршілігі қайнаған ауылдың шежіресін кейінгі ұрпаққа жеткізуді армандайды. Арманның бейнесі арқылы адамның мүмкіндігі тәннің шектеуімен өлшенбейтінін аңғарамыз. Жас өнерпаз Нұрислам Қожас бұл рөлді ерекше алып шықты.
Әли ақсақалдың үміт артқан інісі, Арманның әкесі Сәрсеннің бейнесінде де үлкен мән бар. Қария ауылдың ертеңіне қатысты арман-аманатын осы азаматқа сеніп тапсырады. Сәрсен арқылы кейінгі буынға жүктелген жауапкершілік пен үлкендердің үміті көрініс табады. Бұл рөлді театр суретшісі Қаршыға Қалымбетов сомдады.
Ал Зәуреш – отбасының ауыртпалығын жүрегіне түйген ана. Баласының бола­шағына алаңдаған ол ауылдың қайта түлейтініне сенімін жоғалтып, көшуді қалайды. Оның бұл шешімінен туған жерге деген сүйіспеншіліктің жоқтығын емес, перзентінің ертеңіне алаңдаған ананың жан күйзелісін көреміз. Зәурештің ішкі мұңы мен аналық сезімін Құралай Қосуақ әсерлі жеткізді.
Осылайша, «Шоқ пен шер» қойылымы бір ауылдың ғана емес, туған жерін қимай, болашағын ойлап екіұдай күй кешкен тұтас бір буынның тағдырын сахна тілімен өрнектейді. Кейіпкерлердің әрқайсысы кө­рер­менді өз ойына жетелеп, туған жердің қадірі, елдің келешегі мен адам үмітінің мәні туралы толғандырады.
– Көрермен қойылымды жылы қа­былдап, автордың айтқысы келген негізгі ойын терең сезіне білді деп ойлаймын. Актерлер де өз кейіпкерлерінің болмысын барынша ашып, образдарды нанымды жеткізуге тырысты. Спектакльді сахналауға бар болғаны екі ай уақыт бөлінді. Осы аз ғана мерзімнің ішінде актерлерді іріктеу, сахнаны әзірлеу, декорацияларды жасау, музыкалық сүйемелдеу мен жарық жүйесін үйлестіру секілді ауқымды жұмыстар атқарылды. Айта кететін жайт, актерлердің әрқайсысы әр салада қызмет ететіндіктен, дайындық уақытын сәйкестендіру де оңайға соқпады. Соған қарамастан, бар­лығымыз уақыт тауып, кейде жұмыстан тыс уақытта да бас қосып, дайындықты жалғастырдық. Ортақ мақсатқа деген ықылас пен жауапкершіліктің арқасында көрерменге сәтті қойылым ұсына алдық, – дейді спектакль режиссері Нұрман Бекжан.
Кеш соңында мерейтой иесі Жанділда Баймұратов аудан әкімі А.Есмахановтың алғыс хатымен марапатталды. Бұдан кейін сөз алған ел ағалары мерейтой иесінің өмір жолы мен елге сіңірген еңбегін тілге тиек етіп, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Құрмет-қошеметін көрсеткен азаматтар естелік сыйлықтарын табыстап, Жанділда Баймұратовты мерейлі жасымен құттықтады.
Айта кетейік, Жанділда Баймұратов еңбек жолын мәдениет саласынан бас­таған. 1981 жылы Жанқожа батыр ауылындағы мәдениет үйіне директор болып тағайындалып, мұнда драма үйірмесін үйлестірді. Ауыл өнерпаздарының басын қосып, сахна өнерінің дамуына жол ашты. Тынымсыз ізденіс пен табанды еңбектің нәтижесінде 1992 жылы ұжым «Халық театры» атағын иеленді. Режиссер ретінде бірқатар драмалық шығарманы сахналаған ол ақындық пен жазушылықты да қатар алып жүріп, «Шынтас» жыр жинағын және туған өлкенің тарихы мен тағдырына арналған зерттеу еңбектерін жарыққа шығарды.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ

03 қараша 2026 ж. 39 0

Жеңістерге толы жол

03 қараша 2026 ж. 37

Қауып алатын қауіп

03 қараша 2026 ж. 25

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30