Қазалылық кәсіпкердің бұйымдары сұранысқа ие

Жақыныңызға әсем моншақтармен безендірілген кәжекей немесе бұрымында бұлғақтаған шашбау бергіңіз келсе, Нұрбанудың қолынан шыққан дүниелерге зер салыңыз. Бала күнінен анасы Клара Қосмұратованың қасынан табылып, тігіншілік өнердің қыр-сырына қаныққан Нұрбану іс тіккенді ұнатады. Әдемілікке жаны құмар келіншек өзі дайындаған кез келген дүниені көздің жауын алатын жылтыр тастармен безендіреді. Оның әр ісі ыждаһаттылық пен ептілікті талап етеді. Көз майын тауысып, моншақтардың орнықты орналасуын ерекше қадағалайды. Тапсырыстың сапасына аса мән береді. “Ару-Илья” базарынан ашқан бутигінде болып, Нұрбанудың еңбегімен таныстық. Бір ғана есім жазылған түйреуіш жасаудың өзіне жоғары талғам керек. Әріптердің түсі мен моншақтардың үйлесім табуы, оған байланатын лентаның көлемі бәрі-бәрі ескерілді. Алдына келген адамның талабын өнерлі қыз бірден түсінді. Бас-аяғы отыз минуттың ішінде оның ойындағыдай етіп жасалған түйреуішті қолына ұстатты.
– Менің мамандығым мүлдем бөлек. Тігіншілікпен айналысуды жаным қалайды. Бірнеше жыл бұрын Жадыра Беркімбаева деген шебер келіншекпен танысып, бірге жұмыс істей бастадым. Көп нәрсе үйрендім. Қазір жеке кәсібім бар. Шашбау, сәукеле, кәжекей, тасбих, білезік, алқа, есім жазылған түйреуіштер, тағы басқа көптеген бұйымдар жасаймыз. Шүкір, дүниелеріміз сұранысқа ие. Тапсырысты жұмыстың ыңғайына қарай 2-3 күнде бітіреміз. Бағасы да қолжетімді, – дейді Нұрбану Сағырбекқызы.
Бүгінде Нұрбану бір әулеттің келіні, жас ана. Дегенмен сүйікті кәсібінен де қол үзген жоқ. Барлығына үлгеруге тырысады. Алға қойған мақсаты да айқын. Бізбен әңгіме барысында үлкен жоспарының барын аңғардық.
– Кәсібімді одан әрі жетілдіргім келеді. Қазақ халқының ою-өрнегі кез келген бұйымға ерекше сән береді. Келешекте қоржын және ертегі кітаптар жасауды ойға алдым. Ізденсең, талпынсаң тың идеялар туындайды. Бұйырса, тұтынушыларымызды жақсы жаңалықтармен қуантпақпыз, – деген кәсіпкер келіншек тапсырыс берушінің қалтасына салмақ салмайтындай арзан әрі айрықша туындыларымен таңғалдырды.