Баланың қиялын ұштайтын орта
Бүгінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың бойындағы қабілетті дер кезінде танып, дұрыс бағытта дамыту ата-ана мен ұстаз алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы ретте Қазалы ауданында жұмыс істеп келе жатқан «Шебер қолдар» үйірмесі жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған тиімді әрі нәтижелі орта ретінде ерекшеленеді. Үйірме қолөнер үйрететін орын ғана саналмайды. Онда баланың эстетикалық талғамын қалыптастырып, сабыр мен еңбекқорлыққа тәрбиелейді.Қиял мен еңбектің үйлесімі шоғырланған «Шебер қолдар» үйірмесінде оқушылар түрлі материалмен жұмыс істеуді меңгереді. Түрлі түсті қағаздан аппликация жасау, моншақпен әшекей бұйым тоқу, жіппен кестелеу, жүннен және мата қалдықтарынан бұйым дайындау балалардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұсақ моторикасын дамытып, ойлау қабілетін жетілдіреді. Әр жұмыс баланың қиялынан туындаған ерекше дүние.
Үйірме жетекшісі Жанаргүл Тілеубайқызының айтуынша, негізгі мақсат – баланы дайын үлгіні қайталауға емес, өз ойымен ізденіп, шығармашылық шешім табуға үйрету.
– Біз балалардың әрбір жасаған бұйымына үлкен мән береміз. Қолөнер арқылы олардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, еңбекке құрметпен қарауын қалыптастыруды көздейміз. Сонымен қатар шығармашылық тапсырмалар оқушының танымдық қабілетін арттырып, өзіне деген сенімділігін нығайтады, – дейді ұстаз.
Үйірме бағдарламасы 2-6 сынып оқушыларына арналған. Сабақ аптасына екі рет өткізіліп, жылдық оқу жүктемесі 144 сағатты құрайды. Оқу жылының соңында әр қатысушы өз қолымен жасаған бірнеше бұйымын ұсынып, жинақталған тәжірибесін көрсетеді.
Ұлттық тәрбие – басты бағыт
Үйірменің айрықша тұсы – қазақтың дәстүрлі қолөнерін заманауи тәсілдермен ұштастыра оқытуы. Құрақ құрау барысында балалар әдемі бұйым жасағаннан бөлек әр ою-өрнектің астарындағы терең мағынаны ұғынады. Сонысымен жас ұрпақтың ұлттық болмысқа деген қызығушылығын арттырып, ата-баба мұрасына құрметпен қарауға тәрбиелейді.
Қазалы аудандық оқушылар үйінде он жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Жанаргүл Ілиясова өз ісіне берілген, шәкірт жүрегіне жол таба білетін ұстаз. Ол сабақ барысында заманауи әдістерді пайдаланып, әр баланың қабілетін ашуға тырысады. Оның еңбегі шәкірттерінің жетістігімен дәлелденіп келеді.
Жетістікке жетелеген еңбектің нәтижесі де жоқ емес. Үйірме мүшелері түрлі аудандық, облыстық байқаулар мен көрмелерде жүлделі орындардан көрініп жүр. Азиза Ілиясова, Анель Ібайдулла, Айдана Қарасай, Маржан мен Інжу Садық қолөнерге ерекше қызығушылық танытып, үздік нәтижелерге қол жеткізген оқушылар.
– Әр баланың бойында қабілет бар. Біздің міндет соны көре білу, бағыт беру. Қолөнер баланы төзімділікке, ұқыптылыққа, бастаған ісін соңына дейін жеткізуге үйретеді, – дейді жетекші.
Педагогтер мен психологтардың пікірінше, қолөнермен айналысу баланың эмоциялық жағдайын тұрақтандырып, күйзелістен арылуға көмектеседі. Сонымен бірге эстетикалық талғамы қалыптасып, өмірге деген оң көзқарасы нығаяды.
Шығармашылық қуанышқа ұласқанда
Үйірме жұмысының нәтижесі ретінде әр тоқсан сайын ұйымдастырылатын көрмелер балалар үшін үлкен мотивация көзі. Өз қолымен жасаған бұйымын көпшілік алдында көру балаға қуаныш сыйлап, келесі жетістікке жетуге жігерлендіреді.
Білікті ұстаз Жанаргүл Ілиясованың пікірінше, «Шебер қолдар» баланың ішкі әлемін ашатын, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіретін, өмір бойы қажет болатын дағдыларды қалыптастыратын шығармашылық орта. Осындай үйірмелер арқылы жас ұрпақ еңбектің қадірін біліп, сұлулықты өз қолымен жасай алатынына көз жеткізеді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА













