Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылысқа қуат берген кәсіпорын

Құрылысқа қуат берген кәсіпорын

Қазалыдағы жылына он мың текше метр темір-бетон бұйымдарын және конструкцияларды өндіруге бейімделген зауыт – «LCI-MK» ЖШС-нің Қазалы филиалы жұмыс істейді. 1982-1984 жылдары салынып, іске қосылған мекеме Қызылорда облысындағы құрылыс индустриясының жетекші кәсіпорындарының бірі.
Кәсіпорын темір-бетон бұйымдарын және түрлі құрылыс конструкцияларын өндіруге маманданған. Филиалдың өндірістік базасы 4,3 гектар аумақты қамтиды. Қазіргі таңда кәсіпорында орта есеппен 77 қызметкер тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорында шығарылатын темір-бетон бұйымдары мемлекеттік стандарттар мен техникалық талаптарға толық сәйкес келеді. Өнімдер тапсырыс берушінің қажеттілігіне қарай кез келген көлемде және күрделілік деңгейіне байланысты дайындалады. Сонымен қатар 2010 жылдан бастап, зауыт «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі құрылысына қажетті темір-бетон өнімдерін өндіруге бейімделіп, өндірістік қуаттарын айтарлықтай кеңейтті. Осы бағытта қосымша өндірістік нысандар салынып, заманауи технологиялар енгізілді. Нәтижесінде көпір құрылысына арналған жоғары сапалы темір-бетон арқалықтарын өндіру жолға қойылды.

Бүгінде кәсіпорын заманауи өндірістік технологияларды тиімді қолданып, өңірдің құрылыс саласын сапалы өніммен қамтамасыз етіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосуда. Зауытта негізінен құрылысқа қажетті материалдар өндіріледі. 1991-1997 жылдары және 2000-2005 жылдар аралығында зауытты Көмек Өтеулі басқарды. Тоқырау жылдары, тапсырыстардың аздығынан, жұмысшы, қызметкерлер саны сәл азайды. Бірнеше өзгерістерге душар болды. Ұжым қиындықтарға қарамай, талан-таражға жол бермей, мекемені сақтап қалуға көп күш салды. 1998-2000 жылдар аралығында зауытқа Әлменбет Ержанов басшылық жасады. Ал 2005 жылдан бастап, бүгінге дейін Сабит Өтегенов үлкен ұжымды ұтымды басқарып, жүйелі жұмыс жүргізіп отыр.
Қазіргі кезде жылма-жыл тапсырыс берушілер көбейуде. «100 мектеп – 100 аурухана» бағдар­ламасының облыс көлемінде іске асуына өз үлесін қосып келеді. «Ауыз су» бағдарламасына сәйкес көптеген тапсырыстар орындап, әлі күнге жалғасын табуда. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында Қазалы, Арал аудандарының инфрақұрылымын дамытуға үлес қосуда. Қазалы, Арал аудандарында салынған мектеп, балабақша, аурухана құрылыстарына қажетті темір бетон бұйымдарын дайындаған.
«Жол картасы» бағдарламасы тұрғысында «Батыс Европа – Батыс Қытай» жол құрылысына қажетті темір бетон бұйымдарын өндіруге 2010 жылдан бастап бейімделіп, қосымша құрылыстар салынып, жаңа соңғы технологиямен 18, 21, 24 метрлік көпір құрылысына қажетті темір-бетон балкаларын, құбырларды даярлады.
Мекемеде негізінен жұмысшы, қызметкерлердің бұрыннан істеп келе жатқан мамандарды сақтаған. Жұмысшылар жұмыс киімдерімен қамтамасыз етілген. Зауытта үшінші ауысымда істейтіндерге сүт беру ұйымдастырылған. Жұмысшы, қызметкерлерге жағдай толық жасалған, балаларына жылына бір рет (14 жасқа дейінгі) Алматы қаласына Маралай демалыс үйіне жолдама беріледі. Еңбек демалысы уақытылы беріліп келеді. Бұнда еңбек озаттары, өз істерінің шеберлері көп. Басшылар тарапынан Қазалы бөлімшесінің жұмыс көлемін арттыруға кең көңіл бөлуде. Тапсырыс пен сұранысқа сәйкес жұмыс жүргізу қазіргі кезде заман талабы деуге болады. Бұл ретте мекеме басшысы Сабит Рахметұлы қиыншылықтарды тез арада еңсеріп, ұйымдастырушылық мен іскерлік таныта білді. Білікті басшының еселі еңбегінің арқасында «Құрылыс саласындағы үздік кәсіпкер» дипломымен марапатталып, ІІ дәрежелі «Қазақстанның үздік тауар өндірушісі» конкурсының «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясының жеңімпазы атанды. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай аудан және облыс әкімдерінің Алғыс хатын иеленді. Ауданның құрылыс саласын дамытудағы жемісті еңбегі үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы С.Нокиннің Құрмет грамотасына қол жеткізіп, «Құрметті құрылысшы» төсбелгісін омырауына тақты. Сондай-ақ «Сала көшбасшысы» Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ерлермен тең еңбек еткен

Аталған мекемеде ерлермен тең дәрежеде нәтижелі еңбек етіп жүрген әйел азаматтар да баршылық. Олар өз жұмыстарын жақсы меңгерген. «Тіпті қиын ештеңе де жоқ» деген пікірде. Темірден түйін түйген өндірісте жауапты қызмет атқаратын Ақмарал Әбдіраманова мен Бағдагүл Нысанбаеваның зауытта тер төккеніне 36 жылға жуықтаған.
– Менің әкем Жарылқасын вагон депосында вагон қараушы болып еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан. шешем Үсенбаева Несібелі де теміржол саласында жұмыс жасады. Отбасындағы бес баланың үлкенімін. 1990 жылдан бері осында жұмыс істеймін. Осы зауытта өмірілік серігімді жолықтырдым. Балаларымның алды отбасылы, кішілері мектеп оқушысы. Жұмыстың жаман, жақсысы болмайды. Бәрі оны қалай орындайтындығыңа байланысты. Шүкір, қаншама жылдан бері бір ұжымда ауызбіршілікпен еңбек етіп келеміз.
Ақмарал Садыққызының жолдасы Түгел Асанов та осында талай жылдан бері еңбек етеді. Ол бу қазандығының операторы.
– Менің әкем Садық теміржолда еңбек еткен. Анам Райхан үй шаруасында болып, бала тәрбиесімен айналысты. Бала кезімізден ата-анамыз еңбекқорлыққа баулыды. Әр істі жауапкершілікпен атқаруды құлағымызға құйып өсірді. 17 жасымнан бері осы салада екенмін. Маңдай тердің жемісі әрқашан тәтті болады емес пе?! Шүкір несібемізді тауып, берекемізді арттырып отырған жұмысым бар, – деп ағынан жарылды Ақмарал Садыққызы.
Ал Дәмегүл Тілепбайқызының еңбек өтілі 15 жыл. Жолдасы Абзал Мадир зауытта электрик.
– Мен осы мекемеге алғаш келгенде істің қыр-сырын үйреткен Бағдагүл мен Ақмарал апайларымның еңбегі ерекше. Кез келген жұмыстың өз ауырлығы мен қызықты тұстары болады. Біздің де жұмыс сырттан қарағандарға қиынға ұқсайды. Үйреніп кеткендіктен болар өзімізге жеңіл, – дейді Дәмегүл Тілепбайқызы.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
03 қараша 2026 ж. 45 0

Жеңістерге толы жол

03 қараша 2026 ж. 37

Қауып алатын қауіп

03 қараша 2026 ж. 25

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30