Шеберлікке шыңдаған
Бала тәрбиесi – өзекті мәселе. Қазіргі таңда шәкірттерді жан-жақты дамыту мақсатында мектептерде түрлі үйірме жұмысы жолға қойылған. Мәселен, Қазалы қаласындағы М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейде 33 үйірме бар. Оған мектептегі жоғары сыныптардан 359 оқушы тартылған. Соның ішіндегі «Шебер қолдар» үйірмесінің жұмысымен танысып, жас қолөнер шеберлерінің туындыларына куә болдық.
Үйірме жетекшісі – мектеп-лицейдің технология пәнінің мұғалімі Тілектес Көпжасаров. Он бес жылдық жұмыс тәжірибесі бар ол ер балаларға ағаш пен темірден тұрмысқа қажетті бұйымдар және түрлі макет дайындауды үйретеді. Сондай-ақ заман талабына сай робот жасап шығаруды да қолға алған. Ерекше атап өтер жайт «Шебер қолдар» үйірмесінің мүшелері саз балшықтан қыш ыдыстар жасайды. Бұйымға қажетті саз топырақты Қуаң бойынан арнайы барып әкеледі екен. «Бұндай саз топырақ Қазақстан бойынша Шымкент және Талдықорған өңірінде ғана кездеседі. Бала күнімде үлкендерден Қуаңдария жағасында саздың сапалы түрі барын есітитінмін. Арнайы іздеп барып, таптым. Қазір сол топырақтан балаларға қыш ыдыстар жасауды үйретудеміз. Алдымен сазды он күн жібітеміз. Одан кейін салафанда 20 күн сақтаймыз. Бұдан соң саз топырақ қоюланып, иленеді әрі түрлі бейне жасауға икемделеді» – дейді үйірме жетекшісі.
«Үлгісі көптің өрнегі көп, өрнегі көптің ермегі көп» деп халық тәмсілінде айтылғандай бұл үйірменің берері мол, жеткен жетістіктері де аз емес. Үйірме мүшесі мектеп-лицейдің 8 сынып оқушысы Оңталап Сырлыбай «Зерде» республикалық ғылыми жобалар байқауының аудандық кезеңінде «Этномәдениет тану» бөлімі бойынша жүлделі бірінші орынды жеңіп алған. Ол жетекшісі Тілектес Көпжасаровпен «Баламалы энергетика – болашақ бастауы» атты жобаның макетін дайындаған. Түрлі аудандық, облыстық тіпті республикалық деңгейдегі байқауларда да шебер қолды шәкірттер бақ сынап жүр.
– Үйірмеде 12 оқушы бар. Олар 5 сыныптан бастап қабылданады. Балалардың көпшілігі саз балшықтан ыдыс істеуге қызығады. Үйірме жұмысы сенбі күні түске дейін жүреді. Алайда, сабақтан тыс уақытта балалардың: «Ағай, шеберханаға барайықшы» деп келіп тұрғанын жиі байқаймын. Бізді оқушылардың осындай ынтасы қатты қуантады, – дейді үйірме жұмыстарын ұйымдастырып, оқушылардың белсенділігін арттыруға атсалысып жүрген мектептің косымша білім беру педагогы Ғалия Нұрсейітова.
Расында шәкірттердің қыш ыдыстарға деген қызығушылығы жоғары екені байқалады. Біз шеберханада отырған үш баланың епті қимылдарына сүйсіндік. Өздерін Дамир Қайрулла, Ақарыс Жұмахмет, Айберен Оспан деп таныстырған олар 5 сыныпта оқиды екен.
– Мен саз балшықты илеп, одан кесе жасадым. Маған қатты ұнайды. Келешекте ыдыстардың сыртына ою-өрнек салуды да меңгергім келеді, – дейді Айберен.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, балаға дер кезінде бағдар беру, қабілетін анықтау, оның бойындағы күш-қайраты мен жігерін орынды жұмсауға үйретеуші – алдымен ата-ана, онан соң ұстаздар қауымы екені анық. Осы міндет үдесінен шығып жүрген үйірме жетекшісінің ісі көпге үлгі-өнеге.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА