ОҢ ҚОЛДАН ШЫҚҚАН ОЙЫНШЫҚ

Бүгінде бала үшін ойыншықтардың маңызы зор. Олардың дүниетанымын қалыптастырып, қабілетін шыңдауға көмектесетін бірден бір құрал да осы. Соңғы уақыттары сырттан келген түрлі қорқынышты қуыршақтар мен зиянды қоспасы бар ойыншықтар кеңінен тарады. Оның бала өміріне кесірін тигізген сәттері де көптеп кездесуде. Жас ұрпақтың келешегіне алаңдайтын кез келген қазақстандық мұндайға бейжай қарамаса дейсің. Ал Айгүлдің қолынан шыққан туынды балалардың да, ата-аналардың да көңілінен шығуда.
Айгүл Бақытқызы 1988 жылы Түктібаев ауылында дүниеге келген. Анасының құрақ құрап, көрпеше тіккенін көріп өскен ол бойына дарыған осы қабілетін бүгінде паш етіп отыр. Балаларға арналған дельфин, күшік, тасбақа, қалам, доп секілді жұмсақ ойыншықтарды тігіп жүргеніне 3 жылдай уақыт болыпты. Осы аралықта ісмер тіккен жұмсақ бұйымдарға қызығушылар көп екенін айтады ол.
– Жұмсақ ойыншықтар – балаға қауіпсіз. Көбіне үлкендер балалар бір-біріне лақтырып ойнағанда жұмсақ деп тігілген ойыншық допты алады. Үй ішінде ойнағанда да ешнәрсені сындырмайды, бүлдірмейді, жұмсақ әрі жеңіл. Ерекше ойыншықтар болған соң адамдардың қызығушылығы жақсы. Бесік тойларға, шашуға да арнайы тапсырыспен тіктіретіндер бар. Жасыратыны жоқ, қазір балалардың денсаулығына зиянын тигізетін ойыншықтар көп. Оның орнына осындай қолдан тігілген, кері әсері жоқ жұмсақ ойыншықтарды жасап, балғындардың қызығушылығын арттырып жүрмін, – дейді ісмер.
Ұрпақ тәрбиесі үшін туындыларын түрлендіріп жүрген жанның оң саусағынан өнер тамған. Ойыншықтан бөлек әйелдерге арналған косметика сөмкесін жасайды екен. Оны біз қолынан шыққан бұйымдарының арасынан шолып қалдық. Соңғы үлгідегі «тренд косметичкалар» қазір сұранысқа ие. Ал ісмер тіккен бұл бұйым ерекше көздің жауын алып тұр.
– Тігу өнері бір көрінгенге оңай сияқты болғанымен, уақытты, сабырлықты, шыдамдылықты талап етеді. Өйткені ойыншық тігудің өзіндік формалары мен есепке салатын математикалық тұстары бар. Қазір ерінбеген жанға айналысатын іс жетеді. Әлеуметтік желі де дамыған. Түрлі қолдан шыққан туындылар халық сұранысына ие болып жүр. Өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысып, балаларды да өз бұйымыңмен қуантқанға не жетсін? – дейді Айгүл Бақытқызы.
Иә, жастайынан қолөнерге жақын өсіп, анадан дарыған ісмерлікті бүгінде сүйікті ісіне жаратқан кейіпкеріміздің тың туындыларына қуандық. Атадан балаға мирас болып жеткен ұлтымыздың төл өнерін жалғастырып жүрген ісмерге толайым табыс тілейміз.
Айнұр ӘЛИ