Шымшымамен шындықты шенеген шебер
Астарлы әзілімен шындықты шымшып, өткір тілімен қоғамның көлеңкелі тұстарын дөп басқан сатира саңлақтары әр дәуірде болған. Бүгінде де бұл жанр өз өзектілігін жоғалтқан емес. Қоғамдағы келеңсіздікті езу тартқыза отырып жеткізу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін өнер. Сондықтан ел ішінде әзіл арқылы ой тастап, шындықты қалжыңмен қапысыз жеткізе алатын сөз шеберлерінің орны қашан да ерек. Солардың бірі – Қазалы топырағынан түлеп ұшып, сатира сахнасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгер Әдрасул Ахметов. Өткен жұмада ел ардақтысы атанған әзіл шеберінің 70 жылдық мерейтойына орай әзіл-сықақ драма үйірмелерінің аудандық фестивалі ұйымдастырылды. Фестиваль барысында сахна төрінде көрерменге ой салар көріністер қойылып, қоғамның ащы шындығы әзілмен өріліп берілді.
«Сахнада өткен ғұмыр» атты бұл шара Әйтеке би кенттік мәдениет үйінің сахнасында өрнегін тапты. Аталған кешке аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, фестивальге қатысушы өнерпаздарға сәттілік тілеп, сатириктің аудан мәдениетінің дамуына қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті.
– Сатира – ел ішінде жүрген шын суреткердің, шын ізденімпаздың, шын ұлт жанашырының қаруы. Бұл өнердің салмағы жеңіл көрінгенімен, жауапкершілігі зіл батпан. Осы жолда талмай еңбек етіп, өзінің дара қолтаңбасын қалыптастырған Әдрасул Ахметұлының еңбегі – зор құрметке лайық. Әдрасул Ахметұлы — Қазалы топырағының тынысын терең түсінген, ел ішіндегі тіршілікті қалт жібермей, қоғамға ой тастай білген санаулы дарын иелерінің бірі. Жастарға жол көрсетіп, өнердегі өрендерге өнеге болған тұлға. Ағамыз өнегелі өмір жолында бірнеше жылдар бойы ауданымыздың мәдениет саласын басқарып, саланың дамуына үлкен үлес қосты. Мәдениет саласында еңбек ете жүріп, Ахметовтерден құралған Қазалының «Тамашасын» құрды. Өнерлі ұжым ерекше сатиралық қойылымдарымен көрермендерінің ықыласына бөленді. Бүгінгі фестиваль – елге еңбек еткен, ұлттың рухын күлкімен көтере білген азаматқа көрсетілген құрмет. Ағамыздың өмір жолы – жас қаламгерлер мен өнерпаздарға үлгі, өшпес өнеге. Аудандық фестивалге қатысушы әзіл-сықақ драма үйірмелеріне сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
Кеш барысында сатирикпен қызметтес, замандас болған ел ағалары – Нажмадин Шамұратов, Жанат Бекжанов, Сақтаған Есмаханов және Құдайберген Есекеев сахна төріне шығып, Әдрасул Ахметов жайындағы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.Фестиваль қорытындысы бойынша «Көрермен көзайымы» аталымымен аудандық оқушылар Үйінің «Өнегелі орда» драма ұжымы, «Өнерлі ұжым» аталымымен Бекарыстан би ауылдық мәдениет Үйінің «Шабыт» драма ұжымы, «Ойлы әзіл» аталымымен Жалаңтөс батыр ауылдық клубының драма ұжымы, «Сатира саңлақтары» аталымымен Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығының «Қазалы қалжыңы» ойын-сауық отауы, «Үйлесімді сатира» аталымымен Әйтеке би кенттік мәдениет Үйінің «Кент шоу» драма ұжымы, «Күлдіріп отырып жылатқан» аталымымен Қ.Пірімов ауылдық клубының драма ұжымы марапатталды.

Сонымен қатар сатириктің достарының шешімімен фестивальдің бас жүлдесін иеленген «Қазалы қалжыңы» ойын-сауық отауына «Үздік әзіл-сықақ» арнайы номинациясы табысталды.
Осылайша, аудандық сатира сахнасында өзіндік ізін қалдырған, өткір тіл мен ұтқыр қалжыңымен ел есінде қалған Әдрасул Ахметовтың 70 жылдық мерейтойына арналған мазмұнды шара сәтті аяқталды. Ол салған сара жол кейінгі буынға өнеге, сөз өнерін серік еткендерге бағдар болары анық.
Арайлым ЖҮСІПОВА














