Бақытты балалық шақтың мекені

Бүгінде үздіксіз білім беру еліміздің ертеңі жас ұрпақтың білімнің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты қабілеттері жоғары ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес байлығы. Балабақша – бақыт мекені. Әйтеке би кентінің №5 ықшам ауданында орналасқан №21 «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасы» 2014 жылы қазан айында кішкентай бүлдіршіндерге өз есігін айқара ашты. «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып, материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған. Мұндағы мамандар заманауи технологиялар бойынша ұдайы білім жетілдіріп тұрады. Ұлт болашағы – бүлдіршіндерді заман талабына сай тәрбиелеуде елеулі үлес қосып келеді.
– Балабақшамыздың алға қойған мақсаты – елді өрге сүйрейтін білімді, жан-жақты дамыған, шығармашыл тұлғаны қалыптастыру. Балабақшада бөбектерге үздіксіз білім беруде барлық жағдай қарастырылған. Балақайлардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына педагогтардың жаңа технологияларды қолдана білу сауаттылығы, өте жоғары. Заман өзгерген сайын әдіс-тәсілдер жаңарып, толықтырылып келеді. Балдырғандардың тілін дамытуда, қызықты үйрету үшін жаңа әдістер мен технологияларды өз тәжірибемізде қолданамыз. Балабақшадағы әр тәрбиешінің шығармашылық белсенділігі, жаңалыққа құмарлығы кәсіптік қызметіміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосады. Педагогтардың балаға қуаныш сыйлауға, талмай еңбек етуге деген тілегі мен талпынысы балабақшаны мейірімділік пен сүйіспеншілік аймағына айналдырады, – дейді №21 «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Жанат Көланова.
«Қызылорда облысының білім басқармасының «Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің №21 «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны мектепке дейінгі білім беруде ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалананады. Цифрлық білім беру ресурстарын қолдану арқылы мектепке дейінгі білім беру сапасын арттырады. Заман талабына сай инновациялық технологияларды енгізу үшін IT-жобасын іске асыру мақсатында қазір «IT балабақша» жобасымен жұмыс жүргізіп келеді.
Осыған орай өткен жылдың қаңтар айында арнайы кабинет ашылды. Балабақшадағы мектепке дейінгі жастағы балалар үшін «Қызықты робототехника» робототехника үйірмесі жұмыс жүргізеді. Үйірме жетекшілігіне білікті маман Меруерт Тәңірбергенова тағайындалды. Онда балалардың қоршаған әлеммен өзара қарым-қатынас жасауына қажетті танымдық және зерттеушілік әрекеттерінің қарапайым, әрі шығармашылық дағдылары меңгертіледі. Сонымен бірге зерттеу іс-әрекетін дамыту бойынша бүлдіршіндердің жас ерекшеліктері ескеріліп, «Тәжірибе әлемі» зерттеу-тәжірибе жасау бөлмесі іске қосылды.
Жас өскіндердің денсаулығын сақтау дене шынықтырудың әртүрлі нысанында шығармашылық, танымдық және сөйлеу қабілеттерін дамыту бағытында «Зерек балақай» шахматшылар бөлмесі ашылды. Үйірмеде «Айналайын» мектепалды тобының бүлдіршіндеріне Б.Көзімай жетекшілік етеді. Бұнымен қоса «Алақай, балақай» қуыршақ, «Алтын сақа» асық, «Әнші балапан» вокал және хор мен «Өрнек» би және «Қолөнердің нәзік әлемі» шебер қолдар үйірмесі жұмыс жүргізеді.
2023 жылдың желтоқсан айында аудандық білім бөлімінің «Мектепке дейінгі ұйымда тәрбиелеу мен оқыту үшін баланың жас ерекшеліктеріне сәйкес біліктіктері мен дағдыларын әрекет түрлерінде ойын арқылы қалыптастыру» тақырыбында аудандық семинар ұйымдастырылды. Былтыр мамыр айында облыстық оқу орталығы жоспарына сай «Тәрбиеленушілердің дене, зияткерлік және жеке тұлғалық дамуын қамтамасыз етудегі жаңашыл бағыттар, ортақ ізденіс, тиімді нәтиже» облыстық вебинар өткізілді.
Сонымен қатар өткен жылдың желтоқсанында аудандық білім бөлімінің жоспарына сәйкес «Мектепке дейінгі ұйымда заман талабына сай ақпараттық технологияны пайдалану арқылы цифрлық білім беру мазмұнын енгізу» аудандық семинары ұйымдастырылып, балабақша педагогтері аудандық білім бөлімінің алғыс хаты және облыстық оқу орталығы сертификатымен марапатталды.
Балалар ордасында 12 топта 280 бала бар. Мұнда баланы қабылдау, ойын, жатын, ыдыс-аяқ және қол жууға арналған, меңгеруші, әдіскер мен медициналық және шаруашылық меңгерушісі кабинеттері, логопед, дефектолог, есепші, педагог-психолог, музыка, денешынықтыру залы, оқшаулау бөлмесі қарастырылған. Бұдан бөлек ой-пікірін айта алатын, салауатты өмір салтына сай дені сау, жан-жақты азамат ретінде тәрбиелеу мақсатында балабақшада дене шынықтыру нұсқаушысы, педагог ұйымдастырушы, педагог-психолог, логопед, дефектолог мамандары, музыка жетекшісі, би жетекшісі жұмыс істейді.
Балабақшаның басты міндеттерінің бірі – балалардың денсаулығын сауықтыру. Бұнда сауықтыру шаралары үнемі жүргізіледі. Қазіргі заман талабына сай жабдықталған спорт залы бар. Дене шынықтыру нұсқаушылары әрбір ұйымдастырған оқу қызметімен қатар спорттық іс-шараларды тиімді өткізеді. Балабақшаның жүрегі – музыка залы. Музыка жетекшісі Меруерт Шапихованың басқаруымен көңілді ұйымдастырылған оқу қызметі және мерекелік іс-шаралар мен ертеңгіліктер үздіксіз өткізіледі.
«Ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле» деген бар. Сондықтан да балалардың ой-өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарының молаюына тәрбиешілердің сіңірген еңбегі зор.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА