Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда балалардың 17%-дан астамы күн сайын тәтті сусын ішеді

Қазақстанда балалардың 17%-дан астамы күн сайын тәтті сусын ішеді

Фото: pixabay.com
Қазақстандағы мектеп оқушыларының 20 пайыздан астамында артық салмақ бар, ал 6 пайыздан астамы семіздікке шалдыққан. Балалардың 17 пайыздан астамы қант қосылған сусындарды аптасына 6–7 рет тұтынады, деп хабарлайды  BAQ.KZ.
Бұл туралы Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы басқарма төрағасының орынбасары Жанар Қалмақова мәлімдеді.
Маманның айтуынша, артық салмақ пен семіздік Қазақстандағы қоғамдық денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерінің біріне айналған. Бұл жағдай ересектер арасында ғана емес, балалар арасында да алаңдаушылық туғызып отыр.
Айтуынша, елдегі ересек тұрғындардың 20 пайыздан астамы семіздікке шалдыққан, ал артық салмағы бар адамдардың үлесі 55 пайыздан асады. Яғни әрбір екінші ересек адамның салмағы қалыпты мөлшерден жоғары.
Балалар арасындағы көрсеткіштер де көңіл көншітпейді. Соңғы ұлттық зерттеулердің нәтижесі бойынша, мектеп оқушыларының 20 пайыздан астамында артық салмақ бар, ал 6 пайыздан астамы семіздікке шалдыққан.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, денсаулықтың 55 пайызы өмір салтына байланысты, – деді Жанар Қалмақова елордада өткен баспасөз конференциясында.
Оның сөзінше, Қазақстанда жұқпалы емес аурулардың алдын алу маңызды міндет болып отыр. Олардың негізгі төрт тобына қан айналымы жүйесінің аурулары, онкологиялық аурулар, қант диабеті және өкпенің созылмалы обструктивті ауруы жатады.
Маман бұл ауруларды емдеу мен бақылауға жұмсалатын шығын ел экономикасына да айтарлықтай салмақ түсіретінін атап өтті. Оның мәліметінше, аталған ауруларға байланысты шығын көлемі 2,3 триллион теңгеге жетеді. Бұл – елдің жалпы ішкі өнімінің 4,5 пайызы.
Балалар неге зиянды тағамдарды жиі тұтынады?
Ұлттық зерттеулерге сәйкес, балалардың 17 пайыздан астамы қант қосылған сусындарды аптасына 6-7 рет ішеді. Яғни, олардың бір бөлігі мұндай сусындарды күн сайын тұтынады.
Сонымен қатар зерттеу нәтижелері зиянды тағамдардың жарнамасы кең таралғанын көрсеткен. Жанар Қалмақованың пайымдауынша, зерттелген жарнамалардың 72 пайызы денсаулыққа пайдалы емес тағамдарды насихаттауға бағытталған.
Маман ата-аналардың да балалардың тамақтану әдетін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Мысалы, кейбір ата-ана баласын жақсы баға алғаны немесе жетістікке жеткені үшін фастфуд мейрамханаларына апарып, осындай тағамдарды тұтынуға ынталандырады.
Оның пікірінше, балалардың бойында дұрыс тамақтану әдетін ерте жастан қалыптастыру қажет. Бұл ретте ата-аналарға, мектептерге және қоғамға ортақ жауапкершілік жүктеледі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда әрбір бесінші ересек адам семіздікке шалдыққаны хабарланды.
Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі фастфуд пен тәтті сусындар жарнамасына шектеу қойылатынын мәлімдеген еді.
09 қазан 2026 ж. 110 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031