Ұстаздық – ұлы іс

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген. Фарида Қожахметова ұлы істің игі жолында аянбай қызмет жасап келеді. Мерейлі кәсіпті көңіл қалауымен таңдап, бүгінде оқушыларды білім нәрімен сусындауда. Әріптестерінің айтуынша, абыройлы мұғалімнің жан дүниесі мейірімге толы, тұла бойы тұнып тұрған талант иесі. Бала болмысына өзгеріс енгізуші, бағыт-бағдар беруші, ата-ананың сенімді көмекшісі ретінде бағаланады.
Жалпы XXI ғасырдың нағыз ұстазы өз кәсібінің майталманы болуға ұмтылып, рухани күш-жігері мен парасат-қуатын аямай білімді шәкірт қалыптастыруға жұмсайды. Шынайы ұстаз өз шәкірттерінің жүрегінде білімге деген сарқылмас ынта-ықыласты оятады. Осы мақсаттағы жан-жақты іздену мен еселі еңбегінің арқасында Фарида Қожахметованың оқушылары да заманауи көштен қалмай түрлі аудандық, облыстық, республикалық сайыстардан жүлделі орындардан көрініп жүр. Арнайы марапаттарға ие болып, мектеп абыройын асқақтатып келеді.
– Мектеп атты қасиетті де, киелі шаңырақ құтты мекеннен адамзат баласының барлығы тәлім-тәрбие алып, өсіп өнеді. Балалардың күлімдеген көздерін, кіршіксіз пәк жүздерін көргенде кеудеме қуаныш сезімі ұялап, жүрегіме нұр құйылғандай болады. Әрбір ашық сабақ өткізген сайын күні бүгінге дейін өзімді жаңа ғана ұстаз болып келіп, жаңадан сабақ өткізіп тұрғандай сезінемін. Өйткені әрбір сабақ – үлкен жауапкершілік, үлкен абырой. Сол себепті де әрбір адам алған асуларын ұстаз еңбегінің жемісі, нәтижесі деп түсінулері керек деп ойлаймын.
Қазіргідей шалттықты талап етер мобильді заманда соны технологияларды қолданып, жаңаша еңбек ету – менің ұстанымым. Еңбегімнің бағасын ата-ана, жұртшылық береді. Солардың алғаусыз алғысы мен баланың «Апай, әдемі болып кетіпсіз!» деген сөздері шаршамай алға ұмтылуға септеседі. Өскелең ұрпаққа білім бере отырып, ел ертеңін қолға алар ізбасарларды тәрбиелеу мақсатында барлық күш-мүмкіндікті қолданудамын, – дейді Фарида Қожахметова.
Бүгінгі ұрпақ – бақытты ұрпақ. Себебі технологияның дамыған кезеңінде өмір сүріп жатқан жастарға алаңсыз білім алуға жан-жақты жағдай жасалған. Елдегі білім мекемелерін көбейту және олардың материалдық базасын заманауи қондырғылармен жабдықтау арқылы білім сапасын дамытуға барлық жағдай жасалуда. Осының барлығы кәсіби шеберлікті нығайтуға, мұғалімнің әлеуметтік мәртебесін жоғарылатуға ықпал етеді. Жақсы ұстазға екі ғана нәрсе керек, оның бірі – терең білім болса, екіншісі – үлкен жүрек. Балаға деген шексіз махаббаттың иесі болған ұстаз ғана өз еңбегінің жемісін көре алары сөзсіз.
Болашағы баянды, келешегі кемел мемлекеттің осындай жүректеріне махаббат ұялаған, сүйіспеншілігімен баурап алатын рухани бай жандардың өмірі үлгі-өнегеге толы болашақ ұрпаққа тәлім беруші ұлағатты ұстаздар қатары көбейсе, нұр үстіне нұр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА