Дәстүр мен инновацияның үйлесімі
Сүндеттеу – қазақ халқының ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан маңызды дәстүрлерінің бірі. Аталы үрдіс тек діни парыз немесе ұлттық жоралғы ғана емес, сонымен қатар баланың денсаулығы мен гигиенасы үшін үлкен маңызы бар медициналық процедура.Халқымызда маңызды рәсім «баланы мұсылман ету», «сүндет той жасау» деп аталады. Ежелден қазақтар осы міндетті абыройлы атқарып, үлкен той жасаған. Сүндеттелген бала жігіт қатарына қосылып, ересек өмірге қадам басады деп есептелген. Туған-туыстар мен ауыл ақсақалдары жиналып, балаға батасын беріп, сый-сияпат жасаған. Бұл ата-абамыздан қалған ұрпақ сабақтастығының көрінісі.
Заманауи медицина мен озық технологиялардың дамуы аталы үрдісті бала үшін барынша қауіпсіз етеді. Ал ата-ана үшін сенімді қылуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда медицинаның дамуы арқасында сүндеттеу рәсімі балаға физикалық ауырсыну тудырмайтындай және психологиялық стресске ұшыратпайтындай етіп жасалады. Ауыртпау және баланың үрейін азайту мақсатында осы күні қолданылатын негізгі әдістер мен түрлері баршылық.
Осы орайда биыл өз жұмысын бастаған жаңа балалардың заманауи сүндеттеу орталығы дәстүр мен инновацияны ұштастырып, ерекше қызмет көрсетуді қолға алды. Мұндағы басты басымдық медициналық сапа мен қауіпсіздік қағидаттарын қатаң сақтаумен қатар, баланың психологиялық жайлылығына аса үлкен көңіл бөлу. Орталықты медицина саласында 10 жылға жуық тәжірибесі бар мамандар ашып, басқарып отыр.
Бүгінгі уақытта хирург-травматолог Ырысбек Әскербеков пен хирург, анестезиолог-реаниматолог Аманқос Бекеев 200-ге жуық балаға сапалы қызмет көрсетті. Олар алдын ала жазба арқылы адамдарды қабылдайды. Сонымен бірге сенбі және жексенбіде де жұмыс істейді.
Мамандардың айтуынша, көп жағдайда балалар ақ халаттылардан немесе белгісіз ортадан қорқып, процедура алдында қатты қобалжитыны белгілі. Сол себепті де ойлана келе жаңа заманауи орталықты іске қосуды қолға алады. Осы психологиялық кедергіні жою үшін өз қаражаттарына алынған орталықта енгізілген VIP форматтағы сүндеттеу қызметі ерекше тиімділігімен көзге түседі.
– Айрықша тәсіл барысында бала арнайы жабдықталған жайлы кушеткаға орналасып, өзіне ұнайтын ойындарды ойнап немесе сүйікті мультфильмдерін көріп отырады. Осындай таныс әрі көңілді орта қалыптастыру арқылы жас пациенттің назары медициналық процестен басқа жаққа аударылады. Осылайша үрей мен қобалжу толығымен сейіледі. Нәтижесінде, сүндеттеу бала үшін жағымсыз естелікке айналмайды. Керісінше ешқандай қорқынышсыз, жайлы жағдайда өтетін қарапайым процедура ретінде қабылданады, – дейді хирург, анестезиолог-реаниматолог Аманқос Бекеев.
Арнайы орталықта балалардың физикалық және психологиялық жайлылығымен қатар, ата-аналардың да жан тыныштығы толық қамтамасыз етіледі. Процедура басталмас бұрын білікті мамандар ата-аналармен жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Баланы алдын ала қалай дайындау керектігін айтады. Отадан кейінгі күтім бойынша барлық қажетті нұсқаулықтарды береді. Әр баланың жасы, физиологиялық ерекшеліктері мен денсаулық жағдайы жекелей ескеріліп, соған сәйкес оңтайлы әдіс таңдалады. Медициналық қауіпсіздік мәселесі қатаң бақылауда болып, санитариялық-гигиеналық талаптар мен асептика және антисептика қағидалары міндетті түрде сақталады.
– Заманауи ата-аналар бала денсаулығына аса жауапкершілікпен қарап, ұлттық дәстүрді сақтап, сапалы әрі қауіпсіз медициналық қызметтерді таңдауға ұмтылады. Жаңа орталықтың басты мақсаты да осы сұранысты толық өтеп, ата-баба жолын заманауи медицина мәдениетімен үйлестіре жалғастыру болып табылады. Бір күндік рәсім сияқты көрінгенімен, бала мен ата-ана үшін өте маңызды қадамды кәсіби мамандарға сеніп тапсыру баланың болашақтағы денсаулығы мен жан дүниесінің тыныштығына жасалған ең дұрыс инвестиция, – дейді хирург-травматолог Ырысбек Әскербеков.
Медициналық және гигиеналық артықшылықтарына мән берсек, қазіргі заманғы ғылым мен медицина сүндеттеудің физиологиялық тұрғыдан өте пайдалы екенін растайды. Яғни тері қатпарларының астында жиналатын бактериялар мен кірдің алдын алады. Ол тазалықты сақтауды едәуір жеңілдетеді. Несеп жолдарының инфекциялары мен түрлі қабыну процесінің қаупін азайтады. Болашақтағы кейбір жыныстық жолмен таралатын аурудың алдын алуға көмектеседі.
Бұрын бұл шараны халық емшілері немесе пышақшылар жасаса, қазіргі уақытта ол толығымен медициналық мекемелерде, білікті хирургтардың көмегімен жүзеге асырылады. Медициналық процедураның қауіпсіз, ауыртпайтын және санитарлық талаптарға сай өтуін қамтамасыз етеді. Дәрігерлер баланы 3 пен 7 жас аралығында, саналы түрде түсінетін және психологиялық тұрғыдан дайын болатын кезеңде сүндеттеуге кеңес береді.
Сондықтан сүндеттеу ата-баба дәстүрін сақтаумен қатар, баланың болашақтағы денсаулығына жасалған маңызды қадам.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА














