Болашаққа бағытталған бастама
Фото: Жасанды интеллектҚай заманда да бала тәрбиесі ең маңызды әрі жауапты міндеттердің бірі болған. Өйткені бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі елдің болашағы, қоғамның тірегі. Сондықтан баланың дұрыс тәрбие алып, саналы азамат болып қалыптасуы тек ата-анаға жүктелмей, бүкіл қоғамның назарында болуы тиіс.
Қазіргі заманда бала тәрбиесіне әсер ететін факторлар көбейіп отыр. Бұрын бала тәрбиесінде ата-ана мен мектептің ықпалы басым болса, бүгінгі күні оған интернет, әлеуметтік желі, түрлі ақпарат құралы қосылды. Бұл бір жағынан баланың білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан, оның мінез-құлқы мен дүниетанымына кері әсер етуі де неғайбыл?.. Сол себепті ата-аналар баланың қандай ақпарат алып жүргеніне, бос уақытын қалай өткізетініне ерекше мән бергені жөн.
Осы күннің балалары уақыт талабына орай технологиямен етене жақын өсіп келеді. Ұялы телефон, компьютер, түрлі ойын тәсілі олардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған. Әрине заманауи технологияны толықтай шектеуге қауқар жоқ. Дегенмен оны дұрыс пайдалану мәдениетін қалыптастыру – ата-ана мен ұстаздың міндеті. Баланың уақытын тек гаджеттерге арнап қою, оның кітап оқуға, шығармашылықпен айналысуға, спортпен шұғылдануға деген қызығушылығын төмендететіні айдан анық.
Бала тәрбиесінде отбасының рөлі ерекше екені даусыз. Данышпандарымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтпаған. Қалай десе де ұлттық құндылық бойынша баланың алғашқы тәрбиесі отбасында қалыптасатыны ақиқат. Ата-ананың сөйлеген сөзі, жасаған ісі, өмірге деген көзқарасы – бәрі балаға үлгі. Сол себепті де ата-ана өз әрекеті арқылы баласына жақсы өнеге көрсетуі қажет.
Сонымен қатар үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, еңбекқорлық, адалдық сияқты қасиеттерді бала бойына ерте жастан сіңіру маңызды. Бұрын қазақ қоғамында бала тәрбиесіне ата-анамен қатарласып, ата-әже, туыс-туған, ауыл ақсақалдары да араласқан. Мұндай ортада өскен бала үлкенді сыйлауды, қоғамда өзін дұрыс ұстауды үйренген.
Бүгінде мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс та ерекше маңызға ие. Баланың тәрбиесі тек білім беру мекемесінің міндеті деп қарау дұрыс емес. Мұғалім мен ата-ана бірлесіп жұмыс істегенде ғана бала тәрбиесі нәтижелі болады. Ұлағатқа толы ұстаз оқушының мектептегі білімін жетілдірсе, ата-ана баланың мінез-құлқы мен өмірлік құндылықтарының қалыптасуына ықпал етеді.
Сондай-ақ қазіргі таңда кіші буынды кітап оқуға баулу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу де маңызды мәселеге айналып отыр. Кітап баланың ой-өрісін кеңейтіп, тіл байлығын арттыратын негізгі құралдардың бірі. Ал ұлттық дәстүр мен салт-сананы бойына сіңірген жас ұрпақ өзінің ата-бабадан тараған тамыры мен тарихын және өнегеге толы қазақи мәдениетін терең түсінеді.
Дей тұрғанмен мықты ұрпақ қалыптастыруда тәрбиедегі ең маңызды нәрсенің бірі – мейірім мен түсіністік. Балаға талап қойып қана қоймай, оның ойы мен сезімін тыңдай білу де қажет. Кейде балалар ата-ананың назарын, жылы сөзін қажет етеді. Сондықтан үлкендердің баласымен жиі сөйлесіп, оның қызығушылығына көңіл бөліп отырса, олардың арасында сенімді қарым-қатынас құрылады.
Қорыта айтқанда, бала тәрбиесі бүтін бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның болашағына әсер ететін маңызды мәселе. Тәрбиелі, білімді, еңбекқор ұрпақ тәрбиелеу әрбір ата-ана мен ұстаз және қоғамның ортақ міндеті. Себебі дұрыс тәрбие алған бала ертең елін сүйетін, халқына қызмет ететін саналы азамат болып қалыптасады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА













