Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Азан шақырып ат қоюдың мәні неде?

Азан шақырып ат қоюдың мәні неде?

Қазақ халқында жарық дүние есігін шыр етіп ашқан сәбиге есім беру рәсіміне қатысты дәстүр мен салт-жоралғы бар. Ол – азан шақырып, ат қою деп аталады. Сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен азамат болсын деген ниетпен ырым етіп, ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға қолқа салады. Жақын-жұрағат жиналып, ат қоятын адам сәбиді қолына алып, «Аллаһу әкбар» деп азан шақырып, сәбидің оң құлағына есімін үш рет қайталап айтады. Бұл баланың есінде сол есім қалсын, құлағына сіңсін деген ниетпен жасалады. Сондықтан азан шақырып, ат қою қазақ халқының мұсылмандық жоралғысының қалыпты қағидаларының бірі болған.
Әкесі өзі азан шақыра алмайтын болса, имам-молдаларды шақырып, баланың басын құбылаға қаратып, оң құлағына аят жолын айтып, «мұның аты пәленше ..., сенің атың пәленше ...» деп, үш мәрте айқайлап айтатын болған. Рәсім аяқталған соң дұға оқылып, қатысқан туысқандары нәрестеге, оның ата-анасы мен туысқандарына ақ тілегін айтып, үлкендер батасын берген. Жиналғандардың ішінен біреуі қазанның құлағын даңғырлата қағып, балаға қойылған атты үш рет қайталап, жұртқа жария ететін болған. Ат қоюшы ата-ананың қалауымен сәбидің бетін ашып, көпшілікке көрсетеді. Бұл аты қойылған баланың елімен алғашқы жүздесуі деп есептелген. Әрбір іс-амалын асыл дінмен ­астастыра білген халқымыздың тілінде «азан шақырып қойған аты» деген тіркес осындайдан қалса керек.
Ислам шариғаты бойынша да туылған баланың құлағына азан шақырып ат қою – сүннет. Бұл орайда дін өкілдері: «Шариғат бойынша нәрестенің оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтылады. Ислам шариғатында жаңа туылған баланың құлағына азан шақырудың мән-мағынасы – оның бойына иман сөзін жастайынан сіңіру. Өйткені азан мәтінінде адам баласының Алла Тағалаға деген сенімі мен мұсылмандығын айғақтайтын куәлік сөздер қамтылған. Нәрестенің құлағына айтылған сөздер оның жүрегіне жетіп, иманды ұрпақ болып өседі.
Мұнымен қоса азан айтудың тағы бір сыры – азан сөздерінен шайтанның ат-тонын ала қашатынында. Өйткені ол нәрестені туылғанша бақылайды. Әрбір пенденің жанында қосақ-шайтаны болады. Ал шайтан-малғұн азанның дауысын естіген кезде құты қашып, қаша жөнеледі. «Азан шақырып, ат қою» жоралғысын сәби туылғаннан кейін жетінші күні жасаған жөн», – деген пікірде.
Бала дүниеге келгенде әр отбасы оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысады. Кейбірі заманына сай, ел арасында кең таралған, заманауи есімдерді қойып жатса, үлкендер ата-бабаларының, ұлы тұлғалардың есімін, енді бірі ежелгі есімдерді қояды. Есім адамның тағдырына, болмысына әсер ете ме? деген сауал төңірегінде ғалымдар ХХ ғасырдан бері зерттеу жүргізіп келеді. Соның негізінде адам есімдерін зерттейтін антропонимика ғылымы пайда болған. Ғалымдардың зерттеуінше, адам аты оның өміріне айтарлықтай әсер етеді екен, баланы неғұрлым көркем есімдермен атаған сайын, тұла-бойы да соған сәйкес көркемделе түседі.
Көбіне қазақтар ырымдап ат қойған. Мысалы, ертеректе бала туысымен ең алғаш кездескен кісінің атын қою дәстүрі болған. Мұн жақсы ырымға балаған. Сәбиге көз тимесін, өмірі ұзақ болсын деген мақсатпен мағынасы ерсі немесе сиқысыз есімдерді қойған.
Қалай болғанда да есімсіз адам болмайды. Кез келген жанға бұйырған аты беріледі. Ең бастысы – адам деген атқа, үлкен үміт, ақ ниетпен қойылған есімге кір келтірмеу. Сонымен қатар азан шақырып, ат қоюдың да мәнін жоғалтпағанымыз жөн.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
26 қыркүйек 2020 ж. 4 513 0

Сақ патшайымы – Зарина

11 қазан 2024 ж. 80

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 141

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 145

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031