Сүндет – мұсылманға міндет

Қазақ халқы баланы сүндеттеуді – ислам дінін қабылдағаннан кейінгі салтына сіңірген дәстүрдің бірі болып табылады. Ата-бабамыз баланы сүндетке тақ жасында отырғызған. Үш жаста, бес, жеті, тоғыз, одан кеш дегенде он үш жасында сүндеттеген. Дегенмен он үш жастан кешіктіруге болмайды. Өйткені, баршамызға белгілі шариғат бойынша ұл бала 13 жасында, ал қыз баласы 10-11 жасында балиғат жасына толады.
Сүндетке отырғызылған баланы «міне, енді азамат болдың», – деп ағайын-туысты жинап, ұлан-асыр той жасайтын болған. Бар жақсыны балаларының алдына қоятын қазақ халқы сәби дүниеге келгеннен бастап өмірінде маңызды деп атаған күндерін тойға айналдырған. Мысалы, құрсақтой, шілдехана, бесіктой, қырқынан шығару, тұсаукесер және сүндет той. Ағайын туысты жинап сүндеттелген баланың құрметіне той жасайтын кезде, осы тойда әсіресе баланың нағашылары үлкен рөл атқарады. Өйткені, қазақта бала үшін нағашы жұртының орны бөлек екенін жақсы білеміз. Баланың нағашы жұртынан, яғни жиеннің нағашысынан алатын үлесі болады.
Мәселен қазіргі кезде нағашылары бір тай мінгізіп жатады. Ал бұрынырақта «қырық серкеш» берсе, бір жерде «қырық шұбар тай» берген екен. Нағашы жұрты жиенінің сүндетке отыруына орай, ертеңгі күні төлі өсетіндей етіп, осы үлестің бір бөлігін, яғни, малын айдап келген. Оны өздеріне міндет ретінде қараған. Ер-азаматтың ауқатты болуы осылай өзіне берілген жеке мал басының жиналуынан басталған десек артық болмайды.
Сүндет той жасау бала қарақұлақтанып қатарға қосылған күннен бастап ат жалын тартып мініп, азамат атанғандығының алғашқы белгісі болып саналады.
Ал осы мәселені яғни сүндеттеуді діни тұрғыдан қарайтын болсақ, сүндеттеу – тамыры тереңге жайылған діни әдет-ғұрып.
Көптің көзін көрген ақсақал Құрмаш Нығметовтан мұсылмандық сүндетке отырғызу жайында сауал қойған едік, «Сүндетке отырғызу – тазалықтың, пәктіктің, мұсылмандықтың белгісі», деп бастады әңгімесін.
– Жалпы Ислам діні тазалықты жақсы көреді. Сүндеттеу – тазалыққа, өніп-өсуге пайдалы дәстүр. Ислам дінін қабылдау үшін сүндеттелу шарт емес. Өйткені, сүндетке отырғызу парыз емес, сүннет. Яғни, жасасаң игілігін көресің, жасамасаң күнә болып есептелмейді. Алайда, мұсылманшылықта сүндеттелген адамның дәрежесі сүндеттелмегеннен гөрі бір саты биік тұратынын білген жөн. Мысалы, жамағат намаз оқырда имамдыққа сүндеттелген мұсылман шығады. Басқа да артықшылығы көп, – дейді ол.
Дайындаған
Серік АҚМЫРЗА