Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сүндеттеудің сыры

Сүндеттеудің сыры

Бар жақсысын баласы, ұрпағына арнаған қазақ құрсақтой, шілдехана, бесіктой, қырқынан шығару, тұсаукесерден кейін сүндет той жасаған. Ол қарақұлақтанып қатарға қосылғандығынан бастап ат жалын тартып мініп, азамат атанғандығының алғашқы белгісі саналады.
Сүндет тойдың басқа тойлардан ертеректегі ерекшелігі – тойға сүндеттелетін баланың өзі шақыратындығында. Тіпті жолау­шы барып та шақырып келген. Өйткені бұл – баланың есейгендігінің белгісі. Өз тойына шақырып келген балаға барған жерінде шашу шашқан. Атының жалына орамал, шүберек байлап, қоржынына тәтті салған. Сыйлығын беріп жіберген. Ол бала ауылына келгенде «бізді де осы күнге жеткізсін» деген ниетпен елдің салған шашуынан барлығы бөлісіп алған екен. Ал тойға келген туған-туыстар, жекжат-жұрағаттар балаға міндетті түрде сый алып келген. Тіпті кейбір туыстары бала тойға шақырып барған кезде-ақ атаған малын жетектетіп жіберген.
Мұндайда «Ашамайлы атқа міндің, Мұсылмандық таққа міндің, Сүндетке отырғаның – иманды болғаның. Тойын тойлап, думанды болғаның» деп баланың көңілін өсіріп, дәрежесін көтеріп бағады. Балаға ата-әжесі, ата-анасы психологиялық жағынан «сен енді нағыз жігіт болдың» деген сияқты жігерлендіру сөздерін айтып, ауырсынуды сездірмеуге тырысады.
Баланы сүндеттеу тарихы тереңде жатса керек. Бұл туралы этнограф Досымбек Қатранұлы сүндеттеу дәстүрі Х-ХІ ғасырда исламнан келіп, жалпыхалықтық болғанын айтқан. Ислам дінінен өзге діндерде де сүндеттеу рәсімінің болғанына куә ретінде сүндеттеу дәстүрі еврейлерде ерекше мереке боп саналған.
Әр дәстүрдің өзіндік сыры бар. Дәстүр текке қабылданып, қолданыс қалпына енбесе керек. Мәселен, бір үйдің екі баласын қатар сүндеттеу кезінде ішін шөпке толтырған бала көлеміндей қапшық қуыршақты қатарына жатқызғанын біреу естісе, біреу естімеген болар.
3-5 жасар екі бірдей немересі бар туысымның тек 5 жасарын ғана сүндеттегенде: «Екеуін бірдей сүндеттей салмадыңдар ма? Екеуі бірге ойнап, қиналғаны білінбей кетер еді?» дегенде естігенім: «Екеуін бірдей сүндеттеуге болмайды. Біреуі ауырсынып, ұзақтау жатып қалады...» дегені болды.
Басқосқандар арасынан ер-азаматтар: «Бала күнімізде ауыл үйдің балаларын молда алдырып, бір үйге жинап, топырлата сүндеттейтін. Бәріміз жүгіріп кеткенімізде, арамыздан біреуі міндетті түрде ауырсынып, ұзақ жатып қалатын. Демек, астарында шындық бар екен де?..» десе, сөздің текке айтылмағанын қолдай кетті.
Әсіресе, дастарқан басындағы қария айтқан сөз бәрімізді таңқалдырды. Көне түркі заманында, бір үйден екі бала қатар сүндеттемеген. Сүндеттеген жағдайда үшінші етіп қапшық толы шөптен қуыршақ жасап, қатарына жатқызғанын айтты. Ешқашан естімеген, еш жерден оқымаған дерекке отырғандар түгел таңданыстық.
Қуыршақ жатқызуының себебін де сұрадық. Себебі өте қарапайым. Ертедегі адамдар «Ібілістің әскері екі бірдей қуанышты ата-анасынан қызғанып, біреуін алып кетпекке жетіп келеді екен. Сол кезде шетте жатқан үшінші баланы алып кетеді-міс. Үшінші боп жатқан шөп піспеленген қуыршақ қапшық болғандықтан, ауыртпалық қапшыққа түсіп, екі бала ауыртпалықтан құтылады» деген ырымға сенген.
Бұндай ырымды отырғандардан ешкім естімеген екен. Қария бұрын-соңды ешкім естімеген ырымды бала күнінде ауыл ересектері үкіметтен қорқып жасырын жасағандарын айтты. Кеңес үкіметі кезеңінде «жаза қолданады» деп қаймықса керек.Қызығы, ырымға құлақ аспағандардың екі баласының бірі ұзақ жатып қалып отырған. Дәлелге көздері жеткен халық, Тәңірлік нанымды қолдануға мәжбүр болған. Таңқаларлығы, бізге жетпеген ырым өз кезеңінде қолданысын ақтап отырған. Десе де қос ұлды қатар сүндеттемеудің құпиясының сақталмауының басты себебі – сүндеттеуді ескіліктің қалдығы деп, кеңестік саясаттың тыйым салуында жатса керек. Тыйым түбінде ислам дініне деген қарсылықтың жатқаны да жасырын емес.
Көнеде бабаларымыз ислам мен Тәңірге сыйынушылықты қатар алып жүргені белгілі. Әлі күнге жаңа түскен жас келінге отқа май құйдыру, бесікті адыраспан түтінімен алас­тау, нәрестенің бас жағына қасқырдың кепкен тұяғын іліп қою секілді дәстүрлеріміз жалғасып келеді. Қуыршақ қапшықты қолдануда сақталмаған көне дәстүр болмысында Тәңірге сыйынушылықтың нақтылы белгісі тұр. Залалы болмаса бабалар сеніміне ие болған ырымды қолданғанның артықтығы жоқ. Осындайда қос діннің жағымды жағын қатар алған бабалар даналығына тәнті бола түсесің.
Бұл дәстүрге қазақ ерекше мән берген. Өйткені сүндетке отырғызылған бала ат жалын тартып мінуге қажет кезінде туған топырағын келген жаудан қорғауға даяр деп санаған. Сондықтан да көбіне сүндеттелген баланы атқа мінгізіп, көрімдігіне мал атап отырған. Оның да өзіндік сыры бар. Ырымның түбірінде жақсылыққа жетелеу жатқаны анық. Ат жалын тартып мініп, көпшілік ортасында тұрған балаға келе жатқан кесір-кесапатты аталған мал өзіне қаратып алады деген ырым, күні бүгінге дейін сақталып келеді. Әлбетте заманына қарай – көрімдігі. Бүгінде сүндет той үстінде малдың құнына татырлық ақшалай сый беріледі. Оңтүстік өңірде сүндет тойдың баладан кейінгі басты кейіпкері – нағашылар.
Баланың нағашылары үстіне екі басы сыйлыққа нық толған қоржын артылған атты ауздығынан жетелеп, той боп жатқан үйдін есігінің алдына алып келіп байлайды. Той басталғанда ауыздықты атқа мінген сүндеттелген баланы көпшілік алдына жетелеп шығу құрметін нағашылар атқарады. Осындайда «Ердің ер болуы – нағашыдан» дегенді текке айтпағанын түсінесің.Тойға келген жұртшылық тұсынан өткен баланың қоржынына көрімдігін салып, қуанышын еселете түседі. «Шаңыраққа ие болып қалатын, ұлдың аты – ұл ғой шіркін, қашанда...» деп әндетуде мән бар.Кейде көне ырымдарды қайта қалпына келтіргеннен ұтпасақ, ұтылмаймыз-ау деген де ой келеді.
Десек те бүгіндері сүндет тойды «ысырап» қылатындардың қатары да қалыңдай бастағанымен, ұлан-асыр той жасап, даңқын асырғысы келетіндер де жоқ емес. Қалай десек те бар жиғанын баласының жақсылық қуанышына арнаған ұлттың ұрпағы емеспіз бе?! Тек өткізіп жатқан тойдың мәні мен маңызын өсіріп отырған ұл-қызыңыз ұғынып өссе екен деген тілек қана бар бізде.

А.БАҚЫТҰЛЫ
14 ақпан 2022 ж. 1 215 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031