Тұғыры биік туған тіл
Бүгін – Қазақстан халқы тілдері күні. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген еді Ахмет Байтұрсынұлы. Иә, әрбір халықтың ғасырлар бойы жинаған ақыл-ойы, дүниетанымы, салт-дәстүрі мен мінез-құлқы ең алдымен оның ана тілінде көрініс табады. Тіл – ұлттың жаны, халықтың мәдени коды, болашаққа бастар алтын көпір. Елімізде дәстүрлі түрде аталып өтетін Тіл мерекесі – тек қазақ тілінің ғана емес, елімізде мекен еткен барлық этностардың тілдері мен мәдениетіне құрмет көрсететін ұлы бірлік пен татулықтың мейрамы.Бұл күннің қазақ халқы үшін орны ерекше. Себебі мемлекеттік тілдің тағдыры – тұтас елдің, егемен мемлекеттің болашағымен тікелей байланысты. Өткенде шегініс жасасақ, 1989 жылғы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» заң қабылданды. Ал мереке 1998 жылдан бастап тойланады. Сол жылдың 22 қыркүйегі Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланды.Алайда жиырма жылдан кейін атаулы датаның күні өзгерді. 2017 жылдың күзінде Үкімет қаулысымен Тілдер күні 5 қыркүйекке ауыстырылды. Себебі, 5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні еді. Сол үшін 2018 жылдан бастап атаулы датаның күні өзгеріп, 5 қыркүйекте мерекелене бастады.
Қазақ тілі қазақтың ұлт ретінде сақталып қалуының басты кепілі болды. Ғасырлар бойы талай тар жол, тайғақ кешулерді бастан өткерген ана тіліміз ұлт зиялыларының қажырлы еңбегі арқасында бүгінгі күнге жетіп отыр.Ұлт ұстазының ізін жалғаған әрбір буын ана тілінің қазынасын кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдыруды өздерінің басты борышы санады.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп Қадыр Мырза Әлі айтқандай, жаһандану дәуірінде әлемдік тілдерді меңгеру – заман талабы, бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші. Алайда өз ана тілін жеттік біліп, оны қадірлеу – әрбір саналы азаматтың қасиетті парызы.Бүгінгі таңда қоғамда «тіл тазалығы» мәселесі де өткір тұр. Күнделікті өмірде орынсыз шеттілдік кірме сөздерді қолдану, жарнама мен көрнекі ақпараттардағы қателер тілдің тұғырына сызат түсіретіні анық. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қолдану аясын кеңейту тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, әрбір қазақстандықтың жүрегінен орын алуы тиіс игі іс.
Жаңа ғасыр – цифрлық технология мен жасанды интеллект дәуірі. Қуантарлығы, қазіргі таңда қазақ тілі ғылым мен білімнің, интернет кеңістігі мен бұқаралық ақпарат құралдарының тіліне белсенді түрде айналып келеді.Әлеуметтік желілерде, YouTube платформасында және түрлі сайттарда қазақ тіліндегі контент көлемі жыл сайын артып келеді. Жастардың өз ана тілінде сапалы дүниелер жасауы, подкасттар мен блогтар жүргізуі – үлкен серпіліс.Латын графикасына көшу үдерісі– рухани жаңғырудың маңызды қадамы, әлемдік ғылым мен білім кеңістігіне интеграцияланудың төте жолы. Жаңа әліпби қазақ тілінің дыбыстық жүйесін заман талабына сай жаңғыртуға мүмкіндік береді.Мемлекеттік органдарда құжат айналымының негізгі бөлігі мемлекеттік тілге көшіп, бизнес пен қызмет көрсету саласы да қазақ тіліне бет бұра бастады.Дегенмен, бұл бағытта атқарылар жұмыстар әлі де жеткілікті.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Мәселен, елде 130-дан астам ұлт өкілдері тату өмір сүріп жатыр. Мемлекет құраушы ұлт – қазақтардың үлесі 70%-дан асады. Қазақстанда 100-ден астам ұлтқа Ассамблея жанында тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалған. 10-нан астам этникалық топтың өз тілдерінде оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау орталықтары жұмыс істейді. Елде тұратын әрбір этнос өкілінің өз ана тілін үйренуіне, салт-дәстүрін дамытуына толық жағдай жасалған. Мемлекеттік тіл – барлық этностарды біріктіретін ортақ қарым-қатынас құралына айналып келе жатыр. Қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің жетістіктері – еліміздегі тіл саясатының жемісі. Республикада 111 мемлекеттік орталық жұмыс істейді, онда ересектерге қазақ тілі тегін оқытылады.Қазақ тілін өз бетінше үйрену үшін Tilqural.kz, Abai.institute, Tilmedia.kz, Balatili.kz, Soyle.kz, Bala.soyle.kz, Qazonline, Ana tili қосымшалары жұмыс істеп тұр және тіл мәдениетін арттыру үшін «Мемлекеттік тіл және БАҚ», «Тіл шебері», «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқаулары, «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы және тағы басқа республикалық конкурстар жыл сайын өтеді.
Тілдің тұғырын биік ұстау – баршамызға ортақ қасиетті парыз. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, оны сапалы контентпен байыту және қоғамдық өмірдің барлық саласында толыққанды қызмет етуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса бермек. Рухани тамырымыз терең, мемлекеттік тіліміздің айбыны асқақ болсын!
Айнұр ӘЛИ














