Тазалық пен абаттандыру бақылауға алынды
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі Қазалы мәдени-демалыс кешенінде болды. Ол ондағы санитарлық тазалық, абаттандыру және көркейту жұмыстарының атқарылуымен танысты.Аудан басшысы кешен аумағының тазалығы, жасыл желектерді суғаруға арналған аяқ су арықтарының жағдайы мен сыртқы жарықтандыру жүйесі және жалпы эстетикалық келбетіне баса назарын салды.
Алмасбек Есмаханов жауапты тұлғаларға кешен аумағын әрдайым таза ұстап, қоқыстарды уақытылы шығару, қураған шөптерді жинау, сондай-ақ ағаштар мен гүлдерді күтіп-баптау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді нақтылады. Сонымен қатар аумақтағы кәсіпкерлік нысандарының сыртқы келбетін ретке келтіруді қолға алуды тапсырды. Олардың маңайын абаттандыру және белгіленген санитарлық талаптарға сай ету бойынша тиісті сала басшыларына міндеттемелер жүктеді.
Тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында кешендегі жарықтандыру жүйесінің ақаусыз жұмыс істеуі, қоғамдық орындардағы тазалықтың сақталуы және бейнебақылау камераларының үздіксіз қызмет етуі де басты бақылауға алынды.
Қазалы мәдени-демалыс кешені халықтың бос уақытын тиімді өткізетін маңызды орын екенін айрықша атап өткен аудан әкімі ауқымды аумақтың тазалығы мен көріктілігі әрдайым күнделікті назарда болуы тиістігін жеткізді.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат














