Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Руханият пен тіл – ұлттың тұғыры

Руханият пен тіл – ұлттың тұғыры

Сыр өңірі – қазақ өнерінің қара шаңырағы, тарих пен мәдениеттің алтын бесігі. Соның ішінде өр рухты Қазалы ауданының рухани бесігі өз өргенімен ерекшерас. Аудандағы мәдениет ошақтарының жұмысы, саладағы ауқымды жұмыстар және өзге де өзекті мәселелер төңірегінде Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Абай Дидаровпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Абай Әнесұлы, мәдениет – өнер жиынтығы емес, ол – ұлттың жаны, қоғамның тамыры және адам баласының өмір сүру тәсілі. Қоғам дамуында мәдениеттің рөлі мен маңызы зор. Әңгімемізді өңірдегі жалпы мәдени ахуалдан бастасақ...
– Мәдениет пен өнер – халықтың әлеуетін көтеріп, ұлттық кодты сақтайтын басты құрал болса, руханият пен тіл – ұлттың тұғыры.
Қазіргі ауданда халыққа сапалы қызмет көрсететін 50 мәдениет мекемесі бар. Оның ішінде мәдениет орталығы, 26 кітапхана және кент, қала, ауылдық округ әкімі аппараттарына қарасты 6 мәдениет үйі мен 17 клуб халыққа қызмет етіп келеді.
Дегенмен, заман талабына сай кейбір мәселелер де жоқ емес. Мәселен, Қазалы ауданы бойынша Тасарық, Лақалы, Бірлік, Шәкен және Сарбұлақ ауылдық клубтары әлі де бейімделген ғимараттарда орналасқан. Бұл аталған ауылдарға жаңадан клуб үйі ғимаратын салу – уақыт талабы. Дегенмен, мемлекет тарапынан бұл бағытта оң өзгерістер де аз емес. Өткен жылдың өзінде Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клуб үйі және «Руханият» орталығы ғимараттары пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындарының қуанышына айналды.
– Салаға бөлінген бюджет туралы айта аламыз ба? Ол істі ілгерілетуге қаншалықты қауқарлы?
– Әрине. Ашықтық пен сыбайластыққа жол бермеу – Әділетті Қазақстан дамуының алғышарты.
Айта кетуі керек, елдегі әлеуметтік жағдай жақсарған сайын, мәдениет салысна бөлінген қаржы мен мүмкіндіктер аясы жыл сайын ауқымын кеңітіп келеді. Биылғы жылы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бойынша бюджет 772 221,0 мың теңге, ал кент, қала және ауылдық клуб кәсіпорындарының бюджеті 1 349 472,0 мың теңге болып бекітілді. Бұл қаржы саланың тұрақты жұмыс істеуіне толық мүмкіндік береді.
Мемлекеттің аудандардағы мәдениет саласына деген көзқарасы айтарлықтай өзгеріп, «бюджеттің қалдық принципінен» біртіндеп «ұлттық код пен рухани жаңғырудың негізі» ретіндегі басым бағытқа айналып келеді.
– Тарқатып айтсаңыз...
– Соңғы жылдары ауылдық жерлер мен аудандардағы мәдениет ошақтарына республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлу көлемі артты. Жыл сайын миллиардтаған қаржы мәдениет саласын ұстауға және материалдық базасын нығайтуда.
«Ауыл – ел бесігі» сияқты мемлекеттік бағдарламалар аясында шалғай ауылдарда жаңа клуб үйлері, «Руханият» орталықтары мен кітапханалар салынып, ескі ғимараттар күрделі жөндеуден өтуде.
Өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және үйірмелерді қолдауға жол ашуда.
Мемлекет балалар мен жасөспірімдер, жастардың шығармашылық әлеуетін қолдауға баса назар аударуда.
Мәдениет орталықтары мен кітапханалар тек концерт қоятын немесе кітап беретін жер емес, қоғамға оң көзқарас пен сана қалыптастыратын идеологиялық алаңға айналып келеді.
Соңғысы, тарихи мұра мен тіл саясатын жергілікті деңгейде нығайтуда.
– Материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында биыл қандай жұмыстар жүзеге асты?
– Өнер ұжымдарының шығармашылықпен айналысуына, сахнада әсерлі көрінуіне жағдай жасау – басты міндетіміз. Биылғы жылы бюджеттен бұл мақсатқа арнайы 58 340,0 мың теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражат мәдениет саласының материалдық мүмкіндігін арттырып қана қоймай, өнерпаздардың шығармашылық ізденісіне жаңа серпін берді. Қаржының игілігі ретінде Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығындағы би ұжымдары, жүргізушілер, оркестр құрамына және өзге де өнерпаздарға арналған жаңа сахналық киімдер алынды. Сонымен қатар мәдениет ошағының заманауи талаптарға сай жұмыс істеуі үшін жаңа ауа баптау жүйесі мен LED экран орнатылды. Бұл жаңалықтар сахнаның көркемдік мүмкіндігін кеңейтіп, түрлі мәдени-көпшілік шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беріп отыр.
Әйтеке би кенттік және Ғ.Мұратбаев ауылдық мәдениет үйлеріне сапалы дыбыс күшейткіш аппараттары орнатылды. Ал Қазалы қалалық мәдениет үйіне жаңа LED экран және қажетті музыкалық аспаптар алынды. Мұндай қолдау өнер ұжымдарының репетиция өткізуіне, концерттік бағдарламаларды сапалы дайындауына және көрерменге кәсіби деңгейдегі мәдени қызмет ұсынуына оң ықпал етуде.
Жыл басынан бері аудан көлемінде ұйымдастырылған мәдени-көпшілік және шығармашылық шаралар тұрғындардың мәдени демалысын ұйымдастыруға, ұлттық өнерді насихаттауға және жас таланттардың қабілетін шыңдауға бағытталды.
Мәдениет саласына бағытталған мұндай қолдау алдағы уақытта да жалғасын тауып, өнер ұжымдарының шығармашылық әлеуетін арттыруға, ұлттық өнерді дәріптеуге және Қазалының мәдени тынысын одан әрі жандандыруға қызмет етпек.
– Мәдени-көпшілік шаралардың ауқымы қалай? Тұрғындардың ықыласына бөленген қандай ірі жобаларды атап өтуге болады?
– Ауданның мәдени саласы бойынша жыл басынан бері 1000-ға жуық мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Биылғы жылы Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған «Сәлем саған, туған ел» атты еске алу кеші жоғары деңгейде өтті.
Жыл ішінде Әуезовтер отбасылық ансамблінің «Өнермен өркендеген әулет» атты шығармашылық кеші өтті. Сонымен бірге Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай «Көк байрағым, желбіре» атты фестиваль-концертке ҚР Композиторлар Одағының төрағасы Балнұр Қыдырбек шақырылды. Шарада «Мырза» халық аспаптар оркестрі дирижері Рақымжан Әбілтаев пен облыстық Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Руслан Балмасов кеш бойы ұлттық музыканы әлемдік деңгейде насихаттап жүрген, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері- Балнұр Қыдырбектің, біртуар жерлесіміз, ҚР Мәдениет қайраткері, «Тәуелсіздік толғауы» конкурсының үш мәрте лауреаты-Сәукен Әліштің туындыларын нақышына келтіре орындады.
Сонымен қатар, ауданда қоғамдық-саяси маңызы бар түрлі деңгейде 8 облыстық іс-шара ұйымдастырылды. Олар КССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шынтас Нұрқожаевтың 90 жылдығына арналған «Еңбек ерін жырлаймыз» облыстық арнау айтушылар байқауы, режиссер, сценарист Насыр Баекеевтің 80 жылдығына орай «Театр – өмір айнасы» облыстық халықтық театрлар байқауы, ерекше қажеттіліктері бар балалар арасындағы «Бір әлем – бір жүрек» облыстық өнер фестивалі, Ғани Мұратбаевтың 124 жылдығына арналған «Мәңгілік шырқар жырымсың» облыстық жас ақындар мүшәйрасы. Сондай-ақ Қожахмет Дауылов пен Тынышкүл Орнықбайқызын еске алуға арналған «Еңбекпен өрілген өмір» жыршы-термешілер фестивалі мен Ақмырза Өтегенұлының 80 жасына арналған «Ақ баталы абыздар» байқауы өтті. Қазалы қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Қолғанат Мұраттың «Мұғалім» әлеуметтік драмасы, Сұлтанәлі Балғабайдың «Құдағилар» комедиясы, Әйтеке би кенттік клубы дайындаған Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түн» трагедиясы ұсынылды.
Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығын және атақты қолбасшы Жалаңтөс Сейітқұлұлының 450 жылдығын атап өту аясында республикалық деңгейдегі ауқымды шараларды өткізу жоспарлануда.
– Аудан өнерпаздарының халықаралық және республикалық байқауларға қатысу көрсеткіші қалай? Жас таланттардың жетістіктері көңіл қуанта ма?
– Аудан өнерпаздары биылғы жылдың басынан бері 5 халықаралық, 12 республикалық, 36 облыстық, барлығы 50-ден астам байқау-конкурстарға қатысып, жүлделі орындармен оралды.
Халықаралық «Бозторғай» конкурсында Ғ.Мұратбаев ауылдық мәдениет үйінің «Қызғалдақ» би тобы екінші дәрежелі дипломға ие болды. Ал Өзбекстанда өткен ХІ Халықаралық өнер байқауында Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің өнерпазы Әлия Ерғабыл «Көркемсөз» жанры бойынша Бас жүлдені жеңіп алды. Лақалы клубының әншісі Ұлдана Ерімбетқызы мен Абай клубының мүшесі Диас Иманғали Гран-При иегері атанды.
Бұдан бөлек, Астана және Арал қалаларында өткен республикалық байқауларда «Өнеге» әжелер ансамблінің мүшесі Ұлжан Ахметова, Әйтеке би кенттік мәдениет үйінің «Еңлік» би тобы, домбырашы Нұрперзент Ерікұлы және жас әншілер Әмина Оразбай мен Нұрдәулет Қанибай Бас жүлделер мен бірінші орындарды қанжығалады.
– Аудан көлеміндегі көркемөнерпаздар үйірмелері мен өнер топтарының жұмысы қалай жолға қойылған? Жас буынды тәрбиелеу бағытында қандай істер атқарылуда?
– Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, шығармашылығын қолдау – басты назардағы мәселе. Жыл сайын ауданымызда үйірмелер саны артып келеді. Қазіргі таңда аудан бойынша түрлі деңгейде жұмыс жасайтын 151 үйірмеге 1739 өнерпаз қатысады. Оның ішінде 91 балалар үйірмесінде 1102 бала, ал 34 жастар үйірмесінде 313 жас қамтылған. Бұдан бөлек, биылғы жылы жаңадан ашылған қосымша 3 үйірмеде 23 қатысушы өнер шыңына қадам басты.
Би, ән, домбыра, көркемсөз, ақындар, әжелер, вокалдық аспаптар ансамблі, «Қазалы қалжыңы» ойын-сауық отауы, қуыршақ балалар театры, «Сейхун» этно-рок тобы сияқты түрлі бағыттағы үйірмелер жұмыс істейді.
Сонымен қатар, Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығы жанындағы Жәдігер Тұрсынов атындағы халық театры, «Қорқыт сазы» фольклорлық ансамблі, «Мырза» халық оркестрі, «Мелодия» орыс ұлттық аспаптар ансамблі және басқа да халықтық ұжымдар бекітілген жоспарға сай халыққа жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді.
– Мәдениет үйлері мен орталықтарының жұмысын жаңа мазмұнда ұйымдастыруға бағытталған бастама «Адал адам – мәдени-тәрбие орталығы» тұжырымдамасы аясында қандай жұмыстар атқарылды?
– Бұл тұжырымдама – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, азаматтардың мәдениетін көтеру, жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру және шығармашылық орта қалыптастыру, қоғамды ізгілендіру мен жастарға дұрыс тәрбие берудің негізі. Ол ұлттық өнер мен мәдениетті насихаттау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жастардың шығармашылық қабілетін дамыту, кітап оқу, өнер, дәстүр мен тарихқа қызығушылықты арттыру, еңбекқорлық, адалдық, жауапкершілік сияқты қасиеттерді қалыптастыру, мәдениет үйлерін тұрғындар үшін ашық әрі тартымды мәдени-рухани ортаға айналдырусынды маңызды бағыттарды қамтиды.
Мәдениет үйлері мен клубтардың ғимараттарына тақырыпқа сай ішкі және сыртқы безендіру жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күнге дейін аудандағы 24 мәдениет ошағында тұжырымдаманың 7 бағыты бойынша 1002 шара өткізіліп, оған 87 323 көрермен қамтылған. Бұл жақсы көрсеткіш әрі халықтың рухани сұранысын толық өтейтінін көрсетеді.
– «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының мақсатының бірі «Кітап оқитын ұлт» жобасы. Бұл жай ғана кітап оқу акциясы емес, қоғамның оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді интеллектуалдық бастама ауданда қалай жүзеге асуда? Жалпы, кітапханалар жайы туралы білсек...
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыру, сыни және аналитикалық ойлайтын қоғам қалыптастыру, білім мен мәдениетке қызығушылықты күшейту тұрғысынан көтерді.
Бұл бағытта ауқымды шаралар жүзеге асуда.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 26 кітапхана халыққа рухани қызмет көрсетеді. Кітап қорын байыту мақсатында биылғы жылы бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, жаңа әдебиеттер сатып алынды.
Жыл басынан бері кітапхана саласы бойынша 952 шара ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда кітап қоры 581 567 дананы құраса, оқырман саны 17 323 адамға, ал келушілер саны 154 377 адамға жетті. Кітап берілімі 350 мыңнан асады.
Жыл көлемінде аталып өткен айтулы даталар аясында көптеген ірі шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда:
23 сәуір – Ұлттық кітап және кітапханашылар күніне орай «Оқитын аудан» жобасы мен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қатысуымен «Кітап керуені» акциясы, 10 тамыз – Абай күніне арналған «Абай әлемі» әдеби-мәдени фестивалі, Спорт күніне орай ұйымдастырылған «Жас оқырман – жас спортшы» атты спорттық тренингтер тұрғындар мен жастардың кітапханаға деген қызығушылығын арттыра түсті.
– Аудандағы мәдени шаралардағы белсенділік жоғары. Ал шалғай ауылдардағы мәдени нысандардағы маман тапшылығы мен шығармашылық жұмыстардың сапасы қандай деңгейде? Жастарды ауылға тарту үшін қандай ынталандыру шаралары қарастырылған?
– Бұл мәселеге біз ерекше мән беріп отырмыз. Рас, шалғай елді мекендердегі мәдениет үйлері мен кітапханаларда маман тапшылығы жасырын емес. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар біртіндеп жолға қойылып, мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде.
Бос жұмыс орындарына мәдениет саласында арнайы білімі бар жастарды тартуға, олардың еңбек етуіне қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Оларды қолдауға бағытталған мемлекеттік ынталандыру тетіктері де бар. Көтерме жәрдемақы төлеу, тұрғын үй мәселесін шешуге жеңілдетілген несие беру секілді мүмкіндіктер ұсынылады.
Бұдан бөлек, аудан көлемінде тәжірибелі мамандар мен жас кадрлардың өзара тәжірибе алмасуы, ауылдық мәдениет ошақтарындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыруына жағдай жасалуда. Жастардың өз ауылында еңбек етіп, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беру – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі.
Әр елді мекеннің жағдайын жеке қарастырып, бар мүмкіндікті тиімді пайдалану арқылы ауыл мәдениетінің сапасын арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз.
– Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және сақтау жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?
– Қазіргі таңда Қазалы ауданы бойынша мемлекет қорғауына алынған 6 республикалық, 76 жергілікті маңызы бар және 1 алдын ала тізімге енгізілген – барлығы 83 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Бүгінгі күнге дейін оның 21-нің қорғау аймағы мен ландшафты аймақтары белгіленіп, 73 ескерткішке қорғау тақталары орнатылды және теңгерімге алынған.
Биылғы жылы аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, 1914-1947 жылдары Ғани Мұратбаев оқыған мектеп, Локомотив депосының №1, 2 шеберханасы және Әйтеке би ескерткіші сияқты 4 ескерткіштің қорғау аймақтарын белгілеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 10 ескерткіштің құжаттары толықтай рәсімделу үстінде.
– Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру және көрнекі ақпарат мәселелерін реттеу бағытында қандай іс-шаралар атқарылуда?
– Тіл саясатын дамытуға арналған аудан әкімдігінің арнайы қаулысы мен іс-қимыл жоспары бекітіліп, соған сәйкес жүйелі жұмыс атқарылуда. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында «Таза тіл» тобының жылдық жоспарына сәйкес түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Әйтеке би, Жанқожа батыр, Р.Бағланова, Қ.Пірімов көшелері мен базар, вокзал маңындағы кәсіпкерлік нысандарды аралап, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы талаптарын түсіндірілді. Кәсіпкерлерге арнайы әдістемелік парақшалар таратылып, заң талаптарын бұзған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 75-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылатыны ескертілді.
Бұдан бөлек, ұлы ойшыл ақын Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық байқауы ұйымдастырылып, тілдің қолданыс аясын кеңейтуге өз үлесімізді қосып келеміз.
– Кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айттыңыз. Дегенмен, әлі де көшелердегі жарнамалар мен маңдайшаларда грамматикалық қателер немесе заң талаптарына қайшы келетін тұстар кездесіп жатады. Бөлім тек ескерту жасаумен шектеле ме, әлде нақты шара көретін өкілеттігі мен тетіктері толық жұмыс істей ме?
– Бұл мәселеге тек ескерту жасап, сонымен шектелеміз деп айтуға болмайды. Көшелердегі жарнамалар мен маңдайшалардың сауатты әрі қолданыстағы талаптарға сәйкес орналастырылуы – біздің тұрақты бақылауымыздағы бағыттардың бірі.
Кәсіпкерлер арасында бұл бағытта тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Әсіресе жаңа нысан ашатын кәсіпкерлерге маңдайша мәтінін дайындау, мемлекеттік тілдің дұрыс қолданылуы және жарнама орналастыру талаптары алдын ала түсіндіріледі. Қателер анықталған жағдайда кемшілікті түзету жөнінде ескерту беріліп, талапқа сай нұсқасын ұсыну қажеттігі айтылады.
Сонымен бірге бөлімнің өз құзыреті шегінде атқаратын жұмысы бар. Барлық жағдайда бірден айыппұл салу немесе әкімшілік жаза қолдану бөлімнің тікелей өкілеттігіне жатпайды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті уәкілетті органдармен бірлесіп қаралады.
Біздің мақсатымыз – кәсіпкерге кедергі жасау емес, керісінше, кәсіпкерлік нысандардың заң талаптарына сай, сауатты әрі көркем безендірілуіне жағдай жасау. Бұл – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтумен қатар, ауданның жалпы мәдени келбетін қалыптастыратын маңызды жұмыс.
– Мазмұнды да тұшымды сұхбатыңызға көп рақмет! Аудандағы мәдениет пен тіл саласының абыройы асқақтай берсін!
Сұхбаттасқан Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
05 қыркүйек 2026 ж. 49 0

Тұғыры биік туған тіл

05 қыркүйек 2026 ж. 49

Сыр бойындағы маңызды сапар

05 қыркүйек 2026 ж. 50

Әке беделі биігінде ме?

05 қыркүйек 2026 ж. 49

Мәдениеттің қамалы берік

05 қыркүйек 2026 ж. 49

Жанашыр дәрігерлер

05 қыркүйек 2026 ж. 41

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930