Қазақстандағы зейнетақы реформасы: Ұлттық банк басшысы мән-жайын айтты
Қазақстанда зейнетақы жинақтарын басқару жүйесіне үлкен реформа дайындалып жатыр. Қазақстандықтар үшін не өзгеретінін және бұл олардың зейнетақы қаражатына қалай әсер ететінін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Не өзгереді?
Ұлттық банк БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін кәсіби басқарушыларға беруді жоспарлап отыр. Қарапайым тілмен айтқанда: қазақстандықтардың зейнетақыға жинаған ақшасының бір бөлігі арнайы компанияларға беріледі, олар бұл қаражатты инвестициялап, табыс табуға тырысады.
Басқарушы компаниялар конкурс арқылы іріктеледі.
"Біз негізгі басқарушы ретінде портфельдерді бөлеміз. Ең беделді, қаржылық жағынан ең тұрақты кәсіби басқарушы командаларды – өзіміздің жергілікті компанияларды шақырамыз. Олар конкурс негізінде өз стратегиялары мен мүмкіндіктерін көрсетіп, осы активтердің белгілі бір көлемін басқаруға алады", – деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.
Зейнетақы ақшасын басқару жүйесін неге өзгерту керек?
Ұлттық банк төрағасы зейнетақы қорында "ұзақ" ақшаның үлкен көлемі бар екенін және оны ұзақ мерзімге инвестициялауға болатынын түсіндірді. Қазіргі уақытта бұл мүмкіндік толық деңгейде пайдаланылмай отыр.
"Зейнетақы ақшасын басқарудың ережелері мен тәсілдерін жаңартпайынша, біз бағалы қағаздар нарығын да дамыта алмаймыз, сондай-ақ зейнеткерлер үшін салымдардың кірістілігін де арттыра алмаймыз", – деді ол.
2013 жылдан бері БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін Ұлттық банк басқарып келеді. Бірнеше жыл бұрын салымшыларға жинақтарының 50 пайызына дейінгі бөлігін жеке басқарушыларға беруге мүмкіндік берілді. Алайда Сүлейменовтің айтуынша, бұл мүмкіндікті пайдаланғандар аз – қазір олардың басқаруында шамамен 120–130 миллиард теңге бар.
Қазақстандықтар басқарушыны өздері таңдай ала ма?
Тимур Сүлейменовке салымшылар өз зейнетақы жинақтарын басқарушыны өздері таңдай ала ма деген сұрақ қойылды.
Ұлттық банк басшысы мұндай мүмкіндік сақталатынын айтты. Егер адам өз жинақтарын зейнетақы басқарушысына дербес тапсырғысы келсе, ол бұрынғысынша мұны істей алады.
Бұл ретте БЖЗҚ басқаруында қалатын ақшаны басқарушылар конкурс негізінде таңдалады.
Кірістілікті кім қадағалайды?
Басқарушылардың жұмысы жүйелі түрде бағаланып отырады. Егер компания жақсы кірістілік көрсетсе, портфель сонда қалады. Егер нәтиже төмен болса, Ұлттық банк ақшаны қайтарып алып, басқа басқарушыға бере алады.
Сүлейменовтің айтуынша, Ұлттық қор активтерін басқаруда да осыған ұқсас тәсіл қолданылады.
Жаңа жүйе қашан іске қосылады?
Ұлттық банк басшысы мұны кезең-кезеңімен енгізілетін ауқымды реформа деп атады. Бағдарламаны 2026 жылдың аяғына дейін бекіту жоспарланған, содан кейін қажетті заңнамалық өзгерістер дайындалады.
Жаңа тәсілді 2027 жылдың аяғына қарай іске қосу жоспарланып отыр.
Жас ерекшелігіне қарай бөлінетін портфельдер туралы
Жас ерекшелігіне қарай бөлінетін портфельдер туралы
Қазір барлық дерлік салымшының зейнетақы ақшасы олардың жасына қарамастан бір стратегия бойынша инвестицияланады. Болашақта бұл тәсілді өзгерту жоспарланған. Жастар үшін жоғары табыс әкелуі мүмкін тәуекелділеу инвестицияларды таңдау көзделген. Адам зейнетке жақындаған сайын, оның жинақтары соғұрлым сақтықпен инвестицияланады – мысалы, сенімді және тез сатылатын активтерге көбірек салынады.
Нақты жас топтары мен ережелер әзірге анықталған жоқ.
Бұған дейін 7 қыркүйектен бастап Қазақстанда БЖЗҚ салымшыларының мүмкіндіктері кеңейтілетіні туралы жазған болатынбыз. Азаматтар міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан қаражаттың 100 пайызына дейін жеке инвестициялық портфель басқарушыларына беру құқығына ие болады.












