Әке беделі биігінде ме?
Фото: ашық дереккөзден алынды
«Әке – асқар тау» дейді дана халқымыз. Бұл ұғымның астарында әкенің биіктігі ғана емес, отбасы үшін арқалаған жауапкершілігі де жатыр. Несін жасырайық, уақыт озған сайын әкелік міндеттің мазмұны да өзгеруде. Бұрын отбасының негізгі асыраушысы болу әкенің басты жауапкершілігі саналса, бүгінгі қоғам одан баласының тәрбиесіне араласуды, оның жан дүниесін түсінуді, бірге уақыт өткізуді, қажет болса, бала күтіміне де жауапкершілік алуды талап етеді. Яғни бүгінгі әке үшін «отбасымды асырап отырмын» деу жеткіліксіз. Оның алдында одан да ауқымды міндет – баласына әке болу, отбасысына тірек болу, сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі көрсету жауапкершілігі тұр.
Әйтсе де, сол жауапкершіліктің жүгін бүгінгі әкелер қаншалықты лайықты көтеріп жүр? Әкелік беделдің салмағы бүгін немен өлшенеді? Осы сауалдар бізді ойландырған еді. Бүгін біз осы сұрақтарға жауап іздеп, қазіргі қазақ әкенің қоғамдағы орнын, бала тәрбиесіндегі рөлін және әкелік беделдің бүгінгі сипатын саралап көрдік.
Сандар сөйлесін
Шыны керек, қазақ қоғамында баланың тәрбиесімен негізінен анасы айналысуы керек деген түсінік әлі де бар. Дегенмен уақыт өте келе бұл сыңаржақ көзқарастың шеті сөгіліп келе жатқандай. Бұған елдегі зерттеу нәтижелері де дәлел.
2024 жылғы MICS зерттеуінде әкелердің бала тәрбиесіне араласу деңгейінде оң өзгеріс байқалған. Мәселен, баланың дамуына ықпал ететін кемінде төрт әрекетке қатысқан әкелердің үлесі 2015 жылы небәрі 6,6 пайыз болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 18,6 пайызға жеткен. Яғни он жылға жуық уақыт ішінде көрсеткіш үш есеге жуық өскен.
Бұл – жай ғана статистика емес. Оның астарында қоғамдағы әкелік рөлге деген көзқарастың өзгеруі, ер адамның отбасы мен бала тәрбиесіндегі жауапкершілігінің арта түсуі жатыр. Дегенмен мамандар бұл көрсеткішке қарап, «мәселе толық шешілді» деуге әлі ерте екенін айтады. Өйткені бала тәрбиесіне белсенді араласатын әкелердің үлесі артқанымен, бұл бағытта әлі де атқарылар жұмыс аз емес.
«Шын мәнінде, бала тәрбиесі – бір адамның емес, тұтас отбасының ортақ жауапкершілігі. Ана мейірімінің орны бөлек болғанымен, әкенің бала өміріндегі ықпалы да айрықша. Баламен сөйлесу, бірге ойнау, кітап оқу, оның қызығушылығына көңіл бөлу – мұның бәрі әкенің балаға берер тәрбиесінің бір бөлігі. Сондықтан 18,6 пайыздық көрсеткішті түпкі нәтиже емес, басталған өзгерістің белгісі деп қабылдаған жөн. Себебі балаға әкенің уақыты мен назары қажет екенін қоғам неғұрлым ерте түсінсе, соғұрлым отбасы институты да нығая түспек», – дейді сала мамандары.
Әкенің әрекеті – балаға бағдар
Қазақ қоғамында қашанда әке бала тәрбиесінен шет тұрған адам болмаған. Керісінше, балаға бағыт беретін, еңбекке баулитын, өмірдің жауапкершілігін көрсететін адам болған. Демек, бүгінгі әкенің баласының жаялығын ауыстыруы, тамағын беруі немесе балабақшаға апаруы қазақы тәрбиеден алыстау емес. Егер ол баласына жауапкершілікпен қараса, бұл – әкелік міндеттің заманауи көрінісі.
Үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы әке Қайрат Махамбетов балаға берілетін тәрбиенің сапасы мен мазмұнына әкенің де тікелей жауапты екенін айтады.
– Біз ер азаматты көбіне түздің адамы деп түсінетін түсінікпен өстік. Отбасының жағдайын жасау, бала-шағаны асырау – ер адамның міндеті деген ұғым санаға сіңді. Әрине, бұл жауапкершілік қазір де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Бірақ заман өзгерді. Бүгін балаға үйдегі тәрбие ғана әсер етпейді. Оның достары, араласатын ортасы, көретін дүниесі, әлеуметтік желі мен телефон арқылы алатын ақпараты бар. Осылардың бәрі баланың мінезі мен дүниетанымына ықпал етеді. Сондықтан баланың қандай адам болып қалыптасатынына әке де бейжай қарай алмайды, – дейді ол.
Қайраттың сөзінен бала тәрбиесіне деген көзқарастың өзгергенін аңғаруға болады. Оның айтуыншаа, әкенің міндеті баласына анда-санда ақыл айтып қоюмен шектелмеуі керек. Бала күн сайын қандай ортада жүр, не көріп жүр, кімдермен араласады, қандай мәселеге алаңдайды – мұның бәрі ата-ананың назарында болғаны жөн.
– Балаларымның саналы, сауатты, өзіне де, өзгеге де жауапкершілікпен қарайтын азамат болып өскенін қалаймын. Ол үшін олардың жанында болуға тырысамын. Кейде балаға ақыл айта бергеннен гөрі көңіл бөліп, тыңдай білуі маңызды. Баланың қуанышын бірге бөлісу, мәселесін тыңдау, дұрыс бағыт көрсету – мен үшін әкелік міндеттің бір бөлігі. Отбасын асырау – менің жауапкершілігім. Бірақ баламның қандай ортада өсіп жатқанын білу, оның тәрбиесіне араласу да сондай маңызды деп есептеймін, – дейді көпбалалы әке.
Шын мәнінде, бүгінгі әке алдында тұрған міндеттің жүгі бұрынғыдан жеңілдеген жоқ, керісінше, күрделене түсті. Себебі қазіргі бала ақпараттың ортасында өсіп келеді. Бұрын ата-ана баласының қандай кітап оқитынын немесе кіммен араласатынын бақыласа, бүгінде оның қолындағы смартфон арқылы әлемнің өзі үйге кіріп тұр. Бала көргенін, естігенін, оқығанын сүзгіден өткізіп қабылдай бермейді. Сондықтан оған дұрыс пен бұрысты ажыратуды үйрететін, сұрағына жауап беретін, күмәнін тыңдайтын ересек адам қажет. Өйткені бала әкесінен тек сөз емес, әрекет арқылы да үлгі алады. Әкенің еңбекке көзқарасы, адамдармен қарым-қатынасы, отбасына деген жауапкершілігі, анасына деген құрметі – баланың санасында қалып қоятын көрінбейтін тәрбие. Әкелік жауапкершілікті «үйге ақша әкелу» деген бір ғана ұғымға сыйғызу жеткіліксіз. Материалдық қамқорлық – әкенің міндеттерінің бірі болса, балаға уақыт бөлу, оны тыңдау, бағыт көрсету және өміріне араласу – екінші қыры. Ал мұндай жауапкершілік әкенің беделін төмендетпейді. Керісінше, баласының өміріне қаншалықты жақын болса, әкенің бала алдындағы сөзі де соншалықты салмақты болмақ.
Жауапкершіліктің жаңа қыры
Әкенің бала күтіміне араласуы бүгінде жеке отбасының таңдауы ғана емес, бірқатар елде мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналып отыр. Себебі бала тәрбиесіне әкенің белсенді қатысуы отбасының ішкі қарым-қатынасына ғана емес, әйел мен ер адамның еңбек нарығындағы мүмкіндіктеріне де тікелей әсер етеді.
Халықаралық еңбек ұйымының 2025 жылғы деректері бұл бағытта әлі де теңсіздік бар екенін көрсетеді. Әлем бойынша аналарға орта есеппен 24,7 апта ақылы ата-аналық демалыс берілсе, әкелерге арналған ақылы демалыстың орташа ұзақтығы небәрі 2,2 апта. Яғни көптеген елде бала күтімі әлі де негізінен әйелдің жауапкершілігі ретінде қарастырылады.
Дегенмен бұл ұстанымды өзгертуге бағытталған саясат та күшейіп келеді. Мәселен, ЭЫДҰ елдерінің басым бөлігінде әкелерді бала күтіміне тартуға арналған арнайы тетіктер қарастырылған. 2024 жылғы мәлімет бойынша, ұйымға кіретін 38 елдің 35-інде әкелерге арнайы ақылы демалыс берілген. Оның орташа ұзақтығы 12,7 аптаға жеткен. Ал 2023 жылы дерегі бар 22 елде ата-аналық демалыс төлемін алушылардың орта есеппен 26,1 пайызы ер адамдар болған. Бұл көрсеткіштің 2013 жылы 19,1 пайыз болғанын ескерсек, әкелердің бала күтіміне қатысуы біртіндеп артып келе жатқанын аңғаруға болады.
Әрине, Қазақстанды Скандинавия немесе ЭЫДҰ елдерімен әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескермей тікелей салыстыруға болмайды. Бірақ бұл тәжірибелер әкеге бала күтіміне қатысуға нақты мүмкіндік беріп қоймай, оны қоғамда қалыпты құбылыс ретінде қабылдауға жағдай туғызып отыр. Соның арқасында әкенің отбасыдағы рөлі де өзгеруде.
Қазақстанда да заңнама ата-анаға мұндай таңдау береді. Еңбек кодексінің 100-бабына сәйкес, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалысты ата-ананың таңдауы бойынша анасы да, әкесі де пайдалана алады. Демек, заң тұрғысынан алғанда, бала күтімі тек анаға жүктелген міндет емес.
Алайда нақты көрсеткіштер қоғамдағы жағдайдың әлі де өзгеше екенін көрсетеді. 2025 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем 590 мыңнан астам адамға тағайындалған. Оның ішінде ерлердің үлесі небәрі 1 039 адам, яғни 0,18 пайыз болған. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында бала күтіміне байланысты төлем алған 431 002 адамның арасында әкелер саны бар болғаны 134-ті құраған.
Бұл сандар бізге бір нәрсені аңғартады: мәселе заңда мүмкіндік бар-жоғында емес, сол мүмкіндікті пайдалануға қоғам қаншалықты дайын екенінде.
Әкенің бала үшін үйде қалуы әлі де көпшілік үшін қалыптан тыс шешім болып көрінуі мүмкін. Бұған отбасының экономикалық жағдайы, ер адамның табысы, жұмыс орнындағы көзқарас және бала күтімін әйелдің міндеті санайтын қоғамдық стереотиптер әсер етеді. Сондықтан әкенің декретке шығуын тек жеке адамның таңдауы ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл – отбасындағы жауапкершілікті қалай бөлетінімізге қатысты мәселе.
Кей отбасында балаға анасының көбірек уақыт бөлгені тиімді болуы мүмкін, енді бірінде әкенің үйде қалғаны қолайлы шығар. Маңыздысы – шешімнің кімнің ер немесе әйел болғанына емес, отбасының жағдайы мен баланың қажетіне қарай қабылдануы. Бәлкім, уақыт өте келе баламен үйде отырған әке қоғам назарын аударатын ерекше құбылыс емес, қалыпты отбасылық таңдаудың бірі ретінде қабылданар. Өйткені бала үшін ең маңыздысы – оның жанында кімнің отырғаны емес, сол адамның оған қаншалықты жақын әрі жауапты екені.
Әке болудың әліппесі бар ма?
Білемін, дәл осы сұрақ сізді де ойландырады. Біз де жауапты іздеп көрдік. Өйткені әке атану мен жақсы әке болу – бір нәрсе емес. Адамның әке атануы биологиялық тұрғыдан бір сәтте жүзеге асқанымен, әкелік қасиет пен жауапкершілік уақыт өте қалыптасады. Яғни әкелік – мәртебе ғана емес, үйренетін әрі дамитын мәдениет.
Бала дүниеге келгенде анаға нәрестені күту, тамақтандыру, денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты көптеген кеңес беріледі. Ал әкенің бала алдындағы эмоционалдық, тәрбиелік жауапкершілігі туралы жүйелі түсіндіру мен қолдау әлі де жеткіліксіз.
Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалып келеді. Мәселен, 2020 жылы Қазақстандағы Ұлттық комиссияның бастамасымен БҰҰ Халықтың қоныстану қорының қолдауымен ер адамдарды саналы әкелікке, жауапты жар болуға және отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған бастамалар қолға алынған.
Алайда саналы әкелік – белгілі бір жоба аясындағы түсінік қана емес, күнделікті өмірде қалыптасатын қарым-қатынас мәдениеті. Психолог Мадина Көбейсіннің айтуынша, әкенің бала өміріне араласуы оның күнделікті қажеттіліктерін өтеумен шектелмеуі керек.
«Бала үшін әкенің жанында болуы ғана емес, оны қалай тыңдайтыны, сезімін қаншалықты ескеретіні маңызды. Кейде әке баласының мәселесін шешуге асықпай, жай ғана тыңдай білсе де, үлкен қолдау көрсете алады. Әке мен бала арасындағы жақындық бір күнде қалыптаспайды. Ол күн сайынғы қарапайым әңгімеден, бірге өткізген уақыттан, қиын сәтте көрсетілген қолдаудан құралады. Сол себепті әкелерге тек міндет жүктеу жеткіліксіз. Оларға бала психологиясы, қарым-қатынас мәдениеті, жас ерекшеліктері туралы білім беріп, тәжірибе бөлісетін орта қалыптастыру да маңызды», – дейді психолог.
Түйін: Қош. Бүгінгі қарбалас тіршілікте уақыттың тапшылығы көп нәрсеге сылтау болуы мүмкін. Бірақ әкелік міндетті кейінге ысыруға болмайды. Балаға әкенің бір ауыз сөзі, бірге өткізген бір сәті, көрсеткен бір өнегесі кейде қанша дүние-мүліктен де қымбат. Өйткені бала әкесінің айтқанын ғана емес, оның өмір сүру салтын, қарым-қатынасын, адамға деген құрметін көріп өседі. Демек, әке тәрбиесі – сөзден бұрын әрекеттен басталады.
Нағыз әкенің абыройы – отбасының материалдық жағдайымен ғана емес, шаңырағындағы өзара сыйластықпен, бала жүрегіндегі сеніммен, жарының жанындағы орнықтылығымен бағаланады. Ұлттық тәрбиенің алтын арқауы да осындай отбасылардан жалғасады. Өз шаңырағында береке мен бірлікті орнықтырған әке – шын мәнінде, елдің ертеңіне қызмет етіп жүрген азамат.
Қазақтың «Әке көрген оқ жонар» деуі де тегін емес. Бүгінгі әкенің болмысы – ертеңгі ұрпақтың мінезі мен ұстанымына айналады. Сондықтан әкеге жүктелер жауапкершілік – бір отбасының шеңберінен әлдеқайда кең екенін естен шығармаған абзал.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














