Сыр бойындағы маңызды сапар
Бүгінде Сырдария өзені арқылы аудан аумағына 185 текше метр су келуде. Жоспар бойынша Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 250-300 текше метр көлемінде су жіберіледі. Қазіргі уақытта Ә.Тыныбаев атындағы су торабы арқылы Ақсай арнасына 3, «Оң жаға» каналына 7, «Сол жаға» каналына 10 текше метр секундына су жеткізілуде.Осыған орай Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов пен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов ауданға жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында комитет төрағасы мен инспекция басшысы аудан әкімі Алмасбек Есмахановпен бірге Ә.Тыныбаев атындағы су торабына барып, Сырдария өзеніне келіп жатқан суды тиімді пайдалану, оны реттеу және ауыл шаруашылығы саласына бағыттау мәселелерін қозғады.
Комитет төрағасы Сейілбек Нұрымбетов өңірдегі барлық дарияаралық, шабындық каналдар мен көлдер жүйесіне суды жеткізіп, толықтыру қажеттігі жөнінде пікір алмасты. Су ресурстарын тиімді басқару жергілікті ауыл шаруашылығына көмектесетін маңызды фактор екені белгілі.
Су торабынан кейін ауданға жұмыс сапарымен келген делегация құрамын аудан басшысы Басықара ауылындағы «АралРыбторг» ЖШС-нің 650 миллион теңге көлеміндегі тауарлы балық өсіру тоғанының жұмысымен таныстырды. Өткен жылдың қазан айында аталған шаруашылықтың балық өсіру тоғандарына 360 мың дана тұқым әкелініп салынды.
Қазір шаруашылықта тоғандардан балық жинау жұмыстарына даярлық жүргізілуде. Аталған жұмыстар қазан айында басталмақ.
«Арал Рыбторг» ЖШС-нің жетекшісі Қуаныш Өмірзақов қазан айында тоғандардан 500 тоннаға жуық тауарлы балық алуды көздеп оыр. Негізгі мақсат – өсірілген балықтарды халықтың игілігіне жарату, яғни нарыққа шығару.
Жалпы маңызды іс-шаралар ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, су ресурстарын тиімді пайдалануға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған.
Айнұр ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ













