Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәдениеттің қамалы берік

Мәдениеттің қамалы берік

Әрбір елді мекеннің мәдениеті мен рухани өркендеуі сол жердегі өнер ошақтарының жұмысына тікелей байланысты. Халықтың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, жас ұрпақтың өнерге деген құштарлығын оятуда ауылдық клубтардың атқарар рөлі ерекше. Солардың бірі – Ақжона ауылдық округі әкімі аппаратының «Майдакөл ауылдық клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны.
Мәдениет ошағы ауданға қарасты Майдакөл ауылында орналасқан. Типтік жобадағы бұл ғимарат 2025 жылы заманауи үлгіде бой көтерген. Кірпіштен қаланып, ең соңғы талаптарға сай тұрғызылған жаңа нысанның жалпы аумағы 557,98 шаршы метрді құраса, ғимараттың көлемі 510.83-ке тең. Бір қабатты мәдениет үйінің ішінде 100 орынға шақталған кең әрі жайлы көрермен залы және барлығы 9 бөлме жұмыс істейді. Ғимараттың жылу жүйесі де заман талабына сай шешімін тапқан – бу қазандығы арқылы орталықтандырылған түрде жылытылады. Клубты білікті басшы Бақытбек Темірханұлы басқарады.
Бүгінгі таңда Майдакөл ауылдық клубы жай ғана ғимарат емес, ауыл жастары мен өнерпаздардың шығармашылық алаңына айналып үлгерді. Қазіргі таңда клуб жанынан әр бағыттағы 5 үйірме жұмыс істейді. Бұл үйірмелерге ауылдың 65 қатысушысы белсенді түрде тартылған. Атап айтқанда, «Ән салу» үйірмесінде – 12 адам, «Інжу-маржан» би үйірмесінде – 34 адам, «Драма» үйірмесінде – 7 адам, «Ақберен» жас ақындар үйірмесінде – 8 адам, «Сыр сандуғаштары» ән үйірмесінде – 4 адам тәрбиеленуде. Сондай-ақ, «Қолөнер» үйірмесі де жоспарға сай өз жұмысын атқаруда.
Кез келген мәдени мекеменің жетістігі мен үйлесімді жұмысы оның ұжымына тікелей байланысты. Майдакөл ауылдық клубында штат бойынша барлығы 5.5 бірлік бекітілген болса, іс жүзінде 8 адам еңбек етуде. Ұжым екі бағыт бойынша жұмыс жүйесін құрған. Міне, осындай тату әрі ұйымшыл ұжымның арқасында Майдакөл ауылдық клубы ауылдың мәдени өмірін жандандырып, рухани құндылықтарды дәріптеу жолында тынымсыз еңбек етіп келеді. Жаңа ғимарат пен жігерлі жастардың тоғысқан жері – ауылдың болашағы мен өнердің өркендеуінің айқын көрінісі.
Мәдениет үйінде 2026 жылдың 6 айында өткізген мәдени-көпшілік шаралары жетерлік. Ауылдық клубта тұрғындардың бос уақытын тиімді пайдалану, жас таланттарды тауып, олардың өнерін халыққа таныстыру, жастар мен жасөспірімдерді патриоттыққа, отансүйгіштікке баулу, ұлттық өнер мен салт-дәстүрімізді насихаттау, Президентіміздің жолдауын және мемлекеттік тілді, жастар саясаты мен отбасы гендерлік саясатты жүзеге асыру бағытында, және тағы да басқа 2026 жылы 6 ай көлемінде жоспарлы және жоспардан тыс барлығы 28 іс-шара өткізіліп, оған 2830 көрермен қамтылған екен. Маусым айының 1-і күні «Майдакөл ауылдық клубы» МКҚК-ның ұйымдастыруымен «Би – сұлулық құдіреті» атты аудандық бишілер байқауы өткізілді. Қаралым саны 300-ге жетті.
Жоспарлы және жоспардан тыс 28 іс-шара өткізілген. Оның ішінде 28 шара – концерт, көрермен саны – 760. Кеш – 9, көрермен саны – 540. Мәдени іс-шаралар (балаларға арналған) – 3, қамтылған бала саны – 180. Жастарға арналған шара – 1, қамтылған жастар саны – 100. Өткізілген фестиваль-байқау саны – 2, қаралым саны – 300.
Жыл басынан бері ұйымдастырылған шараларды тізбектеп өтсек. Адал адам мәдени тәрбие орталығының “Сұхбат Time” жобасы аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Жасанды интеллекті дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау мақсатында ауылдық клубтың ұйымдастыруымен "Жаңа Қазақстан – жаңару мен даму жолында!" атты дөңгелек үстел өткізілген. Мақсаты – Президент Жолдауының мазмұнын терең ұғынып, ел болашағына деген көзқарасты қалыптастыру. Шараға белсенді оқырмандар, жастар, клуб қызметкерлері, кітапханашы қатысып, жолдауда айтылған жасанды интеллектті дамыту, цифрландыру, білім мен ғылым, әділетті экономика, агросектор, әлеуметтік әділеттілік және тиімді мемлекеттік басқару сынды 7 бағыт бойынша өз ойларын ортаға салды.
Майдакөл ауылдық клубы мен кітапханасы бірлесіп «Адал адам» мәдени тәрбие орталығының Еріктілер жобасы аясында, Наурыздың онкүндігінің екінші күні – Қайырымдылық күніне орай «Мейірім – мәңігілік қүндылық» атты қайырымдылық шарасын өткізді. Бұл күн – мейірімділік пен жанашырлықтың, адамгершілік пен бірліктің көрінісі. Қайырымдылық жасау – тек материалдық көмек көрсету ғана емес, ол айналаңдағы адамдарға жылы сөз айтып, қолдау білдіру, жақсылық жасау арқылы қоғамға ізгілік тарату. Адал адам мәдени тәрбие орталығының “ART-Уақыт” жобасы аясында Ұлттық киім күніне орай №98 мектеп ұжымы ерекше шара ұйымдастырды. Атап айтқанда, даярлық тобы мен 11-сынып оқушылары арасында ұлттық киімдердің сән үлгісі көрсетіліп, қазақтың бай мұрасы мен салт-дәстүрі дәріптелді. Шараны мектеп директоры Айдос Иманов құттықтау лебізімен ашып берді. Шара барысында оқушылар ұлттық киімдердің әсемдігін, нақышын және маңызын жоғары деңгейде көрсете білді. Бұл көрініс – өскелең ұрпақтың өз мәдениетіне деген құрметінің айқын дәлелі болды. Әділқазылар өз бағаларын беріп, үздік өнер көрсеткен оқушыларды «Ең үздік ұлттық киім» номинациясымен марапаттады. Көрермен саны – 100-ге жетті.
«Шабыт» еріктілер жобасы аясында Ұлттық спорт күніне Майдакөл ауылында шара өткізілді. Ұлттық спорт – ұлт келбеті, ұлттық рух, ұлттық намыс, тарих, мәдениетіміз бен дәстүріміздің көрінісі. Мақсаты – жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу, салауатты өмір салтын және қазақтың төл спорт түрлерін кеңінен таныту. Қаралым саны – 100.
21 наурыз күні – Адал адам мәдени тәрбие орталығының “ART-Уақыт” жобасы аясында Майдакөл ауылының орталық алаңында 22 Наурыз Ұлыстың ұлы күніне орай "Наурыз мереке, Наурыз береке” атты мерекелік шара өткізілді. Мереке – табиғаттың жаңарып, күн мен түннің теңелетін, жаңа жылдың бастауын білдіретін ерекше күн. Наурыз – тек күнтізбелік мереке емес, ол – татулықтың, бірліктің, ізгіліктің, жаңару мен берекенің символы. Шара аудан әкімінің орынбасарының құттықтау сөзімен ашылып, жиналған көпшілікке мерекенің мән-маңызы түсіндірілді. Ол өз сөзінде Наурыздың халықты біріктіретін, ұлттық құндылықтарды жаңғыртатын ерекше күн екенін атап өтті. Мереке аясында бірқатар игі және мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды. Тал отырғызу рәсімі – табиғатты аялау мен болашақ ұрпаққа жасыл орта қалдырудың белгісі ретінде өткізілді. Бұл – Наурыздың жаңару идеясымен үндес маңызды дәстүр. Спорттық сайыстар ұйымдастырылып, қатысушылар күш, ептілік және ұйымшылдықтарын көрсетті. Жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болды. Аудан әкімінің алғыс хаттары табысталып, белсенді азаматтар мен ұйымдар еңбегі бағаланды. Әр көше тұрғындары ақ дастархан жайып, ұлттық тағамдар ұсынып, көпшілікке қонақжайлылықтың үлгісін көрсетті. Ақсақалдардың батасы беріліп, елге амандық, береке, тыныштық тіленді. Ұлттық салт-дәстүрлерден көріністер көрсетіліп, жастарға тәрбиелік мәні зор өнеге ұсынылды. Соның ішінде ерекше атап өтерлік дәстүр – Танықовтар отбасының өткізген тұсау кесу рәсімі. Бұл – баланың өмір жолы ашық, қадамы нық болсын деген ниетпен жасалатын халқымыздың ежелгі ғұрпы. Мұндай рәсімдер ұлттық мәдениеттің сабақтастығын көрсетеді. Бұл жолы көрермен саны – 200-ден асты.
«Шабыт» еріктілер жобасы аясында, Майдакөл ауылдық кітапханасы мен клубының бірлесіп ұйымдастыруымен 18 сәуір Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай тарихи-мәдени мұраларды насихаттау, жас ұрпақтың бойына туған жер тарихына деген қызығушылығын арттыру, тарихи ескерткіштерді құрметтеуге тәрбиелеу , отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру мақсатында "Тарихты таны – ескерткіштерді қастерле" атты саяхат шарасы өткізілді.
"Креатив Хаб "жобасы аясында, Қазақстан Республикасының ұлттық бейнелеу өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі суретші Ағымсалы Дүзелхановтың 75 жылдық мерейтойына орай «Бақытты балалық шақ» атты сурет салу байқауы өткізілді. Аталған байқаудың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін дамыту, бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ оқушылардың эстетикалық талғамын қалыптастыру және олардың бойындағы дарындылықты қолдау болып табылады. Сонымен қатар, байқау арқылы балалардың бақытты балалық шаққа деген көзқарасын, қиялын және ішкі сезімдерін көркем бейнелеу арқылы жеткізуіне мүмкіндік жасалды. Байқауға №98 мектептің 1-4 сынып оқушылары белсенді түрде қатысып, өздерінің шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Оқушылар өз туындыларында табиғат көріністерін, достықты, отбасылық құндылықтарды, балалық шақтың қызықты сәттерін түрлі бояулар арқылы бейнеледі.
29 сәуір – Халықаралық би күніне орай Майдакөл ауылдық клуб жанынан құрылған би топтарының «Би – сұлулық құдіреті» атты жылдық есеп беру концерті жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді. Өнер мерекесінің басты мақсаты – ұлттық және заманауи би өнерін дәріптеу, жас таланттардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау, эстетикалық тәрбие беру және ауыл мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген өнерпаздардың жетістіктерін насихаттау болды. Кешті ауыл әкімі ашып, шараға сәттілік тілеп, бишілерді мерекемен құттықтады. Концерттік бағдарлама ерекше сән-салтанатымен, мазмұндық тереңдігімен және көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлауымен есте қалды. Кеш барысында бес жыл көлемінде ауылдық клуб жанынан құрылған би топтарының атқарған жұмыстары мен жетістіктері кеңінен таныстырылды. Өнерлі жастар мен бүлдіршіндер сахна төрінде әртүрлі жанрдағы билерді нақышына келтіре орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Шара шымылдығы әсем безендірілген сахнада орындалған көркем би композицияларымен ашылып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін қазақ билері көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Сонымен қатар заманауи, эстрадалық және халықтар достығын бейнелейтін би қойылымдары концерттің мазмұнын байытып, қатысушылардың шығармашылық ізденісі мен кәсіби шеберлігін айқын көрсетті. Әр қойылым көрермен көңілінен шығып, сахна мәдениеті мен орындаушылық деңгейінің жоғары екенін дәлелдеді. Концертке ауыл тұрғындары, ата-аналар, мәдениет саласының ардагерлері мен қонақтар қатысып, жас бишілердің өнеріне ризашылықтарын білдірді. Әсіресе, би үйірмесіне қатысушы балалардың сахнадағы еркіндігі, әсем қимыл-қозғалысы мен ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігі көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды. Кеш соңында би жетекшісі Нағима Шынболатқызына, Майдакөл ауылдық клубы жанынан құрылған "Жігер", "Жалын би тобының және Ү.Түктібаев ауылдық клубы жанынан құрылған "Тұмар", "Көзайым", " Шабыт", "Балапан" тобының ата-аналары ризашылықтарын білдіріп алғыс айтылып сый-сияпаттарын көрсетіп және өнерлі жастарға шығармашылық табыс пен биік белестер тіледі. Сонымен қатар би өнерінің дамуына үлес қосып жүрген жетекші мен белсенді қатысушыларға "Ақжона" ауылдық округі әкімінің және ауылдық клуб меңгерушісінің атынан арнайы алғыс хаттар табысталды. Өнерпаздар Е.Арапа мен Б.Әбдіқан орындаған әсем ән көрермен көңілінен шықты. Қөрермен саны – 100.
«Адал адам» мәдени тәрбие орталығының «Жанұя шуағы» жобасы аясында Майдакөл ауылдық кітапханасы мен клубының бірлесіп ұйымдастыруымен Халықаралық Отбасы күніне орай, отбасы құндылықтарын дәріптеу, көпбалалы аналардың өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, ата-анаға деген құрметті арттыру, ұлттық тәрбие мен бірлікті насихаттау мақсатында "Берекелі отбасы" атты көпбалалы ана Аяған Бибіажар әжеміздің отбасымен кездесу кеші өткізілді. Кеш барысында әжеміз өзінің өмір жолы, отбасының татулығы, бала тәрбиесіндегі ұстанымдары мен өмірлік тәжірибесі туралы және де келер жылы отбасы құрғанына 60 жыл толатынын, 11 құрсақ көтеріп 3 баласының өмірден өткенін, қазіргі таңда 31 немере, 16 шөбере сүйіп отырғанын әсерлі әңгіме етіп айтты. Ана отбасының берекесі – сыйластық пен сабырда екенін ерекше атап өтті. Сонымен бірге ақ жаулықты әже де өмірден көрген-түйгенін жастарға өнеге етіп, тәрбиелік мәні зор әңгімелер айтты. Кеш барысында ұйымдастырушылар берекелі отбасы иелерімен бірге дастархан басында бас қосып еркін әңгіме өрбітті. Ұлттық тағамдар ұсынылып, ұлттық салт-дәстүр, отбасы бірлігі, ұрпақ тәрбиесі туралы тағылымды пікірлер айтылды. Жылы жүздесу мен тағылымы мол кездесуде әжемізге сый-сияпат көрсетіліп, ақ батасын алып қайтсақ, отбасы мүшелеріне зор алғысымызды білдірдік. Бұл жүздесу отбасы құндылығының маңызын тағы бір айқындай түсті. “Сұхбат- Time” жобасы аясында Майдакөл ауылдық кітапханасы мен клубының бірлесіп ұйымдастыруымен 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегін насихаттау, өнер мен руханияттың қоғамдағы маңызын дәріптеу мақсатында «Мәдениет – ел рухы, өнер – халық айнасы» атты мәдениет қызметкерлерімен дөңгелек үстел өткізілді. Шара барысында қатысушыларға мәдениет саласына қатысты сұрақтар қойылып, еркін пікір алмасу ұйымдастырылды. Сонымен қатар әсем әндер шырқалып, өнер қызметкерлеріне арналған жылы лебіздер мен ақ тілектер айтылып, мәдениет пен өнердің қоғамдағы орны жайында тағылымды ой өрбітті.
1 маусым күні «Адал адам» мәдени тәрбие орталығының “ART-Уақыт” жобасы аясында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қазалы ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Майдакөл ауылдық клубының ұйымдастыруымен жас өрендердің шығармашылық қабілеттерін дамыту, өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру және би өнерін насихаттау мақсатында «Би – сұлулық құдіреті» атты аудандық би сайысы өткізілді. Мерекелік шараның шымылдығын ауыл әкімі ашып, барша бүлдіршіндерді айтулы мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде балалар – елдің жарқын болашағы екенін атап өтіп, олардың өнер мен білімге құштар болып өсуіне тілектестік білдірді. Сайыс барысында ауданның әр ауылынан келген өнерпаз бүлдіршіндер ұлттық және заманауи билерді нақышына келтіре орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Би – тілсіз өнер, жүректің үні» демекші, әрбір бишінің қимылынан әсемдік пен талғам, өнерге деген сүйіспеншілік айқын байқалды. Көрермендер әсем әуен мен мың бұралған бишілердің өнеріне ерекше ықылас танытып, ыстық қошеметтерін білдірді. Жеңімпаздар мен қатысушылар арнайы дипломдармен және сый-сияпаттармен марапатталды. Қаралым саны – 300-ден асты.
Ән – халықтың жаны , ал сол әнді жүрекпен жеткізетін әжелердің үні – ұлттың үні. Майдакөл ауылдық клубында ауылдық Әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен «Шуақ» әжелер ансамблінің құрылғанына 5 жыл толуына арналған есеп беру концерті ұйымдастырылды. Бұл кеш тек өнер мерекесі ғана емес – ұлттың ән өнерін насихаттаған, салт-дәстүрді дәріптеген және ауыл мәдениетінің дамуына үлес қосқан , өнегені өрнектеген басқосу болды. Кеш шымылдығы қазақтың салт-дәстүрінен сыр шертетін әсерлі компоцизиясымен ашылып, көрерменді бірден рух әлеміне жетеледі. «Шуақ» әжелер ансамблі осыдан бес жыл бұрын сол кездегі ауылдық клуб меңгерушісі, мәдениет саласының ардагері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын Е.Ағырайдың бастамасымен құрылып, ауылдың өнерлі әжелерін бір арнаға тоғыстырған шығармашылық ұжым ретінде қалыптасты. Е.Ағырай онлайн байланыс арқылы әжелер ұжымына ақ тілегін арнап, өнер жолындағы табыстарының мол болуын тіледі. Ал соңғы бір жыл көлемінде бұл жауапты қызметті ауылдық клуб меңгерушісі Б.Салжекен атқарып, ұжымның шығармашылық дамуына, концерттік бағдарламалардың сапалы өтуіне және музыкалық сүйемелдеудің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына зор үлес қосып келеді. Ол ансамбльдің сахналық жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетіп, өнер ұжымының тұрақты дамуына ықпал етуде. Ансамбльдің жетекшілігін ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Бақыткүл Әбдіреева атқарып келеді. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен өнерге деген жанашырлығы «Шуақ» әжелер ансамблінің шығармашылық деңгейін арттыруға және ұжымның бірлігін нығайтуға үлкен әсерін тигізді.
Айта кеткен жөн, бұл өткізілген шаралардың бір парасы ғана. Арнайы даталарда, күнтізбедегі әрбір маңызы бар мерекелерде клуб үйі түрлі концерт ұйымдастырып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлаудан жалыққан емес.
Майдакөл ауылы бұрыннан өнерге жақын, талантты жастары көп елді мекендердің бірі. Жаңа мәдениет үйі ауыл балаларының шығармашылығын, өз өнерін шыңдайтын орталыққа айналуы көзделуде. Болашақта бұл жерде театр қойылымдары, концерттер, түрлі байқаулар мен мәдени іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылмақ.

Айнұр ӘЛИ

05 қыркүйек 2026 ж. 48 0

Тұғыры биік туған тіл

05 қыркүйек 2026 ж. 49

Сыр бойындағы маңызды сапар

05 қыркүйек 2026 ж. 50

Әке беделі биігінде ме?

05 қыркүйек 2026 ж. 49

Мәдениеттің қамалы берік

05 қыркүйек 2026 ж. 49

Жанашыр дәрігерлер

05 қыркүйек 2026 ж. 41

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930