90 жастағы Социалистік Еңбек ері Құрылтай сайлауында дауыс берді
Қазалы ауданындағы Тасарық ауылдық округіне қарасты Лақалы ауылындағы №76 сайлау учаскесінде ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысқан ерекше сәт орын алды.Қазалы ауданының Құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері, мерейлі 90 жасқа толған Кәрібоз Әлимаұлы Әлимаев сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Жасы тоқсанға келген еңбек ардагерінің азаматтық белсенділігі – кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Ғұмырын ел игілігіне, ауыл шаруашылығының дамуына арнаған ардақты азамат ел болашағына қатысты маңызды таңдаудан тыс қалмай, өз дауысын берді.
№76 сайлау учаскесінде барлығы 198 сайлаушы тіркелген. Қазіргі уақытта олардың 50-ге жуығы дауыс беріп үлгерді.
Бұл – Лақалы ауылындағы тұрғындардың сайлау науқанына белсенді қатысып жатқанын көрсетеді.
Әр дауыс – ел болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі.













