Мерейі үстем мәдени мекен
Соңғы жылдары елімізде мәдениет саласын дамытуға ерекше ден қойылған. Әсіресе ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтарының жұмысын жандандыруға, сондай-ақ жаңа нысандар салып, өнерге бейімі бар жастардың талабын ұштап, шығармашылықпен айналысуына кең жол ашуда. Осындай игілікті жұмыстың жемісін ауданға қарасты Ақсуат ауылынан аңғаруға болады. 2020 жылы пайдалануға берілген 150 орындық клуб бүгінде ауылдың мәдени тынысын айқындайтын маңызды орталыққа айналған.Ұйымшылдығы жарасқан ұжым
Заманауи талапқа сай салынған ғимаратта мәдени-көпшілік шаралар, концерттік бағдарламалар, мерекелік кештер мен түрлі танымдық кездесулер тұрақты ұйымдастырылып келеді. Қазіргі таңда ауылдық клубта 11 қызметкер еңбек етеді. Оның төртеуі – мәдениет саласының жоғары білімді мамандары. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын мамандар ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, ұлттық өнер мен мәдени құндылықтарды дәріптеу жолында аянбай еңбек етуде.
Клуб жанынан құрылған жеті үйірме де жоспарға сәйкес тұрақты жұмыс істеуде. Мұнда балалар мен жастар өздерінің шығармашылық қабілеттерін шыңдап, өнер әлеміне алғашқы қадамдарын жасап келеді. Ән мен күйге, сахна өнеріне қызығушылық танытқан жас буын үшін барлық жағдай қарастырылған.
Ауыл мәдениетінің ажарын ашып жүрген өнер ұжымдарының бірі – «Жалын» вокалды-инструменталды ансамблі. Ұжым қазақ композиторларының таңдаулы әндерімен қатар орыс тіліндегі шығармаларды да орындап, түрлі мәдени іс-шаралардың сәнін келтіріп жүр. Әрбір концерт сайын көрерменнің ыстық ықыласына бөленген ансамбль ауыл өнерінің дамуына өз үлесін қосуда.
Ал ұлттық ән өнерін насихаттап жүрген «Алтын ана» әжелер ансамблі көпшілік арасында ерекше құрметке ие. Жетекшісі – Айсәуле Көшербаева. Жеті өнерлі әжеден құралған ансамбль халық әндері мен қазақ композиторларының шығармаларын нақышына келтіре орындап, ұлттық өнердің өміршеңдігін кейінгі буынға насихаттауда.
Айта кету керек, ауылдық клубының қызметі тек концерттермен шектелмейді. Мұнда Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Адал адам» мәдени-тәрбие тұжырымдамасы аясында рухани-адамгершілік бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта құрылған «Жауһазын ғұмыр» оқырмандар клубы кітап оқуды насихаттап, түрлі әдеби кездесулер мен танымдық басқосулар ұйымдастыруда. Сонымен қатар «Нұрлы жүрек» еріктілер тобы қайырымдылық, қоғамдық белсенділік және ізгілік қағидаларын дәріптеп, ауыл өміріндегі маңызды бастамаларға белсене атсалысып келеді.
Танымдық шараның тәлімі мол
Ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамыту және балалардың жазғы демалысын мазмұнды өткізу мақсатында биылғы жылдың алты айында ауылдық клуб мазмұнды әрі мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырды.
Есепті кезеңде барлығы 46 мәдени-көпшілік іс-шара өткізіліп, оған 3120 көрермен мен қатысушы қамтылды. Оның ішінде бір аудандық және бір облыстық деңгейдегі мәдени іс-шара жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, тұрғындардың зор ықыласына бөленді.
Жыл басынан бері өткізілген әрбір мәдени шараның негізгі мақсаты – ұлттық рухты жаңғырту, тарихи мұраны насихаттау, жастардың бойына патриоттық сезім қалыптастыру және қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайту болды.
Қаңтар айында балалардың таным көкжиегін кеңейту мақсатында «Мейрам» киностудиясының «Шабандоз қыз» көркем фильмі көрсетіліп, жас көрермендер ұлттық тәрбие мен батырлық рухты дәріптейтін мазмұнды туындыдан үлкен әсер алды.
Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арналған «Даланың дара ұстазы» атты таным сағаты ұйымдастырылып, қатысушыларға ағартушының өмірі мен шығармашылық мұрасы кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің болашағы мен жаңа жазу реформасын қолдау мақсатында «Латын әліпбиі – заман талабы» атты дөңгелек үстел өткізіліп, жастар өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Жастар саясатын жандандыру бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Ауыл студенттерімен «Жастар – жарқын болашақ» атты кездесу кеші ұйымдастырылса, ауыл жастары арасында «Ел ертеңі – жастар» атты сырлы сұхбат өткізіліп, олардың қоғамдағы орны мен жауапкершілігі туралы мазмұнды пікір алмасу өрбіді.
Ақпан айында ауылдық клуб жанынан құрылған «Нұрлы жүрек» еріктілер тобы қайырымдылық пен жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Қысқы қар мен мұзды тазалау жұмыстарына қатысып жүрген ауыл азаматтарына ыстық шай мен бауырсақ ұсынып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қолдау білдірді. Сондай-ақ еріктілер тобы ауылдағы Ақмырза ахун мешітінде тазалық жұмыстарын жүргізіп, рухани орынның көркеюіне өз үлестерін қосты.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау мақсатында «Жолдауды қолдау» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары кеңінен түсіндірілді. Сонымен бірге «Адалдық әлемі» атты кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Тарихымызды дәріптеу мақсатында қазақтың даңқты ханы Абылай ханның 315 жылдығына арналған «Қазақ ханы – Абылай» атты таным сағаты өткізілді. Қатысушыларға тарихи бейнеролик көрсетіліп, ханның ел тәуелсіздігі жолындағы ерлігі мен қайраткерлік тұлғасы кеңінен таныстырылды.
Ұлт әдебиетін ұлықтау бағытында ақын Қасым Аманжоловтың 115 жылдығына арналған «Қазақ жырының қыраны» атты поэзия кеші ұйымдастырылып, ақын шығармалары көркем оқылып, әдеби кеш әсерлі өтті. Ал кішкентай бүлдіршіндер үшін «Әжем айтқан ертегі» атты ертегі сағаты өткізіліп, халқымыздың ауыз әдебиеті үлгілері кеңінен насихатталды.
Отбасы институтын нығайту және гендерлік саясатты қолдау мақсатында «Мен анамын – әлемді әлдилеген» атты ауыл келіндері арасында байқау ұйымдастырылып, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеген өнерлі аналар мен келіндер марапатталды.
Алғыс айту күніне арналған «Мың алғыс саған – туған ел» атты кездесуде ауылдағы түрлі этнос өкілдері мен медицина қызметкерлері бас қосып, еліміздегі татулық пен бірліктің маңызын сөз етті.
Наурыз айының басында ауыл тұрғындарына қазақ кино өнерінің алтын қорындағы «Гауһартас» көркем фильмі ұсынылды.
Қолөнер шебері Сәулебаева Ләззаттың туындыларынан «Шебердің қолы ортақ» атты көрме ұйымдастырылып, ұлттық қолөнердің көркемдік ерекшелігі кеңінен таныстырылды.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әлемді әлдилеген әйелдер» атты мерекелік концерт жоғары деңгейде ұйымдастырылып, аяулы аналар мен қыз-келіншектерге құрмет көрсетілді.
Наурыз мерекесіне арналған Наурызнама онкүндігі аясында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мазмұнды іс-шаралар легі өткізілді. Амал мерекесіне арналған «Амалдан амалға – аман жетейік» атты сазды кеш, «Бір игі іс – мың алғыс» қайырымдылық акциясы, «Салт-дәстүрім – салтанатым» атты «Тулақ шашу» рәсімі, өнегелі Қожақовтар отбасымен «Шаңырақ күні» аясындағы сырлы сұхбат, ұлттық киім челленджі, ағаш отырғызу акциясы, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, балалар тренингі және «Армысың, Әз Наурыз!» атты мерекелік концерт ауыл тұрғындарының ерекше ықыласына бөленді.
Сонымен қатар «Тазару күні» аясында ауылдық клуб қызметкерлері мен еріктілер ауыл аумағын, дария жағалауын тазалап, ағаш көшеттерін отырғызып, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосты.
Сәуір айында КТК әзіл-сықақ кеші ұйымдастырылып, балаларға «Қажымұқан» мультфильмі көрсетілді. Аудандық «Үйірме – өнер баспалдағы» байқауына қатысып, шығармашылық үйірмелердің жұмысы жанданды.
Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай «Нұрлы жүрек» еріктілері Мағзаман баба кесенесінде тазалық жұмыстарын жүргізіп, тарихи-мәдени мұраларға құрмет көрсетудің жарқын үлгісін танытты.
Мамыр айы мерекелік шараларға толы болды. Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Береке – бірлікте, ырыс – ынтымақта» атты концерт, Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіске – ұрпақтан тағзым» атты тағылымды кеш өткізілді.
Балаларға арналған «Ақ балапан» мультфильмі көрсетіліп, Отбасы күніне орай «Отбасым – Отаным» атты жас отбасылармен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған «Мәдениетім – мәртебем» атты кездесуде ауылдың «Алтын ана» әжелер ансамблі мүшелерінің мәдениет саласына қосқан үлесі ерекше аталып өтті.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Естен кетпес сол мезет» атты тарихи-танымдық шара өткеннің ауыр сабақтарын ұмытпауға үндеді.
Маусым айында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Біз бақытты баламыз» атты мерекелік концерт ұйымдастырылып, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қайырымдылық акциясы өткізілді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған «Рәміздерім – алтын тұмарым» атты таным сағаты жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесін нығайтуға бағытталды.
Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Бақыт кілті» көркем фильмі көрсетіліп, жазғы демалыс маусымы қызықты мәдени бағдарламалармен жалғасты.
Есепті кезеңдегі ең ауқымды мәдени оқиғалардың бірі – Ақсуат ауылының ардақты азаматтары, еңбек ардагерлері Дауылов Қожахмет пен Орнықбайқызы Тынышкүлдің жарқын бейнесіне арналған «Еңбегім – еліме» атты облыстық жыршы-термешілер фестивалі болды. Бұл тағылымды өнер мерекесіне өңірдің танымал жыршы-термешілері қатысып, ұлттық өнердің құдіретін насихаттады.
Медицина қызметкерлері күніне арналған «Медицина – мейірім мекені» атты кездесу барысында ақ халатты абзал жандардың еңбегі дәріптелсе, Әкелер күні қарсаңында ұйымдастырылған «Әке – отбасының тірегі, ұлттың жүрегі» атты тағылымды кездесу жас ұрпаққа отбасы құндылықтарының мәнін терең түсіндіруге ықпал етті.
Жыл көлеміндегі мәдени іс-шаралар ұлы тұлғаларды ұлықтаумен де жалғасын тапты. Жазушы Баубек Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Алаштың ардақты арысы» атты таным сағаты өткізіліп, қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталды.
Өнермен биікті бағындырған
Мәдени шараларды мазмұнды ұйымдастырумен қатар, өнерпаздардың талабын шыңдап жүрген ұжым түрлі байқауларда бақ сынап, біраз белесті бағындырып, ауыл мерейін үстем етіп келеді. 2026 жылдың алғашқы алты айында клуб жанынан өнер көрсетіп жүрген дарынды жастар мен шығармашылық иелері аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі 15-ке жуық байқауға қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Ендеше, өнерпаздар бағындырған белестерге назар аударалық.
6 ақпан күні Қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Бүкілодақтық байқаулардың жүлдегері, әнші Кенже-Әлі Асқардың 70 жылдық мерейтойына арналған «Әсем үн, маржан сөз» атты дәстүрлі аудандық мәдени іс-шараларды жүргізушілер байқауына клуб қызметкері Гүлімай Қожахмет қатысып, шығармашылық шеберлігін танытып, Алғыс хатпен марапатталды.
10 ақпан күні Әйтеке би кенттік мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Қазақстанның өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған «Сәлем саған, Туған ел» атты аудандық әншілер байқауында Ақсуат ауылдық клубының өнерпазы Жарылқасын Жұбандық бақ сынап, жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Ал 13 ақпан күні Басықара ауылдық клубының ұйымдастыруымен «АРТ-уақыты» жобасы аясында өткен «Шарықта, қазақ даусы» атты аудандық әншілер байқауында Ақсуат ауылдық клубы жанындағы әжелер ансамблінің мүшесі Айсауле Көшербаева өнер көрсетіп, дара дауысы мен орындаушылық шеберлігінің арқасында бірінші орын иеленді.
Ұлттық руханият пен әдеби мұраны насихаттау бағытында да Ақсуат жастары белсенділік танытып келеді. 26 наурыз күні Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен Абай оқулары аудандық байқауына 8 сынып оқушысы Нұрсезім Жаңабай қатысып, көркемсөз оқу шеберлігін танытып, екінші орынды еншіледі.
Балалардың шығармашылығын дамыту, өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілген «Үйірме – өнер баспалдағы» атты аудандық өнер байқауы да Ақсуат ауылдық клубы үшін ерекше жетістіктерге толы болды. Байқауда көркемсөз оқу жанры бойынша 6 сынып оқушысы Балнұр Бектас өнер көрсетіп, Алғыс хатпен марапатталса, ән жанры бойынша 3 сынып оқушысы Дінмұхаммет Бердәулетұлы үшінші орынды иеленді.
15 сәуір күні ақын Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына арналған «Сырдан басталған жыр жолы» атты аудандық көркемсөз оқу шеберлері байқауына 9 сынып оқушысы Дәрменова Ырысалды қатысып, шығармашылық қабілетін көрсетіп, Алғыс хатқа ие болды.
Тарихи-мәдени мұраны насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Мұра – халық қазынасы» атты аудандық көрме байқауында Ақсуат ауылдық клубының өкілі Жаңабай Нұрсезім қатысып, ұлттық қолөнер мен шығармашылық ізденісін танытып, «Алтын қолдар» номинациясымен марапатталды.
17 сәуір күні Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен өткен облыстық «Айналдым, сенен Атамекен-ай» атты ән фестивалінде Ақсуат ауылдық клубының сүйемелдеушісі Айдархан Досаев өнер көрсетіп, Дипломмен марапатталды.
Ақсуат жастарының өнері облыстық деңгейде де мойындалып келеді. 18 сәуір күні Қызылорда облысында өткен Қазақстан Республикасының «SILK WFE CREATIVE GAMES» XVII Ұлттық жастар Дельфи ойындарының аймақтық іріктеу кезеңінде 11 сынып оқушысы Мерей Уәли өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан табылып, алтын алқа тағынып, арнайы жолдамаға ие болды.
20 сәуір күні ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының шығармашылығын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған республикалық «Дана Абай оқулары» шығармашылық байқауында Ақсуат ауылдық клубының атынан қатысқан Нұрсезім Жаңабай жоғары нәтиже көрсетіп, бірінші орынды қанжығаға байлады.
Спорттық бағыттағы мәдени шараларда да клуб қызметкерлері белсенділік танытты. 24 сәуір күні Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік кубогы» атты мәдениет қызметкерлері арасындағы облыстық бильярд турнирінде Ақсуат ауылдық клубының қызметкері Нұрбек Ибраимов қатысып, Алғыс хатпен марапатталды.
Жастар шығармашылығын қолдау бағытындағы жұмыстар да өз нәтижесін беруде. 27 сәуір күні өткен «Таланттар топ жарған күн» атты облыстық заманауи би байқауында Ақсуат ауылдық клубы жанынан құрылған «Vibe Tribe» би тобы өнер көрсетіп, көрермен ықыласына бөленіп, Алғыс хатқа ие болды.
28 сәуір күні Әйтеке би кенттік мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен «Әнші болғым келеді» атты тәрбиеленушілер мен тәрбиешілер арасындағы аудандық әншілер байқауында №9 «Балауса» бөбекжай балабақшасының музыка жетекшісі Ақтоты Бөкенбаева мен «Балақай» тобының тәрбиеленушісі Асылым Дүйсенбай өнер көрсетіп, жүлделі екінші орынды еншіледі.
13 мамыр күні мәдениет пен өнер қызметкерлері мерекесі аясында қазақтың тұңғыш кәсіпқой палуаны, әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына арналған «Күш атасын танымас» атты аудандық жігіттер сайысында Ақсуат ауылдық клубының атынан Айдархан Досаев қатысып, өз өнерін көрсетіп, Дипломмен марапатталды.
– Әрбір нәтиженің артында үлкен ізденіс пен тынымсыз еңбек жатыр. Бүгінгі қол жеткізген жетістіктеріміз – ұжымымыз бен өнерпаздарымыздың табанды еңбегінің жемісі. Бұл – біз үшін үлкен жауапкершілікпен қатар, жаңа бастамаларға жігер беретін серпін. Алдағы уақытта да Ақсуат ауылдық клубы өнерпаздардың шығармашылық қарымын шыңдап, мәдениет пен өнердің өрісін кеңейту жолында тың жобалар мен жарқын бастамаларды жүзеге асыра бермек. Сахна төрінде ауылымыздың абыройын асқақтатар сәттер әлі де көп боларына сеніміміз мол», – дейді кәсіпорын басшысы Рахымжан Қосмамбетов.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














