Майдакөлде мәдени ошақ ашылды
Мәдениет – ұлттың мәйегі дейді халқымыз. Соңғы жылдары ауданда осы бағытқа айрықша көңіл бөлініп, бірқатар мәдени нысандар бой көтерді. Ауылдық жерлерде жаңа мәдени ошақтар салынып, тұрғындардың рухани қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік артты. Өткен бейсенбіде Майдакөл ауылында соның бір дәлелі ретінде 100 орындық жаңа клубтың ашылу салтанаты өтті.Аталған шараға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасары әрі ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, сондай-ақ зиялы қауым мен ауыл халқы қатысты. Облыстық мәслихат төрағасы ауыл тұрғындарын жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтап, өңірдегі мәдениет саласының алға басқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы жариялаған «Қуатты өңірлер – қуатты ел» тұжырымдамасы бүгінде ел дамуының басты қағидатына айналды. Соңғы үш жылда Сыр өңірінде 19 жаңа мәдени нысан салынды. Оның ішінде 8 ауылдық клуб, 7 «Руханият орталығы» және «Анаға тағзым», Отбасы мен Өнер орталықтары, облыстық тарихи-өлкетану музейі бар. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Шиелі ауданының Бестам ауылындағы клуб қараша айында пайдалануға берілді. Бүгін міне, Майдакөлде 100 орындық клубтың есігі ашылып отыр. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы бұл қуанышты сәтпен баршаңызды құттықтаймын! Егемен еліміздің әр күні қуанышқа толы болсын. Сыр өңірі гүлдене берсін!», – деді Мұрат Жолкелдіұлы.
Шара барысында ел дамуына еңбек сіңірген ардагерлер мен жаңа клубты сапалы әрі уақытында салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Соңғы жылдары Қазалы ауданында даму қарқыны айтарлықтай артып келеді. Жанқожа батыр ауылында «Келешек мектебі» ұлттық жобасы бойынша 300 орындық заманауи мектеп ашылды. Әйтеке би кентінде «Руханият орталығы», прокуратура ғимараты, «Қазалы» мәдени-демалыс кешені, «Руханият сквері» және орталық алаң сияқты бірқатар жаңа нысандар пайдалануға берілді. Ақтан батыр мен Абай ауылдарына табиғи газ жеткізілді. Ал Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев елді мекендерін газдандыру жұмыстары әлі де жалғасуда.
Арайлым ЖҮСІПОВА














