Ақсуаттың ажары артпақ

Ақсуат ауылында 352 отбасы, 1730 тұрғын бар. Мұндағы клуб ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді пайдалануына арналған мәдени іс-шараларды жиі өткізеді. Атаулы мереке қарсаңында халықтың көңіл-күйін көтеріп, әсерлі кеш сыйлайды. Ақылы түрде би кештері мен концерттер, жалға беру және тағы басқа да жұмыстарды ұтымды ұйымдастырады. Ескі клуб ғимараты 1954 жылы күйдірілмеген кірпіштен салынған. 2014 жылдан бастап Майлыбас ауылдық округі әкімі аппаратының «Ақсуат ауылдық клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының теңгерімінде ұстап пайдаланылып келеді.
Тиісті сала мамандарының мәліметі бойынша Қызылорда облыстық «Құрылыс сараптама» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің берген 05.03.2013 жылғы №34 санды қорытындысымен Ақсуат ауылдық клубының ғимараты апаттық жағдайда екендігі көрсетілген. Бұл аталған клуб «Құрылысын салуға жататын білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары туралы» облыс әкімі өкімінің «Апаттық жағдайдағы ауылдық клубтардың орнына жүргізілетін құрылыстар» тізіміне енгізілген. Осы орайда 2018 жылы аудандық бюджет қаражатымен жоба әзірленген. Жуырда облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмысы қарқын алмақ.
– Ауыл көркейіп, гүлденуде. Өткен жылы балабақша салынып, айрықша қуанышқа бөлендік. Биыл клуб ғимараты бой көтереді деген жағымды жаңалықты естідік. Игілікті істер жалғасын тауып, әр отбасының түтіні түзу ұшса, одан асқан бақыт бар ма? – деп тұрғындар ризашылық білдіріседі.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА