МӘҢГІЛІК МҰРА

Аудан әкімі жиналған қауымды кәсіби мерекелерімен құттықтап, аудандағы мәдениет саласындағы жетістіктер мен алдағы жоспарланған жұмыстар жайында баяндады.
– Баршаңызды Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жыл сайын өңірімізде мәдениет саласында мәдени-көпшілік шаралар ғана емес, аймақ басшысының қолдауымен ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, Қазалы ауданында жуық арада ғана Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесі аясында «Руханият орталығы» ғимараты пайдалануға берілсе, мереке аясында аудан тұрғындары мен қонақтары абаттандыру және құрылыс жұмыстары жүргізілген Қазалы мәдени-демалыс кешенінің жұмысымен танысты. Бұдан бөлек, былтыр Кәукей ауылындағы 100 орындық жаңа клубты ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануға берсек, жыл соңына дейін Майдакөл ауылында 100 орындық клуб құрылысын толықтай аяқтап, ауыл халқының игілігіне пайдалануға бергелі отырмыз. Басқа да салада жоспарланған жұмыстар жетерлік. Осы бір айтулы мереке күні мәдениет пен өнер саласының барша өкілдеріне, әсіресе, мәдениетіміз бен өнерімізді өрістету жолында аянбай еңбек еткен аға ұрпаққа шынайы алғысымды білдіремін. Ел мәдениетінің одан әрі гүлденуіне, өнеріміздің асқақтауына қызмет етіп, халқымызды шығармашылық табыстарыңызбен қуанта беріңіздер, – деді аудан басшысы.
Салтанатты шарада мәдениет саласында елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар сала қызметкерлері мен ардагерлеріне Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат Министрлігінің «Құрмет грамотасы», Қазалы ауданының «Құрмет грамотасы» және облыс әкімі мен аудан әкімінің «Алғыс хаттары» табысталды. Одан соң мерекелік кеш облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жетістіктерге жетіп жүрген өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Айнұр ӘЛИ