Туған өлке – тұнған тарих
Көларық ауылдық округі, Ақтан батыр ауылында орналасқан Әзілхан ишан мешіті осы жерде жатқан бай мәдени мұралардың бірі. Имандылық үйі 1900-1910 жылдар аралығында Әзілхан ишанның тапсырысымен, жергілікті шебер ұста Әбілдай Нұрымбетұлының қолымен салынған.
Тарихи деректерге сәйкес мешіттің кірпіштері ерекше қоспалармен дайындалған. Атап айтқанда, бие сүтіне майдалап қиылған жылқының жалы мен ешкінің қылы қосылып иленген деседі. Мешіттің құрылысы қазақ халқының дәстүрлі архитектурасының элементтерін өз бойында жинақтайды. Заманының талаптарына сай мұнда намаз оқитын үлкен зал, қызметтік, бала оқытатын және тамақ дайындайтын бөлмелер де қарастырылған.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары мешіт мектеп, шеберхана, тауық фермасы, дүкен және қойма ретінде пайдаланды. 1962 жылы ол наубайхана қызметін атқарады, бірақ 1986 жылы ескерткішті «Қазжобақалпынакелтіру» институтының экспедициясы зерттеген. Егемендік алған жылдан кейін яғни 1991 жылы тарихи ғимарат қайтадан мешіт ретінде қолдануға рұқсат етілді.
Әзілхан ишанның тарихы да терең. Ол 1854 жылы Қазалы уезінің Көларық елді мекенінде, қазіргі Ақтан батыр ауылында дүниеге келген. Әзілхан ишан – Қожаназар, Тілеулес ишандардың замандасы, Бұхарадағы Көкiлтас медресесінде білім алумен даңқы шыққан. Ишан атауы ислам дінінің білгірі, мұсылмандардың жетекшісі және дін ғұламасы дегенді білдіреді. Ішкі рухани жетілдірумен бірге, олар медицинада, науқастарды емдеуде білімдерін пайдаланып, қоғамның рухани және материалдық өміріне ықпалы зор болды.
Мақаш Әбдікәрімовтың «Қожаназар ишан және ислам тағылымы» атты зерттеу еңбегінде Әзілхан ишанның елге келгеннен кейін ислам діні жөнінде уағыздар айтып, шәкірттер тәрбиелегені, ауру-сырқауларға шипа бергені туралы айтылған.
1913 жылы Қазалы уезінде атақты мешіттер мен көптеген мұсылман мектеп болған. Соның ішінде Әзілхан ишан мешітінің де тарихи жәдігер ретінде алар орны ерек.
1917 жылы Әзілхан ишан дүниеден озды. Дегенмен оның мұрасы, ислам дініне қатысты айтқандары мен білімін насихаттаған шәкірттері арқылы жалғасып келеді. 2015 жылы 25 мамырда Қызылорда облысы әкімдігінің №19 қаулысы негізінде «Әзілхан ишан» мешіті жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді.
Бүгінгі күні тарихи ғимарат мемлекет қорғауында және жастарға, мұсылмандар қауымына, сондай-ақ туристер үшін рухани-мәдени орын болып табылады.
Қазалы ауданындағы Әзілхан ишан мешіті халқымыздың тарихындағы бірегей ескерткіш, мәдени үрдісімізді сақтау мен болашақ ұрпаққа жеткізудегі маңызды рөл атқаруда. Одан әрі зерттеп, туристік маршруттарға енгізу арқылы, киелі жердің маңызын ұрпақтан-ұрпаққа жойылмаған күйі жеткізген абзал.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА












