Конституция
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: бүгінгі өзгеріс, ертеңгі даму

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: бүгінгі өзгеріс, ертеңгі даму


Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы – тарихымыздағы аса маңызды әрі тағдырлы кезеңнің бастауы. Бұл құжат тек құқықтық акт емес, мемлекетіміздің егемендігін нығайтып, саяси жүйені жаңғыртуға және қоғамдық дамудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық темірқазық.
Қазақстанның жаңа Конституциясы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Елдің Ата заңына енгізілген өзгерістерді заңгерлер, ғалымдар және сарапшылар қауымдастығының өкілдері талқылады. Мамандардың айтуынша, Конституцияның жаңа редакциясы шамамен 85 пайызға жаңартылған. Бұл ретте мемлекеттің негізгі қағидаттары сақталып, көптеген нормалар қазіргі заман талаптарына сәйкестендірілген. Жаңартылған Ата заңда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық бірегейлікті нығайту, мәдениет пен дәстүрлі құндылықтарды сақтау мәселелеріне ерекше басымдық берілген. Сонымен қатар цифрлық технологияларды дамыту және оларды құқықтық тұрғыдан реттеуге қатысты жаңа нормалар енгізілген.
ИННОВАЦИЯ МЕН БІЛІМ – ДАМУДЫҢ ДІҢГЕГІ

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия ұсынған жиынтық жоба – Ата Заңымызды түбегейлі жаңғыртуға жасалған батыл қадам. Құжат Преамбуладан, 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Осы ретте «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізіліп, басқа да бөлімдердің құрылымы жүйеленді. Жалпы алғанда, Конституцияның 77 бабына түзетулер енгізіліп, негізгі мәтіннің 84 пайызы жаңартылды.Бұл сан көрсеткіштер – еліміздің саяси келбетін мүлде жаңа деңгейге көтеруге деген саяси ерік-жігерді айғақтайды.
Жаңа редакцияға сәйкес, Қазақстанның унитарлы мемлекет және басқару нысаны президенттік республика екені қадап айтылды. Ата Заңның 4-бабында егемендіктің иесі де, биліктің бірден-бір бастауы да – Қазақстан халқы екені тайға таңба басқандай жазылды. Ендігі жерде «республикалық референдум» ұғымы «жалпыхалықтық референдум» деп өзгертіліп, халықтың ел басқару ісіне тікелей қатысу тетіктері барынша күшейтілді. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының құқықтық деңгейдегі көрінісі. Бұл реформаның бастамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында көтерілгені белгілі. Президент жасанды интеллект пен цифрлы технологиялар дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беру қажеттігін атап өткен еді. Жаңа Конституция жобасында білім мен ғылым, мәдениет пен инновация – мемлекеттің стратегиялық дамуының негізгі тіректері ретінде бекітілді. Цифрландыру, ғылыми зерттеулерді қолдау және адами капиталды дамыту – елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін басты факторлар. Бұл өзгерістер ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарының ұлттық дамудағы жауапкершілігін арттырып, Қазақстанды инновациялық экожүйесі қалыптасқан озық елге айналдыруды көздейді.
Қазақстандағы қолданыстағы құқық мәселелеріне арналған конституциялық нормалар нақтыланды. Олардың негізгі мақсаты – толық құқықтық айқындық пен болжамдылықты қамтамасыз ету. Елдің жекелеген аумақтарында «қаржы саласында» арнайы құқықтық режимді немесе «жедел дамитын қала» мәртебесіндегі арнайы құқықтық режимді енгізу мүмкіндігі туралы жаңа норма көзделді. Бұл Астана халықаралық қаржы орталығының қызметіне және Алатау қаласын дамытуға қатысты. Басты мақсат – елдің экономикалық дамуын жеделдету. Діннің мемлекеттен бөліну қағидаты тікелей түрде бекітіледі. Бұл зайырлы мемлекет қағидаттарына және азаматтардың діни наным-сенімдеріне қарамастан теңдігіне негізделген айқын ұстанымды қалыптастырады. Сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саясатының негіздері өзектендірілді. Олар – халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын құрметтеу, сыртқы саясатты бейбітшілік пен ынтымақтастық рухында жүргізу. Адам мен азаматтың негізгі құқықтарының барлық санаттарының мазмұны – жеке, әлеуметтік-экономикалық және саяси құқықтар – тиісті кепілдіктерді бекіту арқылы жаңартылды. Жеке адамның қол сұғылмаушылығына берілетін кепілдіктер күшейтілді. Атап айтқанда, адам қадір-қасиетімен қатар ар-намысының қол сұғылмаушылығы танылды, цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау және процестік ықпал ету шараларын қолдану кезіндегі адам құқықтары қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ «Миранда ережесі» мен кінәсіздік презумпциясы дербес қағидаттар ретінде бекітілді. Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау мақсатында неке мен отбасы құндылықтары түбегейлі түрде күшейтілді.Қазақстан Республикасы азаматтарының табиғатты сақтау және табиғи байлықтарға ұқыпты қарау міндеті белгіленді. Бұл қоршаған ортаны қорғау саясатының құқықтық негізін нығайтып, аталған бағыттың қоғамдық маңызын айқындайды. Пассивті сайлау құқығын іске асыруды нақтылау аясында жария билік органдарын қалыптастыру контексінде сыбайлас жемқорлыққа «нөлдік» төзімділік қағидаты күшейтілді.
ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ – БАСТЫ БАСЫМДЫҚ
Үшінші бөлім «Президент» саяси жүйенің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының қисынды жалғасы болып табылады.Президент сайлауын өткізу мерзімдері мен ант қабылдау тәртібі конституциялық деңгейде белгіленді. Бұл ретте Конституцияда көзделген жағдайларда кезектен тыс Президент сайлауын тағайындаудың жаңа тетігі енгізілді. Аталған сайлау тек Құрылтайдың шешімімен тағайындалады. Президенттің Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы, кадрлық өкілеттіктері мен нормашығармашылық функциялары айқындалды. Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздері мен тәртібіне қатысты конституциялық нормалар толықтырылды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының өз еркімен отставкаға кету құқығы нақты бекітілді.
Аталған рәсімдер конституциялық талаптардың сақталуын тексеретін Конституциялық Сот арқылы жүзеге асырылатын болады. Президенттің өкілеттігін Конституцияда белгіленген тәртіппен Вице-Президентке, Құрылтай Төрағасына немесе Премьер-Министрге беру рәсімдері нақты және айқын көрсетілген. Мемлекеттік биліктің жаңа институты – Вице-Президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктері регламенттелді.
Парламенттің жаңа бір палаталы моделіне арналған нормалар елдің Негізгі заңының төртінші бөліміне енгізілді.Құрылтай 145 депутаттан тұрады және олар пропорционалды сайлау жүйесі арқылы сайланады. Бұл саяси плюрализмнің дамуы мен партиялық жүйенің либерализациясына сәйкес келеді. Парламент палаталарының қолданыстағы өкілеттіктері, бірлесіп, кезең-кезеңімен немесе жеке-жеке жүзеге асырылатын болса да, жаңа бір палаталы модельге органикалық түрде интеграцияланды. Заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілердің ауқымы нақты анықталып, заңдармен реттелетін маңызды қоғамдық қатынастардың тізімі кеңейтілді, сондай-ақ заң жобаларын қараудың үш кезеңді моделі енгізілді. Аталған жаңашылдықтарды ескере отырып, Құрылтай Парламенттің кәсіби, жедел және тиімді жұмыс істейтін үлгісіне айналуға тиіс. Осы арқылы елдегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге жаңа қарқын беріліп, олардың сапасы арттырылады. Алтыншы бөлім Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты мәселелерді реттейді. Кеңес – жоғары консультативтік орган, құрамына ел азаматтары кіреді және Қазақстан халқының мүддесін білдіреді. Екі бапта да оның атауы қазақ тілінде бекітілген. Кеңестің өкілеттіктеріне заң жобаларын Құрылтайға енгізу, жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасын көтеру, сондай-ақ өзге де маңызды функциялар кіреді.Конституциялық соттың мәртебесі – тәуелсіз мемлекеттік орган ретінде, конституциялық бақылауды жүзеге асырып, Конституцияның үстемдігін бүкіл ел аумағында қамтамасыз ететін орган ретінде бекітілді. Конституциялық бақылау органы қабылдаған шешімдердің құқықтық салдары нақтыланды. Адвокатура мен заң көмегін көрсететін өзге де тұлғалардың құқықтық мәртебесі алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілді. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі бөлек бөлімде бекітілді.Конституцияға кез келген өзгерістер тек референдум арқылы енгізіледі. Жаңа Конституция қоғам мен мемлекеттің стратегиялық дамуының мақсаттарына сай келіп, негізгі қоғамдық-саяси институттарды түсіну және олардың даму перспективаларына қатысты заманауи концептуалды тәсілдерді қамтиды. Жаңа Конституция қоғам мен мемлекеттің стратегиялық даму міндеттеріне жауап бере отырып, негізгі қоғамдық-саяси институттарды түсіну және олардың даму перспективаларын бағалау үшін заманауи тұжырымдамалық тәсілдерді қамтиды.
Барлық новеллалар адам құқықтарын толық іске асыруға және Конституцияға негізделген құқық үстемдігін қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Олар «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» концепциясының логикасына сай келеді. Елдің жаңа Негізгі заңы қоғам мен мемлекеттің эволюциясының сапалы жаңа кезеңін бастауға берік негіз қояды.
Конституцияның жаңа жобасының негізгі өзегі – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту және заң үстемдігін қамтамасыз ету. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен жауапкершілікті арттыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелеріне ерекше мән берілген. Ата Заңның жаңа мәтінін көпшілік талқылауға ұсыну – халықты мемлекет басқару ісіне белсенді тарту, жауапкершілігі жоғары, білім мен ғылымға арқа сүйеген, әділетті Қазақстанды бірге құруға бағытталған тарихи қадам. Бұл – әрбір қазақстандықтың өз болашағы үшін жауапкершілікті сезінетін және мемлекеттік шешімдерге тікелей әсер ете алатын кезеңі.
ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМ – БАСТЫ БАСЫМДЫҚ
Мемлекет басшысы "Айбын" ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында сөйлегенде 1 шілде күні жаңа Конституция заңды күшіне енетінін, осылайша, Қазақстан ел дамуының мүлдем жаңа дәуіріне қадам басатынын еске салды. 
– Жаңа Конституция барлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың жаңғыруына негіз қалады. Мұндай күрделі өзгерістер еліміздің 35 жылдық тарихында да, одан бұрын да болған емес. Яғни Қазақстан сапалы ғылым негізінде өркендеу мен технологиялық өрлеу жолына түсті. Дегенмен қоғам бір мақсатқа жұмылып, ынтымақ-бірлік танытпаса, кез келген, тіпті мұқият сараланған мемлекеттік жоспардың өзі қағаз жүзінде қалады. Туған жерге – Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ұмтылатын білімді, ерік-жігері мол отаншыл жастар елімізді көркейтеді. Негізгі заңның түпкі мәні де осыдан көрінеді: Конституция шын мәнінде барлық парасатты және жасампаз күштерді, нағыз патриоттарды еліміздің стратегиялық бағдарының, яғни, реформалардың жалпыұлттық жоспары мен мақсаттары төңірегіне біріктіретін берік тұғырнама іспеттес. Жаңа Конституциямыз – барша халықтың, әсіресе, өскелең ұрпақтың адамгершілік және құқықтық бағдары, өмір жолындағы темірқазығы. Осы бағыттан айнымасақ, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаймыз, азаматтарымыз заң мен ел мүддесіне құрметпен қарайтын лайықты өмірге қол жеткізеді, – деді президент.
15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум өтті. Нәтижесінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың 87,15 пайызы жаңа Конституцияны қолдап, осылайша, 15 наурыз – Конституция күні болып белгіленді.
 Айнұр ӘЛИ
 
30 маусым 2026 ж. 35 0

Ел дамуының жаңа кезеңі

30 маусым 2026 ж. 45

Қамқорлығы мол Қаршыға

30 маусым 2026 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930