Ата Заңдағы өзгерістер аудан спортшыларына түсіндірілді
Бүгін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясы аудан спортшыларымен жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған кездесу өткізді. Жиында Ата Заң жобасының негізгі қағидаттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, билік тармақтарының теңдігі және қоғамдағы әділдік пен тұрақтылық мәселелері қаралды.Іс-шараға спорт саласының 70-ке жуық өкілі қатысты. Кездесу барысында аумақтық коалиция жетекшісі Ғазиз Әліш 15 наурыз күні өтетін референдумның ел болашағы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Сонымен қатар ол жаңа Конституция жобасының басты артықшылықтарына тоқталды.
Спикердің айтуынша, жаңа Конституция жобасы қолданыстағы Ата Заңнан тұғырлы бағыттар бойынша ерекшеленеді. Қазіргі геосаяси өзгерістер мен қоғамның әділеттілікке, жаңаруға деген сұранысы жаңа қоғамдық келісім мен құндылықтарды талап етеді, осыған байланысты Халықтық Конституция жобасы ұсынылып отыр.
Жаңа Конституция адамға бағдарланған сипатқа ие болып, ұлттық болмысқа, тарихи жол мен қоғам құндылықтарына басымдық береді және елдің даму бағытын құқықтық тұрғыдан айқындайды. Сонымен қатар құжаттың құрылымы жаңарып, Преамбула, 11 бөлім және 96 баптан тұрады, жаңа бөлімдер енгізіліп, бірқатар бөлім атаулары жаңартылған.
Жиын барысында спикерлер жаңа Ата Заңда адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, демократиялық институттарды нығайту, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» қағидаттарын орнықтыру мәселелері жөнінде пікірлерін айтты.
Өз кезегінде спорт саласының өкілдері жаңа Конституцияның заман талабына сай жаңарып отыруы жөнінде өз пікірлерін білдірді.














