Конституция
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолаушылар үшін жайлылық-басты басымдық

Жолаушылар үшін жайлылық-басты басымдық


 
Теміржол вокзалдарының заманауи кейіпке енуі – аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті мен даму деңгейінің басты көрсеткіші. Сыр өңірінің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру бағытында тағы бір ауқымды жоба мәресіне жетті. Ғасырдан астам тарихы бар, сәулеттік ескерткіш саналатын Қазалы станциясының теміржол вокзалы күрделі қайта жаңғыртудан кейін салтанатты түрде пайдалануға берілді. Бұл жаңалықты қазалылықтар зор қуанышпен және мақтанышпен қарсы алды.
Іргетасы ХХ ғасырдың басында, дәлірек айтқанда 1903 жылы атақты «Орынбор-Ташкент» магистралінің құрылысы кезінде қаланған бұл ғимарат – жай ғана көлік торабы емес, аймақ шежіресінің тірі куәсі. Оның іргетасы кезінде Ақирек тауынан арнайы қашалып, түйе керуендерімен жеткізілген тастан қаланса, қабырғасы күйдірілген қызыл кірпіштен өрілген. Өзіндік қайталанбас қолтаңбасымен ерекшеленетін сәулет өнерінің бұл туындысы 1980 жылы архитектуралық ескерткіш ретінде мемлекеттік есепке алынған.
Соңғы рет 2013 жылы жөндеу көрген тарихи нысанды заман талабына сай жаңғырту ісі былтыр сәуір айында басталды. «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының қаржыландыруымен «Бақ Береке» ЖШС атқарған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде ғимараттың іргетасы мен қабырғалары бекітіліп, қауіпсіздігі барынша күшейтілді.
Қайта құрудан кейінгі вокзалдың жалпы ауданы 1 014 шаршы метрді құрайды. Ғимараттың қасбеті берік әрі сәнді травертинмен қапталса, жертөлесі отандық өндірістің сапалы гранит плиткасымен өрнектелген. Сонымен қатар, энергия үнемдейтін екі қабатты терезелері бар алюминий витраждар орнатылып, шатыры толығымен жаңартылды. Бұл ғимараттың табиғи жарық деңгейін арттырып, жылуды ұстау тиімділігін жоғарылатты.
ІІ класқа жататын Қазалы вокзалы арқылы тәулігіне Алматы, Астана, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау және Орал қалаларына, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан бағыттарына қатынайтын 24 жолаушылар пойызы өтеді. Тәуліктік орташа жолаушылар ағыны 350-375 адамды құрайтын нысанда ендігі жерде халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетіледі.
Жаңартылған вокзалда күту залы заманауи жиһаздармен жабдықталып, ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт ашылды. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қозғалуына қолайлы орта жасалып, қауіпсіздік жүйелері күшейтілді. Перрон мен іргелес аумақ толық абаттандырылды.
Тұрғындардың қуанышын еселей түскен тағы бір маңызды жаңалық – биылғы қаңтар айында пайдалануға берілген теміржол үстіндегі жаяу жүргіншілер көпірі болды. Осы көпірдің арқасында Әйтеке би кентінің теміржолдың арғы бетінде тұратын 13 мыңнан астам тұрғыны үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы қатынау мүмкіндігі жасалды.
Аудан өміріндегі айтулы оқиғаға орай ұйымдастырылған салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Есқалиев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Наурызбай Байқадамов және өңірдің зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Жиында сөз алған аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлы жол-көлік инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығына тоқталды:
«Сыр өңірі тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, аймағымыздан халықаралық және өңіраралық теміржол бағыттарымен мыңдаған жолаушы, шетелдік туристер қатынайды. Бүгін біз ғасырдан астам тарихы бар Қазалы теміржол вокзалын ресми түрде іске қосамыз. Жалпы аумағы 8 860 шаршы метрді құрайтын вокзал маңындағы кешенді дамыту жұмыстарына 1 миллиард 290 ммллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Жаңа нысанда аудан тұрғындары мен қонақтарына жоғары деңгейдегі сапалы қызмет көрсетіледі деп сенемін», – деді облыс әкімі.
Салтанатты шара барысында теміржол саласының ардагерлері мен қызметкерлері сөз сөйлеп, осы нысанның бой көтеруіне үлес қосқан мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. 
Марат Есқалиев тарихи мұра мен заманауи дамудың сабақтастығы туралы сөз қозғады
«120 жылда астам тарихы бар Қазалы вокзалы –жай ғана көлік нысаны емес, архитектуралық ескерткіш ретінде мемлекеттік есепке алынған бірегей мәдени мұра.Біздің басты міндетіміз — осы тарихи ғимараттың ерекше сәулеттік келбетін сақтай отырып, оны заман талабына сай қайта жаңғырту болды», – деген ол атқарылған құрылыс жұмыстарының ауқымы мен сапасына тоқталды.
Құрылыс саласына жауапты басшы ретінде ол техникалық сипаттамалар мен жолаушыларға жасалған қолайлылыққа ерекше ден қойылғандығын жткізді.
Ғимараттың іргетасы мен қабырғалары күшейтіліп, шатыры толығымен ауыстырылды. Есік-терезелері жаңартылған. Жолаушылар үшін жайлылық жасалған. Күту залдары заманауи талаптарға сай жабдықталып, ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт ашылған.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар да назардан тыс қалмаған. Олардың кедергісіз қозғалуы үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
Вокзал маңындағы аумаққа тас төсеніштер төселіп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген.
«Қазақстан Темір жолы» акционерлік қоғамы үшін жолаушылар мен жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі — ең басты орында. Осы жоба аясында теміржол үстінен өтетін жаңа жаяу жүргіншілер көпірі пайдалануға берілді».
Ол өз сөзінде осы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Қызылорда облысы мен Қазалы ауданының әкімдіктеріне, сондай-ақ құрылысты сапалы әрі мерзімінде аяқтаған мердігер ұйымдардың құрылысшылары мен инженерлеріне алғыс айтады.
Бүкіл саналы ғұмырын аудан дамуына арнаған адам ретінде қуаныштың орны мен үшін өте бөлек екенімен бөліскен Қазалы ауданының «Құрметті азаматы», «Құрметті теміржолшы», Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов ел атынан ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
«Теміржол – мемлекеттің күретамыры, ал вокзал – сол аймақтың мәдениеті мен дамуын көрсететін басты айнасы. 
ХХ ғасырдың басынан бері қаншама тарихты басынан өткерген байырғы Қазалы вокзалының заманауи кейіпке еніп, ел игілігіне берілуі – мемлекетіміздің халыққа жасаған үлкен қамқорлығы. Ғимараттың тарихи сәулетін сақтай отырып, ішін заман талабына сай жайлы етіп қайта түлету – нағыз шеберліктің белгісі.
Әсіресе, жақында ғана бой көтерген заманауи жаяу жүргіншілер өткелі Әйтеке би кентінің теміржолдың арғы бетіндегі 13 мыңнан астам тұрғыны үшін, соның ішінде балаларымыз бен қарттарымыз үшін таптырмас сый болды. Бұрын пойыз қозғалысы кезінде қатынау қаншалықты қауіпті әрі қиын болса, қазір соның бәрі артта қалып, қауіпсіз әрі ыңғайлы өткел салынды. Бұл – қарапайым халықтың мұң-мұқтажының назардан тыс қалмағанының айқын дәлелі.
Осындай үлкен өзгерістерді, туған жеріміздің көркейіп, дамып жатқанын көргенде кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді. Мұндайда туған өлкеңді одан әрі жақсы көріп, оның жарқын болашағына үлкен үмітпен, ақ тілекпен қарайды екенсің. Еліміз тыныш, теміржолымыз аман, жолаушыларымыздың сапары әрдайым сәтті болсын!», – деді ол 
Айта кетерлігі, мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бүгінде еліміз бойынша 124 вокзал жаңғыртудан өтуде. Сыр өңіріндегі тарихи вокзалдарды осы тізімге енгізуге уақытында облысты басқарған Нұрлыбек Машбекұлы үлкен бастамашылық жасаған болатын. Қазіргі таңда аймақтағы барлық аудан орталықтарындағы және Төретам, Сексеуіл станцияларындағы вокзалдарды, сондай-ақ Жаңақорған ауданындағы Талап бекетінің платформасын жаңғыртуға мемлекет тарапынан 10 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, мақсатты түрде жұмсалуда.
Тарихы терең, болашағы жарқын Қазалы ауданының бұл жаңа келбеті – халықтың әл-ауқатының артып, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық бағытта нық қадам басып келе жатқандығының жарқын дәлелі. Ғасыр куәсі болған вокзал енді жаңа ғасырдың жолаушыларына ақ жол тілеп, қызмет көрсете бермек.
 
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
30 маусым 2026 ж. 30 0

Ел дамуының жаңа кезеңі

30 маусым 2026 ж. 35

Қамқорлығы мол Қаршыға

30 маусым 2026 ж. 36

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930