Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Инфрақұрылымдық жаңғырудың стратегиялық маңызы зор

Инфрақұрылымдық жаңғырудың стратегиялық маңызы зор

Өңірлерді дамыту – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Осы орайда, Сыр бойының логистикалық күретамыры саналатын Қазалы ауданында соңғы жылдары ауқымды инфрақұрылымдық трансформация үдерісі жүріп жатыр. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік-логистикалық әлеуетті арттыру және тарихи мұраны сақтау бағытындағы кешенді жобалар ауданның әлеуметтік-экономикалық келбетін жаңа деңгейге көтеруде.
Бүгінгі теміржол вокзалының жаңа дәуірі тарих пен инновация тоғысының айқын көрінісі іспеттес. Қазалы теміржол вокзалы – жай ғана көлік торабы емес, ғасырдан астам шежіресі бар, аймақтың қалыптасу тарихымен тығыз байланысты бірегей сәулеттік нысан. Өткен ғасырдың басында іргесі қаланған бұл ғимарат тоғыз жолдың торабындағы стратегиялық маңызын ешқашан жоғалтқан емес. Алайда уақыт талабы мен жолаушылар ағынының артуы нысанды терең модернизациялауды қажет етті.
Өткен жылы «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының тікелей қолдауымен вокзал кешенін жаңғыртудың ауқымды жобасы басталды. Бұл ретте инженерлер мен сәулетшілер алдында күрделі міндет тұрды. Ол – нысанның тарихи-мәдени келбетін, өзіндік сәулеттік стилін толық сақтай отырып, ішкі инфрақұрылымын заманауи техникалық талаптарға сай бейімдеу.
Жүргізілген инженерлік жұмыстардың нәтижесінде конструкциялық нығайту орын алып, ңимараттың іргетасы мен негізгі жүк көтергіш конструкциялары күшейтіліп, шатыры толықтай заманауи, төзімді материалдармен алмастырылды.
Уақыт талабына, «Кедергісіз келешек» – мемлекетік ұстанымға байланысты инклюзивті орта жасақтау назарға алынды. Ерекше қажеттіліктері бар – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қозғалысына арналған пандустар, арнайы тактильді жолақтар мен заманауи бейімделген санитарлық тораптар іске қосылды.
Жолаушылар мен қонақтарға жайлылық пен қауіпсіздік жағдайды қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар нәтижесінде күту залдары эргономикалық тұрғыдан қайта жабдықталып, цифрлық ақпараттандыру таблолары, интеллектуалды бейнебақылау және өрт қауіпсіздігінің автоматтандырылған жүйелері орнатылды.
Вокзал маңындағы аумақты абаттандыру және жасыл желекке айналдыру жұмыстары да қатар атқарылып, нысан қала тұрғындары мен қонақтары үшін эстетикалық тартымды ортаға айналды. Бұл реновация ауданның туристік және көлік-логистикалық әлеуетін еселеп арттыруға негіз қаламақ.
«Вокзал маңында орналасқан жаңа аспалы көпір – әлеуметтік шешім, қауіпсіздік кепілі», – Әйтеке би кентінің тұрғыны Талғат Әлиев.
«Темір жолдың арғы бетінде орналасқан «5-квартал» аймағында өмір сүреміз. Орталыққа қатынайтын аспалы көпірдің көптен тозығы жетіп тұрған. Әсіресе үлкендер мен балалар қауіпсіздігі үшін алаңдайтынбыз.
Жаңа көпірдің тұрғындарға пайдалануға берілуі қауіпсіздікпен бірге ертеңге деген сенімді ұлғайтты. Әлеуметтік желілерден: «Қазалы әдемі станса екен» деген жылы пікірлерді көргенде, қуанасың. Одан әрі жұмыс істегің келіп кетеді», – дейді ол.
Инфрақұрылымдық дамудың басты көрсеткіші – қарапайым халықтың тұрмыстық мәселелерін шешу. Осы тұрғыдан алғанда, биыл Қазалыда пайдалануға берілген теміржол үстінен өтетін заманауи жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы – аймақ үшін маңызы зор, тарихи оқиға. Себебі теміржол желісінің арғы бетінде орналасқан Әйтеке би кентінің ірі бөлігінде 13 мыңға жуық халық тығыз қоныстанған. Тұрғындардың, әсіресе мектеп оқушылары мен қарттардың күнделікті тіршілік ағынымен теміржол рельстерін кесіп өтуі жоғары қауіп-қатер тудырып, ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келген өзекті түйткіл болатын.
Жаңадан бой көтерген аспалы көпір геометриялық және әлеуметтік кедергіні толық жойды. Инженерлік күрделі құрылым ретінде жобаланған өткел тұрғындардың тәулік бойы еш қауіпсіз, жайлы қозғалуына мүмкіндік беріп отыр. Көпір заманауи жарықтандыру элементтерімен және қорғаныс қоршауларымен жабдықталған.
«Инфрақұрылымдық жаңғырудың стратегиялық маңызы зор. Көлік инфрақұрылымына құйылған инвестиция – болашаққа жасалған капитал. Логистикалық тораптардың тиімді жұмыс істеуі шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңіраралық экономикалық байланыстардың нығаюына тікелей мультипликативтік әсер береді», – дейді аудан әкімінің баспасөз хатшысы Ернұр Мерек.
Қазалы ауданында кезең-кезеңімен іске асырылып жатқан жобалар мемлекеттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен өңірлерді теңгерімді дамыту стратегиясының іс жүзіндегі айқын көрінісі. Көне мен жаңа үйлесім тапқан Қазалы топырағындағы оң өзгерістер ауданның сәулеттік келбетін жаңартып қана қоймай, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын түбегейлі жақсартуға бағытталған берік қадам болып қала бермек.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
16 маусым 2026 ж. 42 0

Қауіпке қарсы қалқан

16 маусым 2026 ж. 36

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930