Тоғыз жолдың торабы тоғысқан жер
Тоғыз жолдың торабында орналасып, әр тараптан келген жолаушыларды тоғыстырған ауданның бас қақпасы – Қазалы теміржол мекемелерінің қазіргі тынысы жыл санап жақсарып келедi. Бүгінде вокзалды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Темiр жол – ел экономикасының өзегi, мемлекетiмiздiң қуатты жүйесi. Жақында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келе жатқан аудандағы теміржол мекемелерінің басшыларымен кездесті.Жиында аудан әкімі мекеме басшыларымен бірге барлық теміржол мекемелерінің аумағындағы тазалық мәселесін қолға алу, ұжымдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіп пен жауапкершілікке мән беру бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады. Ауданда теміржол саласы бойынша 15-тен аса мекеме-кәсіпорындар жұмыс жасайды. Өңдеу өнеркәсібінің басым бөлігі осы теміржол мекемелерінің еншісінде.
– Теміржол саласының қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жасаудың арқасында оң нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Биыл ауданның теміржол саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен 120 жылдық тарихы бар Қазалы теміржол вокзалына қайта жаңғырту жұмыстары және теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір қайта салынуда. Әйтеке би кентіндегі оңтүстік және солтүстік беткейдегі теміржол өткелдері де жөндеуден өтуде. Жергілікті бюджет есебінен вокзал аумағын абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүруде. Теміржол вокзалының жаңа кейіпке енуі жолаушыларға жайлы жағдай жасап, ауданның инфрақұрылымдық дамуына тың серпін бермек, – деді аудан басшысы.
Жиында мекеме-кәсіпорын басшылары ұсыныстарын ортаға салып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында бірлесе жұмыс жасайтынын жеткізді.
Айта кеткен жөн, Әйтеке би кентіндегі теміржол вокзалының қабырғалары қаншама тарихи кезеңді бүгіп тұр. Өте сапалы салынғанының арқасында осы күнге дейін халыққа қызмет етіп келді. 1901-1906 жылдары Қазақстан жерінің 1660 шақырымдық аумағын алған, Орта Азия мен Ресейдің орталығын қосатын, Орынбор-Ташкент темір жолы салынды. Тарихқа көз жүгіртсек, жоспар бойынша Қазалы темiржол бекетінің іргетасы 1902 жылы Орынбор-Ташкент темiржолы бойында қолға алынды. Бұл үшін көптеген тұрғын жұмылдырылып, күн-түн аянбай тер төгілді. Мұндай жұмыстың ауыр түрі жергілікті қазақтардың қатысуымен атқарылған. Еселі еңбек кезінде қолданылатын тастар Ақирек тауынан қашалған. Әрқайсысына жеке нөмiр қойылып, дайындалған түйе керуенiмен тасымалданған. Әкелінген әрбір құрылыс тасына патша тиынымен ақша төленіп, қабылданған. Сол кезде Ресейдің соңғы билеушісі император Николай ІІ билік тізгінін ұстап тұрған еді. Теміржол бекеті 1904 жылы пайдалануға берілді. Бүгінде республикалық санаттағы архитектуралық ескерткіштердің қатарына енгізіліп, мемлекет қорғауында. Вокзалға жаңа әсемдікпен дем беріліп, жаңарту, жаңғырту жұмыстары тұрақты, тоқтаусыз жүргізілуде.
Айнұр ӘЛИ














