Ескірмеген жәдігер
Қызылорда облысы тарихи және мәдени ескерткіштерге бай мекендердің қатарында. Көне жәдігерге баланған нысандардың бірқатары Қазақстанның археологиялық картасына енгізілген және мемлекеттік есепке алынған. Сондай ғасырдан аса тарихы бар ғимараттың бірі – Әйтеке би кентінің теміржол вокзалы деуге әбден болады. Оның қабырғалары қаншама тарихи кезеңді бүгіп тұр. Өте сапалы салынғанының арқасында әлі де халыққа қызмет етуде. 1901-1906 жылдары Қазақстан жерінің 1660 шақырымдық аумағын алған, Орта Азия мен Ресейдің орталығын қосатын, Орынбор-Ташкент темір жолы салынды.
Тарихқа көз жүгіртсек, жоспар бойынша Қазалы темiржол бекетінің іргетасы 1902 жылы Орынбор-Ташкент темiржолы бойында қолға алынды. Бұл үшін көптеген тұрғын жұмылдырылып, күн-түн аянбай тер төгілді. Мұндай жұмыстың ауыр түрі жергілікті қазақтардың қатысуымен атқарылған. Еселі еңбек кезінде қолданылатын тастар Ақирек тауынан қашалған. Әрқайсысына жеке нөмiр қойылып, дайындалған түйе керуенiмен тасымалданған. Әкелінген әрбір құрылыс тасына патша тиынымен ақша төленіп, қабылданған. Сол кезде Ресейдің соңғы билеушісі император Николай ІІ билік тізгінін ұстап тұрған еді. Осы күні қазалылықтар бірнеше осы сынды нысанды Николай заманында салынған деп өзара айтып жүреді. Теміржол бекеті 1904 жылы пайдалануға берілді.
Бүгінде республикалық санаттағы архитектуралық ескерткіштердің қатарына енгізіліп, мемлекет қорғауында. Оның қабырғалары күйдiрген кiрпiштерден қаланып, төбесi қаңылтырмен жабылған. Ресей сәулетшілерінің ықпалы бойынша ғимарат сол елден келген шеберлердің қолымен тұрғызылған.
Теміржол вокзалының шатыр конструкциясының бір ерекшелігі дәнекерленбей, темірлер бір-бірімен қиюластырылып ұстатылған. Тарихи-мәдени нысанға 2012 жылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Бір қызығы, дәл осындай үлгідегі ғимараттар Ресей мен Украинаның бірнеше жерінде, атап айтқанда Днепродзержинск қаласында да бар. Тағы бір қызық дерекке мән берсек, сол заманда Қазалы стансасының жанынан салынған орыс шіркеуімен байланыстыратын жерасты жолы болған деседі. Станция бастығы осы жолмен шіркеуге барып, сыйынып келеді екен. Екінші жағынан ол кезде теміржол бекеттері саяси маңызды нысан қатарында болғандықтан станция бастығы да ең басты тұлғалар санатына жатқызылған. Сол кездері Қазалы стансасының бастығы патшалық теміржол қатынастары Министрлігіне қарайтын үлкен лауазым ретінде қабылданған. Тораптағы барлық мекемелер соған бағынған және есеп берген деген дерек қалған. Сол дәстүр кеңес дәуірінде де сақталып, кейіннен Қазалы теміржол бөлімшесіне, содан соң Қызылорда бөлімшесі құзырына көшті. Сондықтан олардың қауіпсіздігі үшін осындай жерасты жолы салынған. Бұл жолдың қабырғасын емен ағашымен қаптаған деген де ақпар бар. Кейіннен оның маңыздылығы жойылып, өкініштісі, бүгінгі күнге жетпеген.
Қазір жолаушыларға 117 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан теміржолдың бас қақпасы саналатын вокзал ішінде қайта өңдеу жүргізілген. Халыққа кәсіпкерлік бағытында ыңғайлы жағдай жасалған. Бірнеше сауда-саттық, азық-түлік, асхана сынды орындар да жұмыс атқарады. Мұндай сапалы қызмет жолаушылар мен жергілікті тұрғындар үшін өте ыңғайлы мүмкіндік туғызып отыр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА