Мерейің өссін, мейіргер
Мейірім мен жанашырлық – адам бойындағы ең ізгі қасиеттер. Осындай асыл ұғымдарды күнделікті еңбегімен дәлелдеп жүрген жандар – мейіргерлер. Ақ халаттың абыройын арқалап, науқасқа шипа, көңілге жұбаныш сыйлайтын олардың қызметі қашанда құрметке лайық.Сол себепті де жыл сайын 12 мамырда әлем жұртшылығы мейіргерлер күнін айрықша ықыласпен атап өтеді. Қазіргі таңда медицина саласын мейіргерлерсіз көзге елестету мүмкін емес. Өйткені науқастарды күту жұмысының басым бөлігі, яғни 80 пайызы осы маман иелерінің үлесінде.
Осы мерейлі күнге орай Өркендеу ауылдық округінде «Үміт сыйлаған жандар» атты тағылымды кеш өтті. «Мен мейіргермін» апталығы аясында ұйымдастырылған шарада ақ халатты абзал жандарға ерекше құрмет көрсетілді. Кеш барысында «Жанкент жастары» ұйымының төрағасы Талап Мурзалиев ауылдық емхана қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел денсаулығы жолындағы ерен еңбегіне ризашылығын білдірді.
Мерекелік жиынға Жанкент ауылдық емхананың дәрігері Гүлсая Әбілда, аға медбике Рабиға Қайып және сала мамандары Раушан Есәлі, Құрал Өксікбаев, Әсем Ршімова, Жұлдыз Жанашова, Парасат Салмырза, Айбота Жәми қатысып, әріптестеріне жылы лебіздерін арнады.
Мейіргерлік – жай ғана кәсіп емес, ол – адамға деген жанашырлық пен үлкен жауапкершілікті талап ететін қасиетті жол. Адам өміріне араша түсіп, үміт отын жаға білетін бұл жандардың еңбегі қашанда жоғары бағаланып, құрмет биігінен көріне беретіні сөзсіз.
Талап МУРЗАЛИЕВ














