Шеберліктің шынайы шыңы
Жастар тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу – бүгінгі қоғамның басты бағыттарының бірі. Осы орайда еңбекқорлық пен шеберлікті ұштастыра білген жандардың өмір жолын кейінгі буынға үлгі ету айрықша маңызға ие. Жуырда Өркендеу ауылдық округінде осы мақсатты көздеген мазмұнды кездесу ұйымдастырылды.Шара ауыл әкімі аппаратының жанындағы «Жанкент жастары» ұйымы, Жанкент ауылдық мәдениет үйі және ауылдық кітапхана ұжымдарының бірлесуімен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Креативті HUB» жобасы аясында «Алтын қолды шебер» деген атаумен өтті. Тағылымды басқосу №104 орта мектептің еңбек пәні мұғалімі, тәжірибелі ұстаз Гүлнұр Амантайқызы Елубаеваның еңбек жолын насихаттауға арналды.
Шараның шымылдығын «Жанкент жастары» ұйымының төрағасы, ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Талап Мурзалиев ашып, ауыл әкімі атынан және ұйымдастырушы ұжым мен жастар атынан құрмет көрсетіп, алғыс хат пен сый-сияпат табыстады.
Кездесу барысында Гүлнұр Амантайқызы өзінің ұстаздық жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, шығармашылық ізденістерінен туған туындыларын таныстырды. Сонымен қатар шәкірттерімен бірлесіп жасаған жұмыстарын көрме арқылы көрсетіп, әрбір бұйымның жасалу ерекшелігі мен мән-мағынасына тоқталды. Ұстаздың іскерлігі мен табандылығы көпшіліктің ықыласына бөленіп, жас буынға ерекше әсер қалдырды.
Жиын барысында №104 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айжан Меңеева сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Ол өз сөзінде Гүлнұр Амантайқызының білім мен тәрбие берудегі еңбегін жоғары бағалап, оның шәкірт тәрбиелеудегі орны ерекше екенін атап өтті.
Іс-шараға ауылдық мәдениет үйінің басшысы Болатбек Сырашұлы, мәдениет саласының қызметкерлері Айткүл Шакизадақызы мен Ануар Жақсыгелдіұлы, сондай-ақ кітапхана мамандары Назерке Әлібекқызы, Алтынкүл Көшербайқызы және жас маман Шапағат Еркінқызы қатысып, шараның мазмұнды өтуіне өз үлестерін қосты.
Кеш соңында мәдениет үйінің қызметкерлері «Ана туралы жыр» және «Ұстазым» әндерін әуелете орындап, жиынға ерекше әсер сыйлады. Тағылымды кездесу көрермен көңілінен шығып, еңбек пен шеберліктің қадірін ұғындырған мазмұнды басқосуға айналды.
Т. МУРЗАЛИЕВ














