Ауыл тазалығы ауладан басталады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ел көлемінде кең қолдау тауып, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған нақты істерге ұласуда.Бұл игі бастама халықты ортақ мақсатқа жұмылдырып, табиғатты аялау мен туған өлкені көркейту ісіне серпін беріп отыр. Осы ауқымды шара аясында Ғани Мұратбаев ауылының тұрғындары да белсенділік танытып, елді мекендердің тазалығын сақтау мен абаттандыру жұмыстарына бір кісідей атсалысуда.
Бірі аула сыпырып, бірі сырлау, ақтау жұмыстарын атқарса, енді бірі ағаш отырғызып, айналаны көгалдандыруға үлес қосуда. Тұрғындардың ортақ іске жұмылып, жауапкершілік танытып жатқаны қуантады. Олар осындай үйлесімді әрекетімен ауылдың ажарын кіргізуде.
Ауыл әкімдігі ұсынған мәліметке сәйкес, бүгінде «Таза аула» бағыты бойынша 18 аула қоқыстан тазартылып, 5 әлеуметтік нысанның айналасы абаттандырылған. Сондай-ақ саябақтар мен демалыс орындарында да қарқынды жұмыстар жүргізілген. Ал тазалық жұмыстарына 2 жүк көлігі мен 4 арнайы техника жұмылдырылса, 20 тонна қоқыс арнайы полигонға шығарылған. Бүгінде ауыл аумағында жасыл желекті көбейту жұмысы да жанданған. Ауыл аумағында 500 түп ағаш отырғызылып, сенбілікке жалпы саны 50 адам қатысқан. Ұйымшылдық пен жанашырлықты ту еткен ғанилықтар бұл бастаманы бір реттік шарамен шектемей, алдағы уақытта да тұрақты үрдіске айналдыруды көздейді.
– Тазалық пен тәртіп – кез келген аймақтың табысты дамуының кепілі ғана емес, тұрғындардың мәдениеттілігінің өлшемі. Біздің айналамыздағы игіліктер адамдар үшін жасалған. Тазалық – біз үшін басты құндылық. «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті көркі тұрғындардың жанашырлығына байланысты. Себебі, әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы – тұтас қала мен ауылдың айнасы. Сол себепті біз жергілікті тұрғындармен бірелсе, тазалық жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырамыз, – дейді Ғани Мұратбаев ауылдық округі әкімдігінің әдіскері Ерасыл Дәстенов.
Арайлым ЖҮСІПОВА
Коллаж: Айнұр ӘЛИ














