Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Қадірлі ағайын!
Елімізде 8 сәуірден бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Науқан бес аптаға созылады. Әр аптаның «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» сынды өзіндік тақырыптар берілген.Осыған сәйкес Сыр өңірінде де «Таза Қазақстан – таза аймақ» атты экологиялық науқаны басталып,облыс әкімінің сыр жұртшылығына үндеуі жарияланды.
Құтты мекен – Қазалы ауданында да наурыз айының басынан бастап екі айлық көктемгі санитарлық-тазалық жұмыстары басталып кетті. Тазалық айында аудан орталығы - Әйтеке би кенті 7 аймаққа бөлініп, әрбір аймақ бойынша тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тазалық жұмыстары барысында аудан аумағындағы барлық тұрғын үйлер, кәсіпкерлік нысандардың аулалары мен көшелер күл-қоқыстан тазартылып, үйлерді әктеу, қоршаулар мен бағаналарды сырлау, ағаш түптерін әктеу, балақтау, көшеттер отырғызу, аяқ су арықтарын тазалау сынды басқа да көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
«Тазалық – табалдырықтан басталады» дегендей әрбір тұрғын тазалықты өзінің елді мекенінен, көшесінен, ауласынан бастап, тұтас бір ауданның айнасына айнала білуі тиіс. Көрікті көше мен таза аула – бұл әрине ауданның келбеті.
Осыған орай барша Қазалы жұртшылығын, мекемелер мен кәсіпорын ұжымдарын, кәсіпкерлерді елімізде бастау алған республикалық акцияға қатысып, игі іске атсалысуға шақырамын!
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ортақ іске бірге үлес қосайық!