«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды
Қазалы ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Игі шараға аудан тұрғындары, мекеме қызметкерлері мен жастар белсенді қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.Сенбілік аясында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Таза аула» акциясы өткізіліп, тұрғындар өз аулалары мен көшелерінде тазалық шараларын өткізді.
Бүгінгі аудан орталығында өткізілген сенбілік барысында Қ.Пірімов көшесі, 5 квартал аймағы, Қазалы мәдени-демалыс кешені, Жанқожа батыр көшесі және теміржол вокзалы маңында кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді.
Сенбілік барысын аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Әйтеке би кентінің әкімі мен жауаптыларға тазалық жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
Әйтеке би кентінде өткен сенбілік жұмыстарына аудандық мәслихат депутаттары да арнайы техникалар жұмылдырып, тазалық шараларына өз үлестерін қосты.
Осындай игі бастамалар – қоршаған ортаны қорғауға деген ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі. Таза әрі көрікті аудан – әрбір тұрғынның белсенді қатысуының нәтижесі екені сөзсіз. Барша аудан тұрғындарын «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысуға шақырамыз!














