Іскер ауыл – қуатты аудан
Кәсіпкерлік саласындағы өсу өңір экономикасының әлеуетін арттырады. Қолдағы барды мол табыс көзіне айналдырып, ел игілігіне еңбек ету – қазіргі кәсіпкердің басты ұраны. Әлеует артуда, жаңа жобалар жалғасын тауып, жұмыс орындары ашылуда. Шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет айрықша назар аударып, жергілікті тұрғындар арасында да кәсіпкерлік кең қанат жаюда. Жас кәсіпкерлерді қолдаудан бөлек, орта бизнеске арналған тиімді бағдарламалар бар. Сондай жүзеге асып жатқан жобаның бірі – «Ауыл аманаты». Мемлекеттік бағдарламаға барлық бұқара мүдделілік танытып отыр.Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Басты мақсаты – ауылдағы халықтың табысын арттыру. Бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсібін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті түрлі ақпараттарға молынан қанықты. Сөйтіп, елде басталған қанатқақты жоба бүкіл өңірді қамтитын бағдарламаға айналып отыр. Мемлекет басшысының ауылға көңіл бөлуінің арқасында бүгінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы бизнесті бастауға мүмкіндіктер бар. Қазір өңірде осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, өз кәсібін ашып отырған жандардың қатары көбеюде. 2023 жылдан бастап жүзеге асқан «Ауыл аманаты» бағдарламасын қаржыландыру басталғалы бері аудан бойынша 170-тен астам азамат өз ісін бастап, аудан экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жоба бүгінде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, кәсіпкерлікке серпін берген бірегей бағдарламаға айналды. Бұл жоба тек несие беру емес, бұл – ауылдың берекесін кіргізіп, еңбек адамының еңсесін тіктеуге бағытталған шынайы қамқорлық.
Ауыл – қазақтың алтын бесігі, руханияттың қайнар көзі ғана емес, ол – үлкен экономикалық драйвер. Соңғы жылдары ауданда кәсіпкерлік саласы сапалық жаңа деңгейге көтерілді. Бұған дәлел – мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асуы. Әсіресе, 2,5 пайыздық жеңілдікпен берілетін «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының арасында үлкен сұранысқа ие болды. Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі – ауылдағы ағайынның қолындағы бар мүмкіндікті іске қосуында. Ауыл тұрғындары кәсіпкерлікті дамыту үшін ұзақ мерзімді және аз пайызбен несие алу мүмкіндігін пайдаланып, көкжиегін кеңейтуде. Солардың бірі – Мейрамбек Кеулімжаев. Ол 2025 жылы бағдарлама аясында 9,3 миллион теңге несие алып кәсіп бастаған. Жылыжайда қияр өсірумен айналысуда. Кәсіпкердің айтуынша жылыжай мамыр айының алғашқы онкүндігінде өнім бермек. Мұнда қазір 1000-нан астам қияр егілген. Алдағы уақытта ол өнім көлемін көбейтіп, кәсібін әрі қарай жандандыруды жоспарлап отыр.
– Көптен бері жылыжай ашып, қысы-жазы көкөніс өсіруді армандап жүрген едім. Бірақ қомақты қаражаттың жоқтығы қолбайлау болатын. «Ауыл аманаты» бағдарламасы туралы естігенде, бұл менің мүмкіндігім екенін түсіндім. Ең басты артықшылығы – жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлеме. Мұндай тиімді несиені басқа жерден табу мүмкін емес. Оның үстіне, несиені қайтару бойынша берілген жеңілдікті кезең жұмысты аяққа тұрғызып алуға үлкен септігін тигізді. Алған қаражатыма заманауи жылыжай құрылғыларын орнатып, тамшылатып суару жүйесін жүргіздім. Мамырдың алғашқы онкүндігінде өнім аламын. Бұл жоба тек маған ғана емес, отбасыма да үлкен сенімділік берді. Еңбек етемін деген адамға мемлекет тарапынан жасалып жатқан мұндай қолдау – үлкен аманат. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ісімді әрі қарай кеңейтіп, болашақта жылыжайда басқа да өнімдерді өсіруді жоспарлап отырмын, – дейді кәсіпкер Мейрамбек Кеулімжаев.
«Ауыл аманаты» жобасында тек ауыл шаруашылығына қатысты емес, қызмет көрсету саласы да қарқынды. Кәсіпкерлер бұрынғыдай тек «алушы» емес, «өндіруші» болуға бет бұрды.«Қалауын тапсаң қар да жанады». Тірліктің көзін тауып тыраштансаң, алынбайтын қамал да жоқ. Дәл осындай ұстаныммен кәсібін ашып, жұмысын түлетіп отырған жандар жетерлік. Солардың бірі – Абзал Сағидуллаев. Ол 2024 жылы бағдарлама аясында несие алып, темір жону цехын ашқан. Жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 9,2 миллион теңге несие алып, бүгінде арнайы тапсырыс арқылы техникаларға қажетті темір бөлшектерді жөндеу, темірді кесу, жону, тозығы жеткен темір бұйымдарын қайта қалпына келтіру сынды жұмыстармен айналысуда. Қазір кәсіпкердің бұл жұмысының сұранысы жоғары болғандықтан көршілес аудандардан да техникалардың бөлшектерін жөндетуге келушілер көбейген.
Ал жеке кәсіпкер Асқар Қожаназаров аудан орталығынан бағдарлама аясында 8,1 миллион теңге несие алып, биылдан бастап өз кәсібін бастап отыр. Ол «Автокөліктерге қызмет көрсету орталығы» ашып, әзірге 1 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда көлік жөндеу, май ауыстыру және автокөліктің барлық электр және электрондық жүйелерін жөндеу қызметтері көрсетілуде.
Әйтеке би кентіндегі Ауыл аманаты бағдарламасы аясында кәсібін дөңгелетіп отырған жанның бірі – Нұрқанат Әбілдаев. Ол 2024 жылы 7,0 миллион теңге несие алып, қаңылтыр бұйымдарын жасау цехын ашқан. Бүгінде кәсіпкер қаңылтырдан түрлі бұйымдар, оның ішінде бүгінде көп сұранысқа ие газ мұржасын жасаумен айналысуда. Кәсіпкер 1 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Қазалы қаласындағы жеке кәсіпкер Нұрбек Кешубаевтың жылыжай жұмысында жүйелі тірлік бар. Көктемге сән берген тюльпандары көп тұрғынның көңілін көтергені рас. Бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар аясында бірнеше рет несиелер алған кәсіпкер 2011 жылдан бері жылыжай кәсібімен айналысып келеді. Қазіргі таңда жеке кәсіпкердің жылыжайында гүл көшеттерінің 8 түрі және қияр, қызанақ, қызыл бұрыш, орамжапырақ секілді көкөністердің көшеттері отырғызылған. Мұнда өсірілетін гүлдер мен көкөніс көшеттері аудан тұрғындарымен қатар көршілес аудандардың сұранысына ие.
Иә, қашанда қағажу көріп жүретін ауыл тұрғындары жаңа жобаға үлкен үміт артып отыр. Қолынан іс келетін, дөңгелетіп отырған шаруасы бар көптеген кәсіпкер бұл бастамаға барынша мүдделілік танытуда. Олар қаржылай қолдау болса, ауыл-аймақта өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін шұғылданып келген шағын кәсіптерінің аясын кеңейтіп, талапқа сай дамыта алатынына бек сенімді. Аудан әлеуеті де артуда. Ең бастысы, ел ішінде еңбекке деген құлшыныс жақсы. Ал еңбегі бардың – өнбегі бар. Көктемгі қарбалас кез келген кәсіп иесі үшін үлкен сын әрі үлкен мүмкіндік. Жерді баптаған, кәсіпті жақтаған ауыл азаматтары барда, аудан экономикасының іргесі әрқашан берік болмақ.
Айнұр ӘЛИ














