Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көптен күткен игілік

Көптен күткен игілік

Елдің еңсесін тіктейтін, тұрмыстың тамырына жылу дарытатын игіліктің бірі – көгілдір отын. Ол – тіршіліктің тынысы, әр шаңырақтың шырағын маздататын береке. Сондықтан да ел тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету – мемлекетіміздің маңызын жоймас басты міндеттерінің бірі.
Соңғы жылдары осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, серпіні күшейе түсті. Бұл игі бастаманың лебі ауданымызға да жетіп, біршама ауылдың тұрмысына тың серпіліс сыйлады. Осыдан екі жыл бұрын Абай ауылы көгілдір отынның игілігін көрсе, өткен жылы Ақтан батыр ауылы да осы қуанышқа кенелді.
2024 жылы Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев елді мекендеріне газ жеткізу үшін 1 миллиард 562,4 миллион теңге бөлініп, ауқымды жұмыстар қолға алынды. Ал 2025 жылы бұл бастама жалғасын тауып, қосымша 2 миллиард 171,1 миллион теңге қарастырылып, жобалар толық аяқталды. Нәтижесінде, өткен жылы ауданның газбен қамтылу деңгейі 75 пайызға жетті. Биылғы жылдың межесі бұдан да биік. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 78,5 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Қазірдің өзінде жүйелі жұмыстың жемісі сезіле бастады. Биылғы қысты ауданның төрт ауылы көгілдір отынмен қарсы алмақ. Өткен жылы Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына магистральды газ желілері тартылып, үлкен істің іргетасы қаланған еді. Бүгінде сол жұмыстар толық аяқталып, енді орамішілік газ желілерін жүргізу кезеңі басталды. Көгілдір отын келген жерде тіршілік түлейді, тұрмыс түзейді. Кеше көмірдің түтініне тұншыққан ауылдар бүгін табиғи газдың игілігін көріп, жаңа дәуірдің есігін айқара ашуда.
Ауыл жұртының көптен күткен қуанышын бөлісуге аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы барып, игілікті істің ашылу салтанатына қатысты. Салтанатты жиында сөз алған аудан басшысы атқарылған жұмыстың маңыздылығына ерекше тоқталып, көгілдір отынның келуі – халықтың тұрмыс сапасын арттырып, ауылдың келешегіне серпін беретін үлкен қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ ол тұрғындарды көптен күткен қуанышымен құттықтады.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында: «Ауыл – ел бесігі. Ауылдарды дамыту – мемлекеттің стратегиялық басымдығы» екенін атап өтіп, инфрақұрылымды жаңғырту, соның ішінде газ, су, жол мәселелерін шешу – басты міндеттердің бірі екенін нақты тапсырған болатын. Сыр өңірінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының ерекше қолдауымен, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың басшылығымен елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамту бағытында кезең-кезеңімен ауқымды жобалар жүзеге асып келеді. 2026 жылға аймақ басшысының қолдауымен Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына орамішілік газ желілері құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 680 миллион теңге қаржы бөлініп, бүгін міне, елді мекендерге орамішілік газ жүргізу жұмыстары басталуда. Жалпы жыл соңына дейін аудан бойынша елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 78,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта Жанқожа батыр ауылы толыққанды «көгілдір отынға» қосылғаннан кейін, елді мекендегі 280 тұрғын үй мен 9 әлеуметтік нысан «көгілдір отынға» қосылып, 1600-ге жуық тұрғын «көгілдір отынның» қуанышына кенелмек. Тағы да ауылдағы кәсіпкерлік нысандар табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. Осындай қуанышты сәтте баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Ел игілігі жолындағы жұмыстарымыз берекелі болсын! Ауылымызға құт-береке, әр шаңыраққа жылу мен жайлылық тілеймін! – деді аудан әкімі.
Одан соң «Құрмет» орденінің иегері, облыстық мәслихат депутаты Ибайдулла Тілеп пен Қазалы ауданының Құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Берік Бисембаев сөз сөйлеп, тұрғындарды көптен күткен қуаныштарымен құттықтады.
Мұнан кейін шараға қатысқан ел ағалары мен ауыл тұрғындары елді мекенде орамішілік газ желілерін жүргізу жұмыстарының басталуына куә болды. Ауыл ақсақалы Қожас Медеубай игі іске ақ батасын беріп, басталған істің сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді.
Ел игілігіне бағытталған ауқымды жобаның жалғасы Бекарыстан би ауылында да салтанатпен өрбіді. Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына орамішілік газ желілерінің құрылысы басталуына орай ұйымдастырылған шара үш ауылдың тұрғындарын бір арнаға тоғыстырды.
Жобалар толық жүзеге асқан жағдайда Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарындағы 1000-ға жуық тұрғын үй мен 16 әлеуметтік нысан табиғи газға қосылады. Нәтижесінде 5500-ден астам тұрғын көгілдір отын игілігін пайдалануға мүмкіндік алады.
Сала мамандары алдағы уақытта да аудандағы елді мекендерді кезең-кезеңімен газдандыру жұмыстары жалғасатынын атап өтуде. Аталған үш ауылды көгілдір отынмен қамту жұмыстарын мердігер мекеме – «AsiaStroy KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.
Айта кету керек, Бекарыстан би ауылында өткен көптен күткен шараға Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов пен Ақжона ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шынтас Жадиев қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды бастамамен құттықтады. Сондай-ақ, ауыл ақсақалы Болат Сәдуов жиылған жұртшылыққа ақ батасын берді.
Мұнан кейін аудан басшысы, ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері тұрғындармен бірге орамішілік газ желілерін жүргізу жұмыстарының басталуына куә болды.
Жалпы, газдандыру – ел үшін стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және елді мекендерді дамытуға бағытталған мұндай ауқымды жобалар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ


18 сәуір 2026 ж. 31 0

Бозкілемнің барысы

18 сәуір 2026 ж. 31

Көптен күткен игілік

18 сәуір 2026 ж. 32

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930