Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жанкентке жол: Тарих тынысын сездірген пресс-тур

Жанкентке жол: Тарих тынысын сездірген пресс-тур

Қазақ даласының әр тасы – тарих, әр төбесі – тағылым. Сол киелі мекендердің бірі – Сыр бойындағы ежелгі Жанкент қалашығы. Бүгінде бұл тарихи орын тек аймақтың ғана емес, күллі түркі әлемінің құнды мұрасы ретінде бағаланып отыр. Жақында бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен Жанкент қалашығына арнайы пресс-тур ұйымдастырылып, көне шаһардың өткені мен бүгіні кеңінен таныстырылды.
Ауқымды іс-шара 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай өткізіліп, оның басты мақсаты – өңірдің тарихи-мәдени мұраларын насихаттау, сондай-ақ туризм саласының дамуына серпін беру болды. Пресс-турды ауданның мәдениет және тілдерді дамыту, қоғамдық даму, денешынықтыру, спорт және туризм бөлімдері бірлесіп ұйымдастырып, қатысушыларға мазмұнды бағдарлама ұсынды.
Іс-шараның алғашқы бағыты Қазалы ауданындағы «Руханият» орталығында орналасқан аудандық тарихи-өлкетану музейінен бастау алды. Музей – өткеннің үнсіз шежіресі. Мұнда сақталған әрбір жәдігер туған өлкенің сан ғасырлық шежіресінен сыр шертеді. Экскурсия барысында музейдің ғылыми қызметкері Жанат Тілеуқабыл қатысушыларды Қазалы өңірінің қалыптасу кезеңдерімен, тарихи тұлғаларымен және мәдени ерекшеліктерімен таныстырды. Көне дәуірлерден бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтитын экспозициялар қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Пресс-турдың негізгі бөлігі – ежелгі Жанкент қалашығында жалғасын тапты.
«Жанкент – ұзақ уақыт бойы тек IX–XI ғасырлармен шектеліп келген қала ретінде қарастырылып келді. Алайда соңғы археологиялық зерттеулер бұл тұжырымды түбегейлі өзгертті. Ғалымдар көне шаһардың негізі VII ғасырда қаланғанын дәлелдеп отыр. Бұл – Жанкенттің тарихы бұрын ойлағаннан әлдеқайда тереңде жатқанын білдіреді.
Ең маңыздысы, Жанкент жай қала емес. Ол – оғыз мемлекетінің астанасы болған. Демек, бұл жерде тек тұрғындар өмір сүріп қана қоймаған, мұнда билік құрылып, мемлекет басқарылған. Бұл жерден қабылданған шешімдер тұтас аймақтың тағдырына әсер еткен. Сондықтан бұл мекеннің тарихи салмағы бір өңірмен ғана шектелмейді», – дейді Жанкент ауылдық мәдениет үйінің әдіскер, ауыл жастар ұйымының төрағасы Талап Мырзалиев.
Бүгінде Жанкент – тек археологиялық нысан ғана емес, әлемдік ғылым назарын өзіне аударып отырған бірегей зерттеу алаңы. Қалашықта жүргізілген қазба жұмыстары әр кезеңде тоқтап, кейін қайта жанданып, жалпы алғанда 15 жылға жуық уақыт бойы жүйелі түрде зерттеліп келеді. Әсіресе 2014 жылдан бастап археологиялық жұмыстар жаңа қарқын алып, ғылыми тұрғыдан кешенді сипатқа ие.
Экскурсия барысында көне қаланың тарихы туралы кеңінен баяндалып, археологиялық зерттеулердің нәтижелерімен таныстырылды. Жанкентті зерттеуге отандық ғалымдармен қатар халықаралық ғылыми орталықтар да белсенді қатысуда. Атап айтқанда, Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы университет, Қазақстандағы Археология институтының мамандары, Ресей Ғылым академиясының Этнология және антропология институты, сондай-ақ Германияның Тюбинген университетінің зерттеушілері бірлескен экспедициялар ұйымдастырып, маңызды ғылыми нәтижелерге қол жеткізген.
Археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған керамикалық бұйымдар, тұрмыстық заттар мен сәулет қалдықтары көне шаһардың дамыған өркениет ошағы болғанын көрсетеді. Ғалымдардың пайымдауынша, Жанкент тек саяси орталық қана емес, Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды сауда нүктелерінің бірі болған. Бұл деректер оның оғыз дәуіріндегі ірі стратегиялық қала болғанын тағы бір мәрте айқындай түседі.
Қалашық аумағын аралау барысында қатысушылар ежелгі қамал қабырғаларының орындарын, тұрғын үйлердің қалдықтарын көріп, өткен дәуірдің тынысын сезінгендей әсер алды. Әсіресе, кең байтақ дала төсіндегі бұл тарихи орынның тылсым тыныштығы мен ерекше энергетикасы көпшілікті бейжай қалдырмады.
Бүгінде Жанкент қалашығы – өңірдің туристік әлеуетін арттыратын маңызды нысандардың бірі. Мұнда инфрақұрылымды дамыту, туристерге қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта бұл мекен халықаралық туристік бағыттардың қатарына енуі әбден мүмкін.
Пресс-тур барысында БАҚ өкілдері тарихи ескерткіштерді сақтау, қорғау және оларды кеңінен насихаттау мәселелері төңірегінде пікір алмасып, мұндай шаралардың маңыздылығын атап өтті. Өйткені ұлттық мұраны дәріптеу – тек мәдениет саласының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Тағылымды шара – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір іспетті. Жанкент секілді маңызды орындарды таныту арқылы біз тек тарихымызды жаңғыртып қана қоймай, ұлттық болмысымызды нығайта түсеміз.
Мирамкүл ШАМШАЕВА
18 сәуір 2026 ж. 32 0

Бозкілемнің барысы

18 сәуір 2026 ж. 31

Көптен күткен игілік

18 сәуір 2026 ж. 32

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930